Білім • Бүгін, 08:33

Сан бар, сапа қандай?

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қосымша білім – негізгі білім беру мазмұнын толықтырып, баланың қабілетін ашуға бағытталған маңызды сала. Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай ақылы қосымша білім нарығы күннен-күнге табысты салаға айналып барады. Алайда зерттеушілердің пайымдауынша, көлеңкелі нарық білім теңсіздігін тудыратын ең үлкен фактор. Әрине, мемлекеттік деңгейде мұның алдын алу үшін тегін қосымша білім жүйесі қалыптасқан. Статистикасы жаман емес, бірақ сапаға келгенде сөз басқа болып тұр...

Сан бар, сапа қандай?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде қосымша біліммен шамамен 3,5 миллион бала қамтылған, бұл оқушылардың 90 пайызына жуық. Оның ішінде 2,2 миллионнан астам оқушы тегін үйірмелер мен спорт секция­лары­на қатысады. Өткен жылмен салыстырғанда қосымша біліммен қамту деңгейі 10 пайызға артқан.

«Осы өсімге ықпал еткен негізгі жаңалықтардың бірі – ваучерлік жүйенің енгізілуі. Бұл жүйе қанат­қақты форматта былтырғы ­маусым айынан бастап іске қосыл­ды. Қазіргі таңда 600 мыңға жуық бала ваучер алды. Ваучерлік жүйе Астана мен Шымкент қалаларын­да, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстарында енгізілген. Кейінгі жылдары қосымша білім беру ұйымдарының саны 25 пайызға артты. Бүгінде ел бойынша 2000-нан астам ұйым жұмыс істейді. Ауыл­дық жерлерде балаларға қолжетімді болу үшін шығармашылық және даму орталықтары ашылып ж­атыр. Қосымша білім бағдарлама­лары да жаңартылып, «Адал азамат», «Еңбек азаматы», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» сияқты ұлт­тық құндылықтарға негізделген ба­ғыт­тармен толықтырылды», деді Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова.

Вице-министр атап өткен ваучер жүйесі «Тегін үйірмеде түйт­кіл бар» деп дабыл қаққаннан кейін ­ғана Президент тапсырмасымен қолға алынды. Баланың аты-жөнін ғана тізімге енгізіп ақша алып отырған­дар, санитарлық талапқа сай емес ­мекемелер, білім бейініне сәй­кес келмейтін 170 ұйым анықтал­ды. Жалпы, мұндай қағаз жүзіндегі көрініс шығармашылық және спорт үйірмелерінен бөлек, пәндік қосымша білім бағытында да бар. Оған ақылы білімге сұраныс­тың артуы дәлел. Оқушылар мектепте үйрене алмағанын ақша төлеп, үлгерімін жақсартып жүр. Алайда жоғарыда атап өткеніміздей, әр­бір мектепте балаларға тегін пән­дік қосымшалар қарастырылған. Әлбетте, тегін қосымша өткізген мұ­ғалімге ақы төленеді. Яғни бұл да білім сағаты ретінде саналады екен. Соған қарамастан бұл жүйенің білім сапасын жақсартуға немесе ақылы білімге сұранысты азайтуға әсері байқалмайды.

Зерттеуші Анас Хажардың айтуынша, еліміздегі қосымша репе­титорлықтың кең таралуы тек білімге сұраныспен емес, емти­ханға негізделген жоғары бәсе­кемен тікелей байланысты. Оның пікірінше, 6-11 сыныпта тапсыры­латын шешуші емтихандар оқушы­ның болашақ білім бағытын айқын­дайтын басты сүзгіге айналған. «Оқу жылы барысында өткізілетін күнделікті бақылау жұмыстары мен аралық бағалаулардың өзі оқушылардың жеке репетиторлыққа жүгінуіне ықпал етеді. Осындай жағдайда оқушылар мен ата-аналар мектеп бағдарламасымен шек­телмей, емтиханға арнайы да­йын­далуға мәжбүр болады. Бұл да­йындықтың басым бөлігі ақылы форматта өтеді. Бағалау жүйесі бала­ның сыныптағы орнына, өзіне деген сеніміне және мұғалімдер­мен қарым-қатынасына әсер етеді. Сондықтан көптеген оқушы қосымша дайындықты қауіпсіз­дік тетігі ретінде қабылдайды», дейді ол.

Анас Хажардың зерттеу нәти­жесінде, сауалнамаға қатысқан мұғалімдердің 39,6 пайызы репетитор болып жұмыс істейтінін көрсеткен. Тіпті, өз оқушысын ақылы оқытатын тәжірибелер де бар болып шыққан. Сондай-ақ мұғалімдердің басым бөлігі жалақының аздығынан қосымша білім беретінін айтқан.

Астанадағы мектеп мұғалімдері әртүрлі себеппен жеке сабақ өткізеді. Мысалы, Гүлмира есімді мұғалім: «Мен оқушыларымның арман-мақсаттарына жеткенін көргенде қатты қуанамын. Сол үшін оларды ҰБТ-ға дайындаймын. Бірақ үш балам бар, ал жалақым негізгі қажеттілігімізді тамақ пен киімді, толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жеке сабақ мен үшін қосымша табыс көзі», дейді.

Халықаралық тәжірибе көрсет­кендей, әр ел қосымша білім нары­ғын реттеуде түрлі тәсіл қолдана­ды. Мысалы, Қытай Халық Респуб­ликасы мұғалімдердің жеке сабақ­қа қатысуына қатаң тыйым салып, жеке сабақ орталықтарының көбеюін тежейтін қатал бақылау шараларын енгізген. Мьянмада мұғалімдер жеке сабаққа қатыспайтынын растайтын декларацияға қол қоюға міндетті, ал талапты бұзған жағдайда шамамен 200 АҚШ доллары шамасында айыппұл төлейді немесе 3 жыл­ға дейінгі түрме жазасы қа­рас­тырылған.

Сонымен қатар кейбір мұға­лім­дер ақылы білім нарығына тәуелсіз болу, кәсіби даму мақсатында бет бұрады екен. Мысалы, Нұргүл есімді мұғалім: «Қазір мен Астанадағы ірі оқу орталығының әкімшілігінде жұмыс істеймін, математика мен биологиядан сабақ беремін. Ал бас­ты мақсатым – өз оқу орталығымды ашу. Бұл маған мектептегі бюрократиядан тәуелсіз болуға мүмкіндік береді», дейді ол.

Ғалымның сөзінше, репети­тор­лықты жекелеген мұғалімдердің таң­дауы емес, жүйенің қысымынан туын­даған құбылыс ретінде қарас­тыр­ған жөн. Мұғалімдер ақылы бі­лім­ге тәуелділікті азайту үшін жүйе­лік өзгерістерді қажет деп санай­ды. Олардың пікірінше, мұғалім­д­ердің жалақысын көтеру, сынып­тағы оқушы санын азайту, кадр сапасын жақсарту, әкімшілік жүктемені жеңілдету – мектептегі білім сапасын жақсартудың бірден-бір жолы. Бұл шаралар жүзеге асса, мұғалімдер қосымша сабаққа тәуел­ді болмай, оқушыларға сапалы білім беруге көбірек уақыт табады деген сенімде. 

Соңғы жаңалықтар