Байқау • Бүгін, 08:20

Актрисаның бірегей марапаты

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бейжіңде туған қазақ актрисасы Риза Әлімжанқызы Қытай телеөнер сала­сын­дағы ең беделді марапат «Flying Apsaras Awards» сыйлығын жеңіп алды. Ол «Minning Town» телехикая­сындағы рөлі үшін «Үздік актриса» атанды. Аталған драма 2021 жылдың қаңтар айында Қытайдағы бес ірі телеарнадан көрсетіліп, көрермен тарапынан жоғары бағаланды.

Актрисаның бірегей марапаты

Қазақ қызы түскен телехикаяда Ниңшия ­автономиялы өлкесінің Сихайгу өңіріндегі ауыл тұрғындарының күресі, тыныс-тіршілігі суреттелген. Риза аталған шығармада өз болашағы үшін барын салған, аянбай күрескен батыл қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сәтті сомдаған. Бейжіңдегі «Shougang Arena» кешенінде өткен марапаттау рәсімінде Риза Әлімжанқызы сөз алып, былай деді: «Мен бақытты жанмын әрі өзімді жолым болған актриса деп ойлаймын. Азын-аулақ еңбегімді бағалаған қазылар алқасына, көрермендерге алғысым шексіз. Алғысымды туған тілімде айтқым келеді», дей келе алып сахнада қазақ тілінде «сіздерге рахмет!» дегені жұртты тамсандырды.

Риза Әлімжанқызы – «Flying Apsaras Awards» сыйлығы тарихында «Үздік актриса» атағын алған тұңғыш қазақ. Телеөнер саласында керемет жетістіктерге жеткен ол 2002 жылы Бейжің киноакадемиясын тәмамдап, кәсіби актриса атанды. Осыған дейін «Бізге ғана мәлім мекен», «Хень Хуан Чуан ғибадатханасы», «Махаббатқа әмір жүрмейді» сияқты фильмдерде ойнаған.

2017 жылы Риза Әлімжанқызы XX Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Ұмтылыс» фильміндегі рөлі үшін «Көрермен ұнатқан актриса» аталымын иеленген. Ал 2019 жылы «Чаң Ән күні» телехикаясындағы рөлі үшін «Huading» байқауында «Үздік актриса» танылғаны бар. 

Соңғы жаңалықтар