Заң мен Тәртіп • Кеше

Қылмыс саны азайып келеді

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінде алқа отырысы өтіп, онда ішкі істер органдарының өткен жылдағы жедел қызметінің қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге жоспарланған басым міндеттері айқындалды. Отырысты ашқан Ішкі істер министрі Ержан Саденов өткен жыл құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды кезең болғанын айтты.

Қылмыс саны азайып келеді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Министр өткен жыл Мем­лекет бас­шысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту кезеңі болғанын атап өтті.

– Осы бағытта министрлікте Профилактика жылы жарияланып, бұл жасалып қойған құқық бұзушылықтарға ден қоюдан бұрын олардың алдын алуға басымдық беруге мүмкіндік берді. Жүйелі профилактика өз тиімділігін дәлелдеп, қылмыстың тұрақты түрде төмендеуіне септігін тигізіп отыр, – деді Е.Саденов.

Жүйелі профилактикалық әрі жедел жұмыстың арқа­сында былтыр елде қылмыс саны 6 мыңнан аса фактіге азайды. Әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық және басқа да ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыс саны азайып, қару қолдану арқылы және бұрын сотталған адамдар тарапынан жасалатын қайталама құқық бұзушылықтар төмен­деген. Ал қылмыстың барлық түрі бойынша, оның ішінде аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 98%-ға дейін артыпты.

Министрліктің алқа мәжілісінде өткен жылдары жасалған 2,7 мыңнан аса қылмыс ашылғаны айтылды. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жолындағы ішкі істер органдарының ұстанымын көрсетеді. Былтыр полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан аса қылмыскерді ұстапты. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 20 мыңнан аса азаматтың жүрген жері анықталып, олар отбасыларына қайтарылды. Жәбірленушілердің құқық­тары қамтамасыз етіліп, оларға келтірілген залал бойынша шамамен 60 млрд теңге өтелді. 17 млн-нан аса әкімшілік құқық бұзушылық­тың жолы кесілді. Осылайша, ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін заң бұзушылықтар ерте кезеңде тоқтатылыпты. 9 мыңнан аса бала мен жасөспірім тәлімгерлік, спорт және профилактика бағдарламаларымен қамтылған. 23 мыңнан аса жүргізуші мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталып, жолдағы жүздеген қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болған.

Ұйымдасқан және транс­ұлттық қылмыспен күресу жұмысы айтарлықтай күшейтілген. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 78 қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде 10 іс – трансұлттық сипатта. Қылмыстық қауымдастықтардың 299 көшбасшысы мен қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 2,5 мыңнан аса қару тәркіленіпті.

Ал есірткі қылмыстарына қарсы қабылдан­ған кешенді шаралардың нәтижесінде, 31,7 тон­на есірткі тәркіленген. Бұл – 12 млн-нан аса бір реттік дозаға тең. 109 есірткі зертханасы жо­йылған, оның ішінде 13-і синтетикалық есірт­кі өндіріп келген. Бұған қоса Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен Нашақорлық­қа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің ­2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліпті.

Киберқылмыспен де күрес жүйелі түргізі­ліп, 84,5 млн алаяқтық қоңырау бұғатталған. 13 call-орталық жойылған, ал олардың ішінде шетелде орналасқандары да бар.

– «Дропперлік» фактілері бойынша интернет-алаяқтарына көмектескен адамдарға қатысты 56 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Киберқылмыспен күрес жөніндегі БҰҰ конвенциясына қол қойылды, бұл трансшекаралық цифрлық қылмыстарды тоқтату саласында халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қылмыстық-атқару жүйесі саласында мемлекеттік-жеке серіктестік форматы аясында алғаш рет жаңа колония салынды, – деді Ішкі істер министрі.

Жиын барысында ІІМ басшысы облыс­тық және аудандық полиция органдары жетекшілерінің есебін тыңдап, кемшіліктерді атап көрсетті және оларды жою бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырып, жеке жауапкершілік туралы ескертті.

Отырыста осы жыл елімізде Президенттің бастамасымен Цифр­ландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны айтылды. Министр бұл бағыттың ІІМ қыз­метінің де алдағы жұ­мы­сында басымдық болатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі құралына айналуға тиіс. ІІМ үшін бұл қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көшу дегенді білдіреді, – деді Е.Саденов.

Министрдің айтуынша, ІІМ құрылымында Цифрландыру және жасанды интеллект департаменті құрылып, құқық қорғау саласында интеллектуалды жүйелерді одан әрі енгізу шаралары қабылданып жатыр екен. Ұлттық бейнемониторинг жүйесін іске қосу аясында «Қауіпсіз қала» жобасын дамытуға, көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған видеоаналитикалық алгоритмдер енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ «Орталық – облыс – аудан» қағидасы бойынша талдамалық функция­лары бар жедел басқару орталықтарын құру жұмысы жалғасын тауып келеді. Аппа­раттық-бағдарламалық кешендер мен дрондарды қолдану кеңейтіліп, бұл жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар санын 10%-ға азайтуға мүмкіндік беріпті. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі қылмыс деңгейін төмендету, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дамыту мен тереңдету, қызметке цифрлық және интеллектуалды шешімдерді белсенді енгізу, азаматтардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Сонымен қатар Е.Саденов биыл ведом­стволық білім сапасын арттыруға, аза­маттық ЖОО-лармен бірлескен бағдар­лама­ларды дамытуға, ведомстволық оқу орын­дарының инфрақұрылымын жаңартуға және заманауи оқу практикаларын енгізуге күш салу қажеттігін де баса айтты. Ең бастысы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы жақында қабылданған заңды іске асыруға дайын­ болуды тапсырды. Сол заңның сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай отырып, қоғамдық қауіп­сіздікті тұрақты түрде арттыруға белсенді және алдын ала әрекет етудің нақты міндеттерін айқындап берді. 

Соңғы жаңалықтар