Аталған сайыс төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Желідегі жарысқа білім үдерісінде цифрлық форматтарды қолданатын мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысқан. Төрт жыл ішінде «TikTok» платформасында шамамен 100 мыңға жуық танымдық бейнеролик жарияланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұғалім оқушыға білім беру үшін әуелі оның қызығушылығын оятуы маңызды. Сондықтан жеткіншекті жетектеген желіде қызықты һәм пайдалы контенттің өте-мөте көп болғаны дұрыс.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандардың бірі – Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Мирлан Жусанбаев. Ол өз бейнежазбасында күрделі физикалық құбылыстарды қарапайым тілмен жеткізіп, оны тәжірибе мен көзге бірден түсетін визуалды мысалдар арқылы нақтылап көрсетеді. Осындай тәсіл оның аудиториясына, әсіресе оқушылар мен студенттерге, ғылымды «қиын» деп қабылдамай, пәнге қызығушылықпен әрі жаңа қырынан қарауға көмектеседі.
Желідегі жарыста ерекше көзге түскен тағы бір қатысушы – Шымкент қаласындағы №25 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Мәди Райымбек. Ол қазақ тіліндегі қысқа роликтерінде логикалық есептер мен күрделі тапсырмаларды шешудің әдіс-тәсілдерін кезең-кезеңімен, түсінікті тілмен жеткізген. Мұндай контент оқушылардың аналитикалық ойлауын шыңдап, бақылау жұмыстары мен емтиханға дайындық барысында нақты пайдасын тигізеді.
«TikTok»-тағы тағылымды тартыста оза шапқан үшінші жеңімпаз – Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Әсем Рахимова. Педагог химиядағы күрделі тақырыптарды музыкамен ұштастырып, креативті мазмұнда түсіндіруімен ерекшеленеді. Ол химиялық байланыстың негізгі ұғымдарын қарапайым тілмен жеткізіп, базаны дұрыс меңгерсең, кез келген реакцияның ішкі логикасын түсінуге болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдейді.
Байқау нәтижесінде әр аталымның жеңімпазына iPhone 17 смартфоны сыйға берілді. Аталған сайыс «TikTok» платформасында тағылымды контенттің санын көбейтіп қойған жоқ, ұстаздардың шығармашылығын шыңдап, оқытуды жаңаша мазмұнда ұсынуға мүмкіндік берді. Осындай бастамалар білім мен технологияны тоғыстырып, жас ұрпақтың пәнге деген қызығушылығын арттыратыны анық.