Қоғам • Бүгін, 08:20

«Deepfake» – дінбұзар технология

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір жасанды интеллект көме­гімен жасалған фейк ақпа­­рат кеңінен таралады. Әрине, ЖИ оны өзінен өзі жасап шығармайды, нейроже­лінің бұл мүмкіндігін алаяқтар ұтымды пайдаланып отыр. Саясаткерлер, қоғам қайрат­кер­лері, жалпы танымал тұл­ға­лардың «егіздерін» жасап, дауысын келтіріп, атынан жалған ақпарат таратып, қоғам санасына сіңіріп жатыр. Ең сорақысы, бақиға озған адамдардың да бейнесін жасап, желіге таратқан соң, Қа­зақ­стан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бірден ресми мәлімдеме жасады.

«Deepfake» – дінбұзар технология

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кісі қолынан қаза тапқан тал­ды­қорғандық Айзат Жұманова, өз үйінде өлі де­нелері табылған атыраулық ер­лі-зайыптылардың ЖИ арқылы жасал­ған видео-үндеуі мыңдаған қаралым жинап, әлеуметтік желі арқылы көп­шілікке тарап кетті. Мұндай нұсқа­дағы видео марқұмдар туыстарына үндеу жасап немесе өз жаназасына шақырған сипатта әзірленген. ҚМДБ өз мәлімдемесінде Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайты­нын айтады. Алайда бұл адамзат игілігі­не, әділеттілікке, адамгершілікке негіз­де­ліп, шариғаттың аясында жүзеге асуға тиіс. Кез келген технология игі мақсат­та қолданылса, рұқсат, ал жа­ман­дық­қа, зиянды мақсатта қолданылса, ты­йым салынады, яғни дипфейк жасауға жол жоқ.

Осы орайда дипфейк дегеніміз (ағылшын тілінен deep learning – «терең оқыту», fake – «жалған») жасанды интеллектіні қолдану арқылы жалған бейнежазбалар жасау технологиясы екенін айта кеткеніміз жөн.

«Deepfake» технологиясы ар­қылы адамның шын мәнінде айт­паған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей ету, жалған ақпарат тарату, шариғат бойынша қатаң тыйым салынады. Мұндай жалған ақпарат тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, сал­дары елдің ынтымақ-бірлігіне сы­зат түсіріп, қоғамға залалын ти­гі­зе­ді», делінген ҚМДБ ресми мәлімдемесінде.

«Deepfake» әдетте өзгеге зиян кел­тіру мақсатында пайдаланылады. Сондай-ақ мұндай контент адам­­дарды қорқытып, өміріне қауіп төн­діруі мүмкін. Ал ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең маңызды мақсатының бірі ретінде қарас­тырады. Тіпті қалжыңдап қорқытуға да қатаң тыйым салынған.

Марқұмдардың бейнесін жандандыру мақсатында қолданылатын дипностальгия (Deep Nostalgia – «терең сағыныш») техноло­гиясы бар. Олар нейрожелілік алгоритмдер негізінде статикалық пор­треттерді анимациялау арқылы жасалады. Мүфтият осы мәселеге қатысты да түсініктеме берді. ҚМДБ ғалымдардың көзқарасына сүйене отырып, аталған технология марқұмдарды қорлап, құрметсіздік көрсетсе, оны қолдануға болмайтынын айтады. Өйткені марқұмның артынан орынсыз сөйлеу, оның бейнесін анимациялап өзгерту құрметсіздік саналады. Сондай-ақ технология ар­қылы марқұмның күліп немесе қаба­ғын түйіп тұрған бейнесін көрсету ғайып­ты болжауға саяды. Бұған қоса мар­құмның бейнесін өзгерту этикалық әрі діни тұрғыдан дұрыс емес.

Дипностальгия технологиясын егер бейне марқұмды кемсіту, мазақ ету немесе қорлау мақсатын көздемесе, қолдануға болады. Біреуге зиян келтірмей жасалған бейне туыстарының қайғысын арттырмауы керек. Бейне туыстарының рұқсатымен жасалуы қажет. Жалпы, қайтыс болған­дардың фотосуретін пайдаланбас бұрын туыстарынан рұқсат алған жөн.

«Алдамшылық болмауға тиіс. Мұндай бейнелерді ресми құжат­тарда немесе шын видео ретінде қоғамға таратуға қатаң тыйым салына­ды. Психологтердің айтуынша, дипностальгия технологиясы бастапқыда жұбаныш сезімін берсе де, уақыт өте келе эмоционалдық және психо­логиялық күйзеліс туғы­зуы мүмкін. Бұл адамды депрес­сияға, ұйқының бұзылуына, пси­хологиялық тәуелділік, қоғамнан оқшаулану секілді кері әсерлерге алып келуі ықтимал», деп мәлімдеді мүфтият.

