Жедел желіге дамыл жоқ
Былтыр қаңтар-тамыз айларында «102» жедел арнасына ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтарға қатысты 45 992 шағым түскен. Сенат депутаттары аталған мәселеге қатысты дабыл қағып, Үкіметке сұрау тастады. Бір топ сенатор қоғамдық тәртіптің осы тұсы Президенттің Жолдауында: «Заң мен тәртіп, азаматтардың қауіпсіздігі және құқықтық тәртіп жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік саясаттың басты қағидатына айналуға тиіс. Адамның өмірі мен денсаулығы – ең қымбат құндылық, мемлекет оны сенімді қорғауға міндетті», деп ерекше атап өткен қағидатына сай келмей тұрғанын айтады. Олар түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарының қызметінде әлі де жоғары деңгейдегі қауіптің сақталып отырғанына алаңдайды. Статистикаға сүйенсек, 8 айда республика бойынша келіп түскен шағымдардың 11 569-ы Астана қаласында тіркелген. Оның ішінде клубтарда – 2 718, мейрамханаларда – 2 269, кафелерде – 6 582. Алматы қаласында да дәл осындай жағдай (11 021) орын алып отыр. Бұл көрсеткіш басқа өңірлермен салыстырғанда (Шымкенттен – 2 есе (5 626), ШҚО-нан – 4 есе (2 806), Қызылорда облысынан – 7 есе (1 557), Жамбыл облысынан – 8 есе (1 471), СҚО-нан – 12 есе (947), Маңғыстау облысынан – 14 есе (833), Түркістан облысынан 20 есе (586) айтарлықтай жоғары.
«Елорданың «Amazon» клубында орын алған резонансты оқиғаны айрықша атап өту қажет. Жексенбіге қараған түні пышақ қолданылған жанжал салдарынан 19 жастағы азамат қаза тапты. Көптеген айыппұлдар мен әкімшілік хаттамаларға қарамастан, заң бұзушылықтар жалғасып келеді. Әлеуметтік желілерде бұл саладағы «көлеңкелі экономиканың» көріністері – заңсыз алкоголь сату, салықтан жалтару, жекелеген орындарды «қорғау» фактілері кеңінен талқыланып жатыр», делінген Үкімет басшысына жолданған депутаттық сауалда.
Мұның себебін сенаторлар түнгі клубтардың лицензиялануы мен қызметіне жеткілікті бақылаудың болмауымен түсіндіреді. Сондай-ақ олардың мәлімдеуінше, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік жүйелі түрде бұзылып, мекеме иелеріне қолданылатын санкциялар тиімсіз болып отыр. Бұған қоса көлеңкелі экономика мен бюджетке түсетін салықтар айтарлықтай азайған.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Германияда түнгі клуб лицензиясы жыл сайын жаңартылып отырады, қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда ол бірден қайтарып алынады. Ал Сингапурда клубтарды полиция бейнебақылау арқылы онлайн-режімде бақылай алады, шу мен тәртіпсіздікке жол берген орындар ұзақ мерзімге жабылады. БАӘ-де де (Дубай тәжірибесі) клубтар қатаң салықтық, цифрлық бақылауға алынып, алкоголь сату тек арнайы лицензияға байланысты жүзеге асырылады.
Осы елдердегі тәжірибені ескере отырып, сенаторлар Үкіметке заңнамалық нормативтік толықтырулар арқылы түнгі клубтар мен барларды лицензиялау талаптарын күшейтіп, міндетті қауіпсіздік стандарттарын (полицияға онлайн қолжетімді бейнебақылау, күзет, өрт дабылы, эвакуациялық шығу жолдары) енгізуді ұсынды. Сондай-ақ мекеме иелерінің келушілердің өмірі мен денсаулығына жеке жауапкершілігін бекітіп, жұмыс уақыты мен алкоголь сатуға бақылау жүргізуге шақырды. Депутаттардың айтуынша, түнгі клубтар мен барлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі құрылуға тиіс, тексерулер мен анықталған заң бұзушылықтар туралы қоғам біліп отыруы қажет. Аталған нысандардың қызметін әкімдік, ішкі істер мен төтенше жағдай министрліктері, салық органдары бақылауға алуы керек. Бұған қоса цифрлық технологиялар арқылы мониторинг жүргізіліп, бейнебақылау деректерін заң аясында онлайн беру, электронды лицензиялау, салық түсімдерінің автоматтандырылған есебі жасалуы шарт.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің конституциялық парызын орындау ғана емес, сонымен қатар қоғамның билікке деген сенімінің бір шарты екенін айтады депутаттар.
