Сол жеңімпаз шығарма, «Тергеуші» атты роман, 398 беттік кітап болып шыққаны кеше ғана. Шығарма қатардағы туынды емес, дүниеге келе сала қатарынан қара үзгені, іле кітап ретінде жарық көргені. Өзі автор әрі баспагер болғандықтан дизайны, қатталуы өте тамаша. Кітап қалың болса да, салмағы жеп-жеңіл. Мұқабасы қатты. Әзірге мың данамен нарыққа шығыпты. Ал авторға келсек, бұған дейін бір роман ұсынып, прозалық жинағы шығып үлгерген жазушы, баспагер. Кітап ісімен айналысып жүрген Арман Әлменбет руханият десе жанып тұрған қазақ. Бұрын кітап дүкендерінде бірен-саран ғана қылтиып тұратын қазақ кітаптары қазір «Меломан», «Марвин» дүкендерінде сықап тұрмаса да, бір бұрышын қампайтуға жетеғабыл. Атсалысқан осындай жігіттердің арқасы. Жазушы, сондай-ақ кейінгі жылдары шыққан «Сөзтүзер», «Комментатор сөздігі» кітаптары авторларының бірі. Өзі қаттап шығарған мына «Тергеуші» кітабын үш жыл жазғанын айтады.
«Алыстағы малды ауылдарда жасалатын ірілі-ұсақ қылмыстың қай-қайсысы болса да тіркелген жағдайда тергеушінің алдына келеді. Елеусіз адамдардың тағдырына тергеуші куә. Олар тап болған ауыртпалық пен кенелген қуаныш жұмысты жанын салып істейтін тергеушінің көз алдында. Әр іс өзінше майдан. Сол майданда тергеуші жеңе ме, қылмыскер жеңе ме?» делінген кітаптың қысқаша түсінігінде.