Елімізде дипфейк жасағандарды жазалауға қатысты жеке заңнама жоқ, мұндай әрекеттер көбіне ҚК 190-бабы (алаяқтық, айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру), ҚК 274-бабы (жалған ақпарат тарату: 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3 жылға дейін бостандығын шектеу), ҚК 147-бабы (жеке өмірге қол сұғу) бойынша жауапкершілікке тартылады.

Осы орайда Сенат төрағасы Мәу­лен Әшімбаев дипфейк жасайтындарды жауапкершілікке тарту мәселесі пысықтауды қажет ететінін айтты.

«Әлеуметтік желілерде дипфейк­тердің көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Белгісіз адамдар түрлі жалған мәлімдемелер жасап, шындыққа жа­наспайтын ақпарат таратып жатыр. Арасында қандай да бір қорға ақша аударуға шақырады. Бұл – ал­ғашқы дабыл белгілері. Алда­ғы уақытта жасанды интеллект техно­ло­гиялары дами түскен сайын мұн­дай жағдайлар өте үлкен мәселеге айна­луы мүмкін. Сондықтан да қазір құқық қорғау органдарымен бірле­се отырып, жауапкершілік мәселе­сін пысықтауымыз қажет», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы мұндай контентті жасанды интеллект емес, адамдар жасайтынын айтып, сақтық шараларын күшейту қажет екенін ескерткен еді.

«Осындай жалған ақпарат пен алая­қ­тық әрекеттердің артын­да адам­дар тұр. Сондықтан оларды алаяқ­тық, бопсалау немесе заң­сыз ақша жинау баптары бойын­ша жауапқа тарту керек. Әри­не, бұл оңай мәселе емес. Бірақ егер болашақта қоғамда тәртіп орна­ғанын, бәрі заңға сай болғанын қаласақ, онда осындай әрекеттер үшін нақты жауапкершілікті де қарас­тыруымыз қажет», деді Сенат төрағасы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілер­дегі парақшаға оқырман тарту мақса­тында ақылы негізде жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттерге де назар аударды. Өйткені жалған ақпа­рат арқылы аудитория санын арттыру­ды көздейтіндер көп. ҚМДБ түсін­дірмесіне сәйкес, фолловер (follower) – әлеуметтік желідегі пайдаланушы, ол белгілі бір парақшаны қада­ғалап, онда жарияланатын пост­тар, фото және видеоларды бақылайды.

«Қазіргі уақытта көптеген адам­ мен компания өз парақ­шаларын насихаттау мақса­тында әртүрлі қыз­меттерге жүгінеді. Бұл қызметтер фолловерлер, лайктар, комментарийлер мен басқа көрсет­кіштер­дің санын арттыруды көздейді. Па­рақшаның фолловерлер санын көбейтуге оның иелері арнайы қызметтермен келісімшартқа отырып, оларға белгілі бір соманы төлейді», делінген мүфтият хабарламасында.

ҚМДБ әлеуметтік желідегі фолловерлер санын көбейту нағыз (шынайы) жазылушылар арқылы жүзеге асатынын айтады. Қызмет нақты аккаунтты, парақшаны немесе постты насихаттап, ақпаратты пайдаланушылар арасында таратады, осылайша кең аудиторияны қамтып, лайк жинау мүмкіндігін арттырады. Мүфтияттың ақпаратына сәйкес, бұл жағдайда қызмет ақысы басқа адамға көрсеткен еңбегіне төле­нетін төлемге ұқсас. Дінде басқа адам­ның еңбегіне ақы төлеуге рұқсат беріледі.

Сондай-ақ оқырман санын артты­руға жалған аккаунттар (бот) пайдаланылады. Бұл – нақты адамдардың тіркеліп, лайк басуы емес, қолдан жасалған шындыққа жанаспайтын әрекет. Шариғатта бұған ты­йым салынады. Себебі ол іс-әрекет алдамшылық әрі оған төлемақы алу кісі ақысын жеу болып саналады.

«Егер тапсырыс беруші фолловерлер санын жасанды әрекеттер арқылы арттыруды білсе оған өзі тапсырыс берсе, күнәның ауырлығы артады. Бұл әрекеттер «жалғандаушы, бұрмалайтын, өтірікші» әрекеттерге теңестіріледі, және шариғатқа қарсы. Мұсылман адал болуға және адал еңбекпен табыс табуға міндетті», деп атап өтті ҚМДБ.

Жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда оны елдің дамуына емес, теріс мақсатқа пайдалану опа бермейтіні белгілі. Әсіресе бақиға озғандардың рухын мазалап, марқұмдар бейнесін күнделікті өмірімізде жеке мүддеге қолдану нағыз имансыздық дер едік. 

Соңғы жаңалықтар