Өнер • Кеше

Актерлікке бастаған сәт

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде адамның тағдырын бір ғана сәт шешеді. Бір қимыл, бір ишара, бір сәттік батылдық. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәкіл Құланбаевтың өмірінде сондай шешуші мезет – «ұшып жүрген шыбынды ұстау» сәті еді. Сол бір көзге көрінбес қимыл қазақ театр өнеріне өлмейтін өмір, өшпейтін есім сыйлады.

Актерлікке бастаған сәт

Иә, қазақ театры мен кино өнерінің тарихында аты алтын әріппен жазылған тұлғалар бар. Солардың бірі – актерлік тағдырын тұтас бір дәуірмен сабақтастырған, сахна мен экранда адам жанының терең иірімін сөйлеткен Мәкіл Құланбаев. Актер 1926 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әкесі – темір ұстасы. Отбасындағы үміт – бала Мәкіл дәрігер болса деген тілекпен астасқан. Бірақ соғыс жылдарының ауыр тынысы, ауыл тіршілігінің қаталдығы мен ішкі сезімталдық жас Мәкілді басқа арнаға бұрып әкетті. Оның аты – өнер.

Болашақ актер әйгілі әртіс Елубай Өмірзақовты өзіне рухани ұстаз санады. Бала кезінде «Райхан» фильмінің түсірілімін көріп, өнер иесінің ойынына тәнті болған ол кейін сахнада бірге жүріп, актерлік болмыстың терең сырын ұғынды. «Әртіс адам мінезін зерттей білуі керек» деген Елубай Өмірзақовтың өсиеті оның шығармашылық ұстанымына айналды. Соның әсері болса керек, Мәкіл Құлан­баевтың сахнадағы образ­дары әрдайым мінезге бай, пси­хологиялық тереңдігімен ерекшеленді. «Ақан сері – Ақ­тоқтыдағы» – Қоңқай, «Алуа­дағы» – Назарбек, «Мөлдір ма­хаббаттағы» – Әбутәліп болыс, «Махамбеттің жебесіндегі» – Махамбет, «Әл-Фарабидегі» ұлы ойшыл сынды биік бейнелер – суреткерлік кемелдіктің кө­рінісі еді.

Ал актердің кино өнеріндегі ең жарқын рөлі – «Менің атым – Қожа» фильміндегі Қаратай бейнесі. Кино оны халыққа жақындатты. Қаратай – қатал күлкісі бар, қабағының астында мұң жатқан адам. Ол – өмірден алынған бейне. Көрермен оны жек көрмеді. Себебі, таныды. Бұл – актердің жеңісі еді. Осы рөл арқылы Мәкіл Құланбаев бүкілодақтық деңгейде танылды. Қаратайдың ішкі юморы, ұлттық болмысы, адамдық мінезі көрермен жадында сақталып қалды. Сонымен қатар «Балалық шаққа саяхат», «Алпамыс мектепке барады», «Алтын күз» се­кілді фильмдерде де есте қалар­лық образдар жасады.

Ал дауыс… Дауыс – оның екінші сахнасына айналды. Актер «Қазақфильммен» қатар «Ленфильм», «Мосфильм» студияларында жұмыс істеп, дуб­ляж саласында да мол еңбек етті. Радиодан естілген Ерден атаның мейірімді үні, Жұмбақбай атаның жұмсақ мысқылы талай баланың есінде қалды. Көрінбей тұрып, көрініп сөйлей білу – сирек талант.

Міне, қазақ өнеріне осыншама табыс әкелген дарынды актердің өнердегі тағдырын бір-ақ сәт, сәт болғанда да тарыдай шыбын, дұрысы шыбынға деген сенім шешкенін білесіз бе?

Алматыдағы мектеп-интер­наттың тар дәліздері сол күні өзгеше тыныстап тұрғандай еді. Кәдімгі сабақ, кәдімгі күн. Бірақ сол мезеттің ішінде жасырын тұрған тағдыр барын бала Мәкіл қайдан білсін! Театр студиясына іріктеу жүргізіп жүрген Ольга Пыжова мен Борис Бибиков оның жүзінен өзгелер байқамаған бір ұшқынды көрді. Әккі ұстаздар айғайы жоқ, артық қимылы жоқ баланың ішінде тынымсыз қозғалған әлдебір әлем барын жазбай таныды. Сөйтіп, сынап көруге бекінді. Тапсырма қарапайым – көзге көрінбейтін шыбынды ұстау. Бұл – қимылдың емес, қиялдың сынағы еді. Мәкіл орыс тілін жете түсінбесе де, тапсырманың жанын ұқты. Ол бос ауаны қармаған жоқ, сол сәтте көзге көрінбейтін тіршіліктің бар екеніне әуелі өзі сенді. Қол қимылы, көз жанары, тынысы – бәрі бір сәтке шындыққа айналды. Сахна заңын әлі білмеген бала сонда актер болудың ең басты шартын – өтірік айтпау мен сенуді сол мезетте-ақ бойына сіңіріп үлгерді.

Осы бір көзге ілінбес этюдтен кейін оның жолы театр училищесіне бұрылды. Бұл – жай ғана оқу орны емес, болашақ тағдырдың табалдырығы еді. Ольга Пыжова оған өнердің әліппесін үйретсе, Асқар Тоқ­панов сахнаның қатал да әділ заңымен таныстырды. Ол Мә­кілге сахнаның ойыншық емес, адам жанын таразылайтын әдемі әлем екенін ұқтырды.

Сол кезден бастап Мәкіл үшін сахна жай ғана қақиған еден мен қозғалмалы шымылдық емес, қасиетті кеңістікке айналды. Әр қадамы, әр сөзі, әр тынысы есеппен емес, ар-ұятпен өлшенетін орта болды. Мәкіл актерлікті мамандық деп емес, тағдырдың өзі деп қабылдады. Өйткені ол бұл жолды таңдаған жоқ – өнер Мәкілді таңдаған болатын.

Саналы ғұмырын сахна мен киноға арнаған актердің өнердегі адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Атақ алды, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты атанды. Бірақ оның ең үлкен марапаты – көрерменнің есінде қалуы еді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәкіл Құланбаев 1993 жылы өмірден өтті. Ал сахнада қалдырған ізі, сомдаған рөлдері мен өнерге деген адалдығы – уақыттан озған мұра. Бір кезде ұшқан шыбынды ұшқыр қиялымен ұстай білген бала кейін тұтас бір дәуірдің рухын сахнада сөйлетті. Өлмес өнердің құдіреті де, міне, осында жатқан еді.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 10:00

Рухани тәрбие мектебі

Аймақтар • Бүгін, 09:55

«Ауыл аманатының» шапағаты

Қоғам • Бүгін, 09:50

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

Таным • Бүгін, 09:45