Фото: Ашық дереккөз
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия 2026 жылға арналған конкурс басталғанын хабарлады. Байқау Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы №993 Жарлығына сәйкес өткізіледі.
«Абай атындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге Қазақстан мәдениетінің дамуына ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ұжымдағы үміткерлердің саны 5 адамнан аспауы тиіс, ізденушілер ұжымына жұмысты орындау процесінде тек әкімшілік және ұйымдастыру функцияларын жүзеге асырған тұлғаларды қосуға жол берілмейді.
Жұмыс Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсыныла алады. Бір автор немесе авторлар ұжымы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа қатарынан екі рет ұсыныла алмайды», делінген хабарламада.
Мемлекеттік сыйлыққа іріктеуден өткен жұмыстардың тізімі жарияланды
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік сыйлық алған еңбектер конкурсқа жіберілмейді. Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа осы сыйлықтың лауреатына жаңа жетістігі үшін қайтадан берілуі мүмкін, бірақ көрсетілген сыйлық алдыңғы берілгенінен кейін бес жылдан ерте болмайды.
Құжаттар мен шығармашылық материалдарды қабылдау мерзімі – 2026 жылғы 1 наурызға дейін.
Үміткерлерді мемлекеттік органдардың алқалары, шығармашылық одақтар мен шығармашылық ұжымдар ұсына алады. Байқауға ұсынылған авторлар мен еңбектер тізімі ашық талқылау мақсатында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Ал 2026 жылғы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық иегерлері туралы шешім ресми түрде баспасөз беттерінде хабарланады.
Мәдениетке еңбек сіңіргендер: 2025 жылғы мемлекеттік стипендия иегерлерінің тізімі жарияланды
Ұсынылған еңбектерді тіркеу үшін мына құжаттар қажет:
- Мемлекеттік органның немесе шығармашылық одақтың ұсынысы.
- Жиналыс хаттамасы.
- Шығармашылық мінездеме.
- Үміткердің жеке іс қағазы.
- 2 дана суреті (3*4).
- Ұсынылған еңбектің 50 данасы.
- Тұлғаны растайтын құжаттың көшірмесі (жеке куәлік немесе төлқұжат).
- Шығарманың авторы және шығарма жөнінде қысқаша нақты мәлімет (мемлекеттік және ресми (орыс) тілдерінде).
- Сәулет өнері туындылары бойынша ғимараттардың, кешендердің өндіріске енгізілуін және авторлық құқықты растайтын құжаттар қоса тіркелуі тиіс.
Құжаттар мен шығармашылық еңбектер Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8-үй, «Министрліктер үйі» ғимаратында орналасқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде қабылданады.