Мирас • Бүгін, 08:00

Тобылғының емдік қасиеті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Федоров ауданындағы Ыбырай мектебінің мұғалімі Айдын Диханбай қолдан қамшы, торсық, былғары белбеу жасайды. Қазір мектеп жанынан үйірме ашып, оқушыларды ұлттық қолөнерге баулып жүр.

Тобылғының емдік қасиеті

Шебердің қолынан шыққан дүние­­лерді жұрт аттай қалап алып кетіп жатады. Әсі­ресе қам­шыға тапсырыс беруші көп. Қолөнер шебері кәсібіне керек шикізатты жұрттан тері жинап, оны илеп, кейін қайыстан таспа тіліп өзі жасап алады.

«Ал тобылғыны күз кезін­де Торғай­дан, Алматы жақ­тан тау­дан алдырамыз. Бірақ Тор­ғай­дың тобылғысы мен тау­­дың то­былғысының айырма­шы­­лығы бар. Торғайға жаңбыр аз жауады, шөлейтті, ыстық бо­лып келеді. Тобылғы соған бейім­деледі де, шымыр болып өседі. Біріншіден, дала то­был­ғысының сыртқы қабығы еш­қашан түспейді. Май жағып, отпен қыздырсаңыз, қып-қы­зыл болып өз түсін береді. Екін­шіден, ылғалы аз шөлейтті жерде өскендіктен, өзегі иненің кө­зіндей ғана болады. Ал таудың то­былғысын қыздырсаңыз, қа­бығы түлейді де, астынан екінші қабық шығады. Ылғалы мол топырақта өскендіктен, өзегі де шеге сыйып кететіндей жуан болады», дейді қолөнер шебері.

п

Айдынның айтуынша, то­былғыны қыздырып, күйдірген кезде ерекше иіс шығады. Сол иістің адам денсаулығына да пайдасы бар болса керек. Сон­дықтан қазақтың күбіні тобыл­ғымен ыстап жататыны да бекер емес.

«Тобылғыны жағады да, түтініне күбіні төңкеріп қояды. Ал түтіннің ысын ұстап қалу үшін күбінің ішіне қаймақ жағады. Ыс сол қаймаққа сіңе­ді. Кесеге қымыз құйғанда бетінде бір қара май жүреді ғой, сол – осы тобылғының майы. Қазір оны көбі сүзіп алып тастап жатады. Оны алмау керек, керісінше дәмін шығарып, иін қандырып тұрып ішу керек. Өйткені тобылғының асқазанға пайдалы емдік қасиеті болады. Халықта «қымыз қырық ауруға ем» деген сөз бар. Сол қырық емнің бірі тобылғы арқылы тарайды. Тобылғымен ысталған күбіден қымыз ішкен адам ешқашан ішек ауруымен ауырмайды», дейді шебер.

п

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар