Институт ғалымдарының жүргізген зерттеулері нәтижесінде, елімізде отандық күн панельдері өндіріле бастады. Өткен жылы іске қосылған бұл жоба елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, күн энергетикасы саласындағы өндірістік мүмкіндікті кеңейтуге бағытталған. Бұл өнімдер жоғары тиімділігімен, тұрақты қуат беруімен, еліміздің әртүрлі климаттық жағдайына бейімделуімен ерекшеленеді. Ұзақ мерзімге есептелген күн панельдері қазірдің өзінде бірқатар өндіріс орындарында қолданылады. Қолжетімді бағасымен жоғары сапасы тек кәсіпорындар үшін ғана емес, жеке тұрғын үйлер үшін де тиімді.
Физика-техникалық ғылыми зерттеу институты елімізде күн энергетикасы саласындағы жаңа ғылыми бағыттарды алғашқылардың бірі болып игеріп отыр. Атап айтқанда, гетероөткелді фотоэлементтер бойынша зерттеулер жүргізіліп, кванттық физика мен нанотехнологияларға негізделген технологиялық шешімдер әзірленді. Институт ғалымдары 20 жуық уақыт бойы Германия мен Ресейдегі жетекші ғылыми орталықтардың тәжірибесін зерделеп, оны отандық өндіріс талаптарына бейімдеген. Соның нәтижесінде, «TopCon» мен «HIT» технологиялары негізінде күн панельдерін әзірлеу мен өндіру жолға қойылды.
Жоба ең алдымен, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Басымдық күн радиациясы жоғары өңірлердің қажеттілігін өтеуге беріліп отыр. Күн панельдерін ел ішінде өндіру импортқа тәуелділікті азайтып, отандық жоғары технологиялы өнімге деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылғы жұмыс қорытындылары күн энергетикасының ел үшін маңызы артып келе жатқанын көрсетті. Институт мамандарының айтуынша, бұл сала біртіндеп тұрақты дамудың маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Нанотехнологиялар мен заманауи инженерлік шешімдер тәжірибелік жобалар арқылы нақты нәтижеге жетіп, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға жол ашып отыр. Қ.Сәтбаев университетінің ғалымдары мен инженерлері алдағы уақытта да жаңартылатын энергия көздерін кеңінен енгізуге үлес қосуды мақсат еткен.