Үкімет • Бүгін, 08:00

Токио конвенциясы мақұлданды

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің жоғары оқу орындары берген дипломдар алдағы уақытта Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінде танылмақ. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында ЮНЕСКО шеңберінде әзірленген жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Токио конвенциясы ратификацияланды.

Токио конвенциясы мақұлданды

ЖОО-ның мүмкіндігі кеңейеді

Енді Қытай, Жапония, Корея, Аустралия, Жаңа Зеландия, Моңғолия, сондай-ақ аймақтағы басқа елдер Қазақстанның дип­­­лом­­дарын мойындайды. «Жоға­ры білім беру саласындағы білікті­лікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заңды талқылаған депутаттар бұл құжат еліміздің халықаралық арена­дағы ұстанымын одан әрі ны­ғай­тып, студенттер мен маман­дар­­дың ұтқырлығын арттыруға, елі­міз бен Орталық Азияның білім беру жүйелерінің интеграциясын тереңдетуге ықпал ететінін айтты.

– Қаралған құжат тараптар арасында жоғары білім беру сала­сындағы ынтымақтастықты дамы­туды көздейді. Атап айтқанда, конвенцияның ереже­лері оған қол қойған елдер арасында білік­тіліктің ашық, уақытылы баға­ла­нуын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Заң оған мүше мемлекеттер арасында серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Токио конвенциясына Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Қасиетті Тақ, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей мен Түркия кіреді.

Сенатор Әсем Рахметованың мәлімдеуінше, аталған заң ереже­лері конвенцияға қатысушы елдер­дің жоғары білімге қатыс­­ты біліктіліктерді тану жөнін­дегі ұлт­тық ақпараттық орталық­тары­ның аймақтық желісіне (APNNIC) кіруге мүмкіндік береді. Аталған портал студенттер мен оқытушылардың физикалық немесе виртуалды ұтқырлығын ілгерілету үшін біліктіліктерді тану туралы ақпарат ұсынады.

– Бұл ортақ желі арқылы шетелдік дипломдардың түпнұсқалығын растау, жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды тану рәсімі үшін қажетті мәліметтерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел ақпарат алмасуға жағдай жаса­лынған. Конвенцияға қосылу азамат­тары­мыздың дипломдары мен бі­лік­тіліктерін Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде танытуға, сту­денттер мен оқытушылар­дың академиялық мобильдік мүмкін­діктерін жеңілдетуге, ұлттық білім жүйесінің тартымдылығын арттыруға, азаматтардың шетелде кәсібі бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді, – деді Ә.Рахметова.

Депутаттың айтуынша, заң­ның теріс саяси, құқықтық, қар­жы-эко­номикалық, өзге де салдар­лары жоқ. Сондай-ақ пала­та оты­рысында Сенаттың бір­қатар депутаты «Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау туралы» Қазақ­стан Республикасының Консти­ту­циялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы бойынша Парла­мент палаталарының бірлес­кен ко­миссиясының құрам­ына сай­ланды. Нақты айтқанда, ко­мис­сия құрамына Сенаттан Конс­титуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев, Конс­титуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері Нау­рызбай Байқадамов пен Мұрат Қадырбек сайланды. Сон­дай-ақ Нұрлан Бекназаров қосым­ша баяндамашы болып белгіленді. 

Ауыл әкімдерінің жүктемесі көп

Отырыста сенатор Бекбол Орынбасаров ауылдық округтер бюджеттерінің жай-күйі мен проблемалары туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, ауылдық округтердің бюджеттері әлі де жоғары тұрған бюджеттен берілетін трансферттерге тәуелді болып отыр. Осылайша, ауылдардың дамуына қаржы жетіспейді. Сондай-ақ сенатор қазір ауыл әкімдері 19 функция­ны атқарып отырғанын айтты. Міндеттемелер берілген, алайда нақты қаржы ресурстарымен бекітілмеген.

– Ауылдық округ әкімдері қызметіне толық функционалдық талдау  жүргізуді жеделдетуді, бюджеттің төртінші деңгейінің кірістерін реттеу бөлігінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қолдануға кешенді мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді ұсы­намыз. Экологиялық төлем­дер мен табиғи ресурс алым­дарының бір бөлігін жергілікті жерлерге аудару қажет. Сондай-ақ аз қоныстанған, келешегі жоқ елді мекендерді халықтың құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, оларды көршілес әкімшілікпен біріктіру керек, – деді сенатор.

Ал Евгений Больгерт арбитраж саласындағы жүйелі мәсе­лелер мен азаматтардың құқық­тарының бұзылып жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, арбитраж институты дауларды баламалы шешудің және соттарға түсетін жүктемені азайтудың тиімді құралы ретінде құрылған, алайда іс жүзінде бұл механизм азаматтар мен адал бизнестің мүдделеріне нұқсан келтіріп жатыр.

