Басылым • Бүгін, 09:08

Түркияда шыққан еңбек

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Анкара университеті әлеуметтік ғылымдар институтының док­торанты Наргиз Бекеннің «Қазақ­стан медиа­сын­дағы әйел болмысы» монографиясы түрік тілінде жарық көрді.

Түркияда шыққан еңбек

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Шетелдегі түріктер мен оларға байланыс­ты қауымдастықтың «Türkiye Bursları» шәкіртақысының екі мәрте жеңімпазы Н.Бекен еңбегінде еліміздегі әйел журналистердің кәсіби жолы, әлеуметтік гендерлік рөлі сипатталған. Сондай-ақ медиа саласындағы гендерлік өкілдікке ықпал ететін факторларға ерекше назар аударылған. Еліміздің әр өңірінде қызмет атқаратын 10 әйел журналиспен сұхбат топтастырылған. Олардың қызметтік өсуі, жұмысқа қабылдау кезіндегі кедергілер, басқарушы лауазымдарға қол жеткізу, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік, сондай-ақ әйел журналистер арасындағы ынтымақтастық мәселелері де жан-жақты талданған.

«Үш жасымда әкем өндірістік апаттан ауыр жарақат алды. Мүгедектік арбаға таңылды. Ал үйіміздің бүкіл ауыртпалығын анам көтерді. Жалғыз әйелдің жастығын, арманын бір шетке ысырып, үш адамның өмірін бір арнада ұстап тұруы мені қатты ойландыратын. Әйел еңбегі мен үшін дәл осы көріністен басталды. Қиын сәтке тап болғанда, анам жиырма бес жаста еді. Мен болсам дәл жиырма бес жасымда осы кітапты жарыққа шығардым», дейді кітап авторы жан сырын ақтарып.

Өзінің айтуынша, кітабын парыз ретінде жазған Н.Бекен анасының және сол сияқты тағдырлас әйелдердің еңбегіне, сабырына, жігеріне деген құрметті биіктету, олардың үні болу үшін аталған еңбегін оқырманға ұсыныпты. «Өмірде кейбір сұрақтар бар: адам оларды ақылымен ғана емес, жүрегімен де іздейді. Мен үшін «неге әйел тақырыбы?» деген сұрақ дәл сондай еді. Бұл академиялық таңдау емес, өмірдің өзінен туған үндеу болатын. Бұл – бастан кешкен үнсіздік, бір әйелдің күресі және бір қыз баланың көзімен көрген өмірі», депті автор.

Соңғы жаңалықтар