Ең қысқа әңгіме • Кеше

Анттан аттамаған

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Терезеге телміре қа­рап тұрып, қоп-қою кофесін ұрттады. Күрделі операциядан шыққан Олжастың ойы сан сақта. Жаңа ғана жанын аман алып қалған науқас осыдан жиырма жыл бұрын ба екен, бала Олжасты тау қуысындағы қыстақта тас­тап кеткені бар.

Анттан аттамаған

Сол өкпе, сол реніш әлі күнге дейін тарқай қоймаса да, тіс қаққан хирург Гиппократтың антынан айнымады. Жо-жоқ, операция үстінде пендешілік ой жылт еткен. Туған-туыстарына «қолдан келгенін істедім, өкінішті...» дей салуына да болар еді. Алайда ақ халатына дақ түсіргісі келмей, тоқтаған жүректі қайта лүпілдетті. Кеше ғана аюдай ақырып жүрген Бұрқаттың құр сүлдесін сүйретіп, ауруханаға жеткізгенде, Олжас аман алып қалуы үшін барын салған-ды.

1995 жыл ғой деймін. Бе­сінші сыныпта оқып жүрген Олжас қысқы каникулда қояр да қоймай атасына еріп, Бөрітөбенің арғы бетіндегі қыстаққа бет алған. Қайтарда келімді-кетімді көлік табылып қалар деген үмітпен атасы да көп ойланбай торы қасқа биесіне мінгестіре салған. Түліктің алды төлдей бастаған уақыт. Төрт-бес күн қолғабыс етсе де көп-көрім көмек.

Тау іші ықтасын болған соң ба, етектегідей үскірік аяз жоқ. Олжас атасы екеуі күнделікті жамыраған түлікке шөп салады, суатқа түсіреді. Кейде анау иықтан сырғанақ тебеді. Қызықты күндері зулап өтіп жатты. Сабақ уақыты таяғанда ғой, есіктің алдына УАЗ кө­лігі гүр етіп келіп тоқтаған. Ауылдағы көрші Бұрқат екен. Әдетінше паңдана түсіп, жан-жағына таңдана қараған. Ақсақалмен айырбас сауда жасасты. Жүк салғышына екі-үш қап жем тиеді. Дәм ауыз ти дегенге қарамастан, көлігіне қайта жайғасқан. Киім-кешегін жинап алып шыққан Олжас:

– Мені ала кетіңізші, – деп жармаса бергені сол еді.

– Қалай келдің, солай қайт, – деп зекіп тастады Бұрқат.

Ешкімнің алдында бас ие бермейтін атасы құлыншағын құшағына қысыңқырай, өзім апарып тастаймын деп жұ­батқан. Әттең, Бұрқат сол жолы баланы ала кеткенде ғой...

Кешкісін Олжас атасына мінгесіп ауылға түсті. Жеткенше екі ұрты бүлк-бүлк етіп, апасы салып берген құртты кемірді. Атасы осы өңірдің ой-қырын мекендейтін аң-құстар туралы әңгімесін айтып, сағат жарым жүретін соқпақпен әп-сәтте жетті. Жиен немересін жеткізе сала, айдың жарығы адастырмайды деп, кері қайтқан. Ал­тайдың қойын-қонышынан адаспағанымен, аттың тізесінен-ақ келетін қанды су қалт бас­қанды кешірмейді екен. Жиегіндегі мұзға тағалы аттың өзі жамбастай құлаған. Қалт-құлт еткен ақсақал жалп етіп суға түсті. Өзеннің қысылып аққан тұсы болса керек, көк ағын қаңбақтай шалды көк мұздың астына апарып тыққан...

Сол өкініш, сол ой Олжас­тың жанын жегідей жеп, есейгенше ұмытпаған...

Соңғы жаңалықтар