Сенатор келтірген мәлімет­терге сәйкес, 2023–2025 жылдар­дың өзінде соттарға арбитраж шешімдерінің күшін жою ту­ралы 2 800-ден аса өтінішхат түс­кен. Құқық қолдану тәжірибесіне жасалған талдау осы саладағы теріс пайдалану фактілерінің тым көп екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар 2024 жылы несие бойынша дауларды арбитражда қарауға тыйым салын­ғанына қарамастан, сенатор азаматтардың басқа салаларда, соның ішінде риэлторлық қыз­меттер мен үлестік құрылыс сала­сында әлі де орын алып жат­қанын айтады. Осы орайда депутат арбитрлерге қосымша біліктілік талаптарын енгізуді, тараптарға мемлекеттік сотқа жүгіну құқығын бере отырып, арбитрлерге қарсылық білдіру институтын күшейтуді ұсынды. 

Ветеринарияны ғылыми тұрғыдан дамыту қажет

Депутат Арман Өтеғұлов Алматыдағы ветеринария ғылыми-зерттеу институтында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын тоқтатуға шақырды. Ол институтты «QazBioPharm» холдингінің құрылымынан шығарып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей қарауына беруді ұсынды. Депутаттың айтуынша, Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты біртұтас ғылыми-өндірістік кешен ретінде сақталуы қажет.

Сондай-ақ Ғалиасқар Сары­баев мемлекеттік ветери­нар­лық функциялар нарыққа бе­ріл­меуге тиіс деп мәлімдеді. Депу­тат заңнама деңгейіндегі құқықтық қайшылықтарды жо­йып, жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу, диагнос­тикасы мен бірдейлендірілуіне қатысты функцияларды жеке секторға беруге болмайтын мемлекеттің айрықша құзыреті ретінде қайта бекітуді талап етті.

Сенатор Геннадий Шипов­ских тыйым салынған тауарлар, медициналық қызметтер мен инвес­тициялық жобалармен қатар күмәнді жарнамаларды наси­хаттайтын блогерлер мен инф­люенсерлерді сынға алды. Аз­а­маттардың әлеумет­тік, қар­жылық қауіпсіздігі­не қауіп төн­дірмей, балалардың құқық­тарын қорғау үшін депутат күмән­ді контент авторлары­ның жауап­кершілігін заңнама­лық тұрғыдан қатаңдату қажет екенін айтты.

Жанна Асанова алкоголь, есірткі мен токсикомания салдарынан мас күйде болғандарды жеке зертханаларда медициналық куәландыру жүргізуге рұқсат беруді сұрады. Оның айтуынша, мұндай зертханалардың кең инфрақұрылымы мен заманауи технологиялары бар. Депутат қазіргі кезде куәландыру ісі инфрақұрылымы шектеулі, қажеттілікке сәйкес келмейтін мемлекеттік медициналық ұйымдарда жүргізілетінін алға тартты. Сенатор 2 млн-нан аса халқы бар Алматы қаласын мысал­ға келтірді. Мемлекеттік екі зерт­хана ғана жұмыс істей­тін қалада мас күйінде ұста­лған азаматтарды полиция қыз­мет­керлері медициналық куәлан­дыру үшін сол жерге жеткізуге міндетті. Ж.Асанованың айтуын­ша, қолданыстағы жүйе сыбайлас жемқорлыққа жол береді, сал­дары­нан нәтижелердің шынайы­лығына деген сенімді төмендетеді.

Аудандық баспасөз архивін сақтауымыз керек

Сенатор Бибігүл Жексенбай барлық облыстағы аудандық газеттердің архивтерін түгендеп, ондағы баспасөз архивтерін сақтап, цифрландыру қажет екенін айтты. Депутат Үкіметке мемлекеттік архивтерге беру жөніндегі бірыңғай ұлттық стандарт әзірлеуді ұсынды. Депутат келтірген дерекке сәйкес, елдегі 200-ден аса аудандық және қалалық газеттің көбі жүз жылдан аса уақыт бойы шығып келеді. Бұл басылымдар аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын жазды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ресми шешімдерін жариялады, елді мекендердің күнделікті өмірін көрсетті. Дегенмен кейін­гі жылдары аудандық баспа­сөз мұрағаттары жүйелі проб­лемаларға тап болды. Редак­циялар жабылған немесе қайта құрыл­ған кезде мұрағаттар жоға­лып немесе мүлдем жойылады. Елі­міздегі 1930–2000 жылдарда шық­қан аудандық газеттердің бірың­ғай цифрлық тізілімі мен толық­қанды электрондық қоры да жоқ.

– Барлық облыс бойынша аудандық және қалалық газеттер архивтеріне толық инвентаризация жүргізіп архивтердің нақты саны, сақталу жағдайы, цифр­лық форматтағы көлемі туралы ресми есеп ұсыну қажет. АҚШ пен Ұлыбританияның үлгісінде еліміздің Біртұтас цифрлық аудандық баспасөз архивін құру жөнінде қанатқақты жобаны іске қосу керек, – деді сенатор. 

Соңғы жаңалықтар