Білім • 14 Қаңтар, 2026

Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Smart-аудитория ашылды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде жоғары оқу орнының көрнекті түлегі, Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасы ЖШС-нің бас директоры, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, кәсіпкер әрі меценат Иван Адамұлы Сауэрдің атындағы аудитория салтанатты түрде ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Smart-аудитория ашылды

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, ғылыми қауымдастық мүшелері, аграрлық кәсіпорындардың басшылары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Иван Адамұлының курстастары қатысып, студенттік жылдарды еске алды. Бұл бастаманың университет пен оның түлектері үшін маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара аясында жаңа буынға арналған Smart-аудитория салтанатты түрде ашылды. Заманауи мультимедиялық технологиялар және цифрлық оқыту элементтерімен жабдықталған бұл білім беру кеңістігі студенттердің ұшқыр ойлау қабілетін қалыптастыруға, практикалық дағдыларын дамытуға және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Аудитория білім берудің цифрлық трансформациясы талаптарына толықтай сай келеді.

Салтанатты рәсім барысында Иван Сауэрдің университетті дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды. Қоғамдағы белсенділігі және меценаттық қызметімен танымал ол көптеген жылдар бойы білім беру саласындағы бастамаларды қолдап келеді. Атаулы аудиторияның ашылуы – оның туған университетінің инфрақұрылымын дамытуға, студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы әрі технологиялық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған игі істерінің жалғасы.

Аа

Университет Басқарма Төрағасы – Ректор, ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов өз сөзінде Иван Сауэр тұлғасының университет пен ел үшін айрықша маңызын атап өтті.

«Біздің университет үшін Иван Сауэрдің С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің көрнекті түлегі әрі құрметті профессоры екені ерекше құнды. Ол ғылым мен білімнің маңызын әрдайым алға қояды. Бұл аудитория – жай ғана оқу орны емес, студенттерді еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін шабыт мекені», деді ректор.

Аа

Салтанатты шараның жалғасы ретінде Иван Адамұлы Сауэр «Аграрлық бизнесті басқару тәжірибесі және ауыл шаруашылығының орнықты дамуы» тақырыбында ашық дәріс оқып, тәжірибесімен, басқарушылық көзқарасымен бөлісті.

Атаулы Smart-аудиторияның ашылуы университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және аграрлық сала үшін уақыт талабына сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам болды.

Соңғы жаңалықтар