Өнер • 16 Қаңтар, 2026

Сөз көп, өнер аз

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Еңбек адамы», «жұмысшы маман» дегенде, хакім Абайдың «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген сөзі ойыма оралады.

Сөз көп, өнер аз

Бала кезімде шай ішіп отырып, «осы кесенің жасалу технологиясы қалай болады екен?» деп ойлайтын едім. Өйткені біз ондай өндіріс көрген жоқпыз. Кеңестен қалған зауыт, фабрика тоқтап, тамтығы тоналып біткен кезбен тұспа-тұс келді, бауырымызды көтерген шағымыз. Бір күні шыдамай шешемнен сұрадым: «шеше, мына кесе неден жасалады?» деп. Шешем «саз балшықтан жасалады», деді. Одан арғысын өзі де білмейді-ау...

Бала күні толыспаған сол олқылық түбі оны іздетпей тұрмайды. Рилстердің бірінде қытайлардың саз балшықтан ыдыс-аяқ жасаудың көне заманнан жалғасқан дәстүрін көрсетті. Көне ішекті аспаптың сиқырдай арбаған Шығыстың сарыны баурайды. Қытай мәдениеті. Бәрі тартымды. Қызығасың. Бұдан соң жібек құртын өсіруден, жібекті қалай игеретіні, оны қалай матаға айналдырып, одан тігілетін киімге дейінгі аралықты көрсетеді. Қарапайым еңбек. Осы секілді Қытайдың күллі қолөнері көрініс береді.

Британдық суретші-дизайнер, «Arts & Crafts» қозғалысының жетекшісі Уильям Моррис: «Халықтың шынайы мәдениеті – оның қолөнерінен көрінеді», депті...

Ақылды смартфон менің сондай рилстерді жиі көретінімді ұққан соң, алгоритмге сай басқа елдердің де әр бұйымның жасалу технологиясын таныстырады. Темірді қамырша илеген парсылар. Тағысын тағылар. Осылардың бәріне ортақ бір нәрсе – олар сөйлемейді. Жасалу жолын айтпайды, көрсетеді.

Ал олардың орнында біз болсақ қайтер едік? Біз көрсетпейміз, көбіне-көп айтар
едік...

Рас, ұлттық қолөнеріміз бар. Заманында неше түрлі кәсіпті игергенбіз. Қару-жарақ өндірісінде де ең мықтының бірі болғанбыз. Ең бергісі, бабаларымыз киіз үйді өздері жасады, ішкі жиһазын да. Ал көбіміздің көргеніміз қазақтың өз қолынан шыққаны – ағаштан ойып жасаған саптыаяқ, зерен, астау және аспаптар. Астауларымыз жақсы. Ою-өрнегі бар. Бірақ ол неге экспортқа шықпаған? Мысалы, Қытайдың көзелері күллі әлемді кезіп жүр. Өзбек ағайындардың ала табағын әлемнің әр шетінен көруге болады. Өйткені қазір өзбек асханасы Орталық Азияға кең тарап үлгерді. Айтпақшы, бұлар да көп сөйлемейді. Тырбаң-тырбаң тірліктерін жасап, ұлттық бұйымдарын өрнектеп жатқаны.

Біз астау жасауда бұрынғыдай алақанымыз ойылғанша қашап отырмаймыз, оның технологиясы жетілді. Станок дыз-дыз дегізеді. Бірақ ол бізге ғана керек. Орыстарға біздің астау, немістерге саптыаяғымыз тұрмысы түгіл, экзотика ретінде қызық емес. Демек, бізде айту алға шыққан да,  айтқанды кәдеге жарату жағы кемшін қалған. Кеңестік жетпіс жылғы отарлық езгі ұлттық өнеркәсіпті, өнертабысты меңгеруге деген  жігерімізді жасытып жіберген. Яғни жаңа нәрсені ойлап табу түгілі, бар дүниемізді дамыта алмай отырған жайымыз бар. Есесіне, сөйлеу жағынан озып тұрмыз...

P.S. Көріп отырғаныңыздай, дәл қазір мына мен де ештеңе істеп отырған жоқпын, жазып отырмын. Расында бірдеңе істеу керек еді... 

Соңғы жаңалықтар