Саясат • Бүгін, 07:45

Инфрақұрылымды жаңғырту міндеті

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов электр энергетикасы саласын дамытуға қатысты жиын өткізді. Онда саладағы бірқатар түйіткілді мәселе қаралды.

Инфрақұрылымды жаңғырту міндеті

Жиынға Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бас­қарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Премьер-министрдің орынбасары – Үкі­мет аппаратының басшы­сы Ғалымжан Қойшыбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұман­ғарин, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «Самұрық-Энерго» мен «Kegoc» ұлттық энергетика компа­нияларының басшылары Қайрат Мақсұтов пен Нәби Айтжанов қатысты.

Онда Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго», «Kegoc» және энергия өндіруші ұйымдардың Президент Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде жүргізіп жатқан ағымдағы инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңа қуаттарды генерациялау жөніндегі жұмыстарының қарқыны қаралды.

Энергетика министрлігі ауқымды инвестициялық жоспарды жүзеге асырудың практикалық кезеңіне көшіп жатыр. Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асатын әрі жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Іске қосылып жатқан жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығының тетігі арқылы жеке инвестицияларды тікелей тарту есебінен жүзеге асырылып отыр.

Е.Ақкенженов алдағы үш жылда негізінен реттеу қуатының тап­шы­лығын жабуға әрі Бірыңғай энер­гети­калық жүйенің икемділігін арт­тыруға бағытталған маневрлі гене­рация сегментін іске қосу жоспарланып отырғанын баяндады.

«Қазіргі жұмыс жүргізіліп жатқан нысандарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен жабуға әрі елімізді энергиядан тапшылық көріп отырған елдер қатарынан шығаруға мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай электр энергиясының да, реттеу қуатының да тұрақты профицитіне қол жеткізіледі. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға жағдай туғызады», деді Энергетика министрі.

Жалпы, 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам қуат өндіру көздері іске қосылатын болады. Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен «Kegoc» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов та баяндама жасады.

Премьер-министр энергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде мерзімдерін кейінге ысыру жағдайын сынға алды.

«Президент энергетикада тиісті динамика жоқ екенін бірнеше мәрте айтты. Сондықтан бәріңіз барынша күш жұмылдыруларыңыз керек. Барлық жоспарланған жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Ешқандай үзілістер, ығысулар болмауы керек. Министр, «Самұрық-Энерго» мен «Kegoc» басшылары, сіздер әрбір нысан үшін тікелей жауаптысыздар. Сіздердің жұмыс орындарыңыз – кабинеттерде емес, құрылыс алаңдарында», деді О.Бектенов.

Кейінгі екі жылда нарықты ырық­тандыру нәтижесінде күрделі жөн­деуге 902 млрд теңге тартылды, бұл тех­но­логиялық ереже бұзу санын 27%-ға төмендетуге әрі 9 ЖЭО-ны «қызыл» ай­мақтан шығаруға мүмкіндік берді. Бұл ретте компаниялардың иелеріне дивиденд төленген жоқ. Барлық қаражат тек қана станса жабдықтарын реконструкциялау мен жаңартуға кері инвестицияланып жатыр. Бұл активтерді жаңарту жобаларының пулын арттыруға әрі генерация секторына нақты капиталдың келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде таза көмір технологиялары негізінде көмір генерациясын дамыту перспективалары қаралды. Бүгінде мердігерлер анықталып, стратегиялық маңызды нысандарды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Курчатов қаласындағы жаңа станса (700 МВт), сондай-ақ Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) мен Өскемен (360 МВт) қалаларындағы жылу электр орталықтары бар.

Желілік инфрақұрылымды да­мытуға қатысты «Kegoc» АҚ-ның Оң­түс­тік аймақ желісін күшейту бойын­ша жұмыс жүргізілуде, яғни ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» (500 кВ) әуе электр тарату желісі тартылып жатыр. Бұған қоса, ұзындығы 604,3 шақырым болатын «Өлке – Қарабатан» (500 кВ) әуе желісін салуды көздейтін Батыс Қазақстан энергожүйесін ЕЭҚ елдерімен біріктіру жобасы жүзеге асырылып отыр. Екі жоба да кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Компания 2035 жылға дейін 6 659 шақырым жаңа 220-500 кВ желісін іске қосуды әрі 10 591 шақырым желіні реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бүгінде ұлттық электр желісіне 83 қосалқы станса мен жалпы ұзындығы 27,9 мың шақырым болатын 398 әуе желісі кіреді, трансформаторлардың жалпы қуаты – 38 893,6 МВА.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жобалар портфелінде 2035 жылға дейін жаңа қуаттарды іске қосу жоспары 7,4 ГВт-ты құрайды. Негізгі жобалардың қатарында биылғы қазан айында іске қосылатын Алматы ЖЭО-2-ны жаңғырту, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 стансасын 2028 жылдың қазан айында 3-блогін және 2030 жылғы қазанда 4-блогін іске қоса отырып, кеңейту мен реконструкциялау жұмысы бар.

Соңғы жаңалықтар