Лицензиялау жемқорлықты күшейтуі мүмкін
Сенаторлардың көтерген мәселесіне Үкімет басшысы лезде жауап берді. Олжас Бектеновтың мәлімдемесіне сүйенсек, қазір қолданыстағы заңнамада азаматтардың денсаулығына зиян келтіріп, қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайларда ойын-сауық орындарының иелері Азаматтық кодекс (зиянды өтеу бөлігінде), Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады. Мәселен, былтыр антитеррорлық қорғалу талаптарын орындамаған 1 мыңнан аса ойын-сауық орнының басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 149-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ойын-сауық орындарына барған 2 мың жасөспірім анықталып, мекеме иелері заң алдында жауап берген. Оның ішінде құқық бұзушылыққа жол берген 880, тыныштықты бұзған 157 меншік иесіне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал жыл ішінде қайталама құқық бұзушылық жасаған 11 ойын-сауық орнының қызметі сот шешімімен тоқтатылған.
«Сонымен қатар қазір Мәжілісте қаралып жатқан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша» заң жобасы аясында жыл ішінде құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шара қолданбаған тұлғаларға, соның ішінде ойын-сауық орындарының иелеріне әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін ойын-сауық орындарының иелеріне қатысты құқықтық ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігі мемлекеттік бақылау және алкоголь өнімдерінің айналымын жетілдіру бойынша шараларды әзірлеу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобын құрды», деп мәлімдеді Премьер-министр ресми жауабында.
Сонымен қатар «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға сәйкес ойын-сауық орындарының иелері қызметін бастағаны туралы мемлекеттік органдарды міндетті түрде электрондық үкімет порталы (egov.kz сайтында) арқылы хабардар етуге тиіс, бұдан соң олар мемлекеттік электрондық рұқсаттар мен хабарламалар тізіліміне енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік құқықтық статистика мен арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган ойын-сауық орындарына жүргізілетін тексерулердің бірыңғай тізілімін жасайды. Қазір мүдделі мемлекеттік органдар ойын-сауық орындарында жүргізілген тексерулер мен анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратты ашық қолжетімді орналастыру мәселесін қарастырып жатыр.
Десе де, Үкімет басшысы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес сауда қызметін жүзеге асыратындар мекеменің жұмыс режімін, тауарлардың ассортименті мен бағасын дербес айқындайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ойын-сауық орындарының қызметін лицензиялау институтын енгізу артық әкімшілік кедергілердің пайда болуына, сыбайлас жемқорлықтың артуына алып келуі мүмкін. Осы себепті мұндай орындардың жұмысына құзырлы органдар шектеу қоя алмайды.
Ішкі істер министрлігі былтыр маусым айынан бастап «EgovMobile» мен екінші деңгейдегі банктердің (Kaspi.kz, Halyk Bank) мобильді қосымшаларында «Заң және Тәртіп» жаңа сервисті іске қосты, оның көмегімен азаматтар қоғамдық, жеке қауіпсіздік, сондай-ақ құқық тәртібі мәселелері бойынша шағымдар мен өтініштерін жолдай алады.
ІІМ жүргізген талдауға сүйенсек, 15 мың ойын-сауық орнының 193-інің құқық бұзушылық қаупі жоғары. Сол себепті қоғамдық орындар мен адам көп жиналатын жерлерде, оның ішінде ойын-сауық орындарының маңында бейнебақылау камералары орнатылған. Осы камералардың көмегімен 9,3 мың қылмыс пен 504,1 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ құқық бұзушылық қаупі жоғары жерлерде полиция шақыруға арналған дабыл түймелері орнатылып жатыр, олар бейнекамера, динамик, микрофондармен жабдықталған. Ал қалалардың криминогендік учаскелерінде 209 стационарлық полиция бекеті орналастырылған. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ойын-сауық орындарында жасалған қылмыстар саны 12 пайызға (2,2 мыңнан 1,9 мыңға дейін) азайған.