Тимирязев ауылындағы жаңа кеңістік цифрлық дағдыларды үйренуге, технологиялық жобаларды іске асыруға және жасанды интеллект бағытында білім алуға арналған. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған елді жаңғырту бағытының бір бөлігі ретінде жүзеге асырылды. Орталықтың ауылдық жерде ашылуы цифрландыру тек ірі қалалармен шектелмейтінін аңғартады.
Салтанатты іс-шараға жергілікті билік өкілдері, білім беру ұйымдары, бизнес, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ оқушылар мен жастар қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев Creative IT Center өңірлерде цифрлық инфрақұрылым құруға болатынын дәлелдейтін жоба екенін айтты. Ол әсіресе ауылдардағы цифрлық сауаттылық мәселесіне назар аударды.
«Мұны біз күн сайын тәжірибеде көріп отырмыз: өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болғанның өзінде, ауыл тұрғындарының басым бөлігі электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алмайды. Сондықтан мұндай орталықтар аса қажет», деді ол.
Тимирязевтегі орталық облыс бойынша жоспарланған 13 IT-орталықтың жетіншісі. Биыл ашылған алғашқысы да осы. 2026 жылдың 1 наурызына дейін Солтүстік Қазақстанның барлық аудандарында осындай орталықтар іске қосылмақ.
Іс-шарада Тимирязевтегі Сәбит Мұқанов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Даниил Степаненконың жобасы көпшіліктің назарын аударды. Ол ауыл оқушыларына арналған SABAQ білім беру платформасын әзірлеген. Платформа интернет әлсіз немесе мүлде жоқ жерде де негізгі материалдарды офлайн пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба қазірдің өзінде елдің түрлі өңіріндегі жүзден астам оқушы арасында сынақтан өткен.
Аға буын үшін орталықтың маңызын ардагерлер кеңесінің төрайымы Сайран Байдалина атап өтті. Оның айтуынша, мұнда зейнеткерлер электрондық мемлекеттік қызметтерді, цифрлық сервистерді және телемедицинаны меңгере алады, сондай-ақ өз еңбегін онлайн ортада ілгерілетуге жол ашылады.

Тимирязев агротехникалық колледжінің директоры Махмет Сайран орталық студенттерге VR-технологиялармен, виртуалды зертханалармен және заманауи бағдарламалық өнімдермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұл болашақ мамандарды нақты өндірістік жағдайға жақын даярлауға көмектеседі.
Дзержинский ауылдық округінің әкімі Нариман Жарасбаев цифрлық сауаттылық бүгінде базалық қажеттілікке айналғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай дағдыларға қолжетімділік елді мекеннің қашықтығына қарамастан бірдей болуы тиіс.
Ал агробизнес өкілі, «Есей Агро» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Серік Жүкеев ауыл шаруашылығында жоғары технологиямен жұмыс істейтін мамандар тапшы екенін атап өтті. Оның сөзінше, Creative IT Center осы олқылықты жоюға жасалған алғашқы қадам.
Спортшыларға арналған жасанды интеллект бағдарламасы әзірленіп жатыр
Іс-шара соңында Тимирязев ауылының әкімі орталық ұрпақтар арасындағы байланыс алаңына және цифрлық технология мен жасанды интеллектіні меңгеретін кадрлар ордасына айналатынын айтты. Creative IT Center мектеп оқушыларына, студенттерге, кәсіпкерлерге және аға буын өкілдеріне ашық. Орталық ауылда цифрлық дағдыларды дамытуға және заманауи IT-шешімдерді өмірге енгізуге бағытталған.