Көрменің ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Сайран Дүйсенов, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, Ыстанбұл университетінің Тарихқа дейінгі археология кафедрасының меңгерушісі Нежми Карул, Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Көрмеде Түркияның Оңтүстік-Шығыс Анадолы аймағына жасалған зерттеу сапары аясында жиналған бірқатар материал ұсынылды. Сондай-ақ суретшінің өткен мен бүгінгі арасындағы рухани байланысты бейнелейтін «Kokonja» сериясындағы туындылары қойылды.

Салтанатты рәсімде сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов тарих пен мәдениеттің сабақтастығын негізге алған халықаралық жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол суретші Дария Нұртазаның шығармашылығы бай тарихи-мәдени мұрамен тығыз байланыста екенін атап өтіп, шығармашылығына сәттілік тіледі.
Экспозиция аясында бір инсталляциялық киіз үй, төрт көркем панно, сондай-ақ көрменің мазмұнын тереңдете түсетін мультимедиалық материалдар – бейнежазбалар, фотосуреттер, өзге де заманауи визуалды форматтарға куә болдық. Жобаның концепциялық негізінде shaft («шурф») ұғымы жатыр. Бұл археологияда мәдени қабаттарды зерттеуге арналған арнайы термин.
Айта кетейік, жобаның жетекшілері – Мәдина Серғазина мен Бауыржан Сағиев. Халықаралық көрме екі айға жалғасады.