Қоғам • Кеше

Миллионнан астам жанға үміт сыйлаған «Самұрық-Қазына»

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2025 жылдың қайырымдылық саласында «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының бірың­ғай қайырымдылық опера­торы «Samruk-Kazyna Trust» әлеу­меттік маңызды бастамаларды іске асырып, өңірлердің инфра­құ­ры­лымын дамытуға үлес қосты. Азаматтар өміріне серпін, үміт пен мүмкіндік сыйлады.

Миллионнан астам жанға үміт сыйлаған «Самұрық-Қазына»

Әлеуметтік жобалар қоғамның ең өзекті салаларын – инклюзия, медицина, білім, мәдениет және спорт бағыттарын қамтып, 1 миллионнан астам азаматтың өміріне оң өзгеріс әкелді. Бұл дегеніміз көмекке мұқтаж адамдардың өмір сапасының артуы, балалардың сапалы білім мен спортқа қол жеткізуі, ерекше жандардың қоғамға бейімделуі. Сонымен қатар қор жобаларының нәтижесінде 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төр­ағасы Нұрлан Жақыпов қор страте­гиясының маңызды міндеттерінің бірі ретінде корпоративтік әлеумет­тік жауапкершілік ұзақ мерзімге жоспарланып, бастамалар өңірлерде жүйелі, тұ­рақты жұмыс істеу керектігін атап өткен болатын. Бұл бағытта өткен жылы 12,5 млрд теңгеге 39 әлеуметтік жоба қолдау тапты.

 

Қор елде 55 оңалту орталығын ашып, инклюзивті кабинеттердің моделін енгізді

2025 жылы қор еліміздегі оңалту қыз­ме­тін одан әрі қолжетімді етті. Алма­ты мен Қызылордада үш жасқа дейін­гі балаларға арналған ерте араласу орта­лықтары, ал Түркістан, Қарағанды, Ақтау­да аутизмі бар балаларға арналған орталықтар іске қосылды. Жаңа үлгідегі «Ainala» атты аралас үлгідегі оңалту орталықтарын ашу жобасы қолға алынды. Осылайша, қор компаниялар тобы атынан бүгінде оңалту орталықтар саны 55-ке жетіп, жыл сайын 21 мыңға тарта ерекше бала кешенді көмек алады.

«Samruk-Kazyna Trust» ерекше оқушы­лардың өз қатарластарымен бір­ге бі­лім алуы мен дамуына жағдай жа­сау­ды жалғастырды. Астана қаласы, Ақмола және Атырау облыстарындағы мектептерде 17 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Соңғы екі жылда инклюзия сыныптарының саны 31-ге жетіп, 2000 бала инклюзивті біліммен қамтылды.

«Саламатты Қазақстан» медицина­­лық-құқықтық пойызы 2025 жылы шалғай 123 елді мекенде болып, ондағы 100 мың­нан астам ауыл тұрғыны дәрі­герлердің қабылдауынан өтіп, заңгер­лік, медиатив­тік кеңес алды. Олардың 57 мыңы – әйелдер. Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қоры, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және Денсаулық сақтау министрлігімен серіктестікте іске асырылып жатыр.

 

18 спорт кешені 740 мың ауыл баласына спорт әлеміне жол ашты

Өңірлердегі спорт инфрақұры­лымы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ақмола облысының Қажы­мұқан ауылында, Маңғыстау облы­сы­ның Даулет ауылында, Батыс Қазақ­стан облысының Жаңаөмір ауылында спорт нысандары пайдалануға берілді. Мұн­дай кешендер жергілікті балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйым­дастыруға мүмкіндік береді. Қор мәліме­тінше, соңғы бес жылда түрлі нысан­дағы 18 спорт кешені салынған. Бұл спорт­ты 740 мың тұрғынға қолжетімді етті.

 

Қор қамқорлығындағы 200-ден аса бала білім
гранттарына ие болды

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында «Самұрық үміті» жобасы басталды. Мақсаты – балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне мамандықты саналы таңдауына көмек беру. Бүгінгі күні 100 баланың 39-ы жұмысшы мамандық бойынша орта техникалық оқуға түсті. Оларға «Самұрық-Қазына» қорының қызметкерлері тәлімгер ретінде бекітіліп, кәсіби және тұлғалық дамуына қолдау көрсетіп келеді. Болашақта «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына жұмысқа қабылдануына мүмкіндіктері зор. Әлеу­меттік осал топтарға арналған «Жарқын болашақ» жобасы аясында Маңғыстау облысынан 177 бала колледжге оқу грантын алып, оның 56-сы биыл оқуды тәмамдады. Жыл сайынғы «Туған елге саяхат» жобасы кәсіптік бағдарлау форматына ауысып, 400 бала еліміздің 5 өңірінде тарихи және өндірістік орындар­ды аралады. Ал «Exxon Mobil» компаниясымен бірлесе іске асқан «Stem Hanym» жобасы Атырау облысындағы 1 мың әйелге мүмкіндік ашты. STEM бағытында білім алғандардың 300-і арнайы сертификатталған тренер атанды.

 

Зағип жандарға арналған кітапхана мен мәдени-әлеуметтік ошақтар

«Самұрық-Қазына» қоры елдің мәдени-рухани дамуына тұрақты қолдау білдіріп, төл өнеріміз бен тарихымызды дәріптейтін жобаларды жүзеге асырып келеді. Қордың бастамасымен ашылған мәдени-әлеуметтік ошақтар – жас ұрпақтың рухани азығы мен ұлттық сананы қалыптастырудың алтын діңгегі. Былтыр Оралда креативті хаб, Қызылордада жаңа тарихи-өлкетану музейі ашылды. Семейде көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана, Тараз және Шымкент қаласында егде жастағыларға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысын бастады. Биыл Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық мұражайы ауқымды жөндеуден өтіп, өнерсүйер қауымға жаңа бейнеде есігін айқара ашты.

 

Әр теңгенің есебі: қоғам алдындағы ашықтық пен жауапкершілік

Қайырымдылық – тек ізгі іс қана емес, халық алдындағы абыройы жоғары, жауап­кершілігі зор іс. Сондықтан әр теңгеге есеп – қажеттілік емес, міндет. 2025 жылы «Samruk-Kazyna Trust» жыл сайынғы дәстүрін жалғастырып, қайы­рымдылық қызметінің қорытынды­ларын Астанада өткен «Қайырымдылық. Сенім. Серіктестік» атты есептік шарасында таныстырды. «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Аль­фия Адие­ваның айтуынша, әрбір жоба жүйелі, серіктестікке негізделген, нә­ти­же­ге бағытталған тиянақты істер жиынтығы.

«Жыл өткен сайын әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық қажеттілік­ пен сұраныс артып келеді. Осыған сәйкес елдің нақты мұқтажына бағытталған жобалар саны да жыл сайын көбейіп отыр. Соңғы 10 жыл ішінде 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылып, жаңа нысандар пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орыны ашылды. Тек биылдың өзінде 600-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды», – деп атап өтті Альфия Адиева.

2026 жыл – «Samruk-Kazyna Trust» қорының құрылғанына 10 жыл. Сон­дықтан игі істер еселене түсіп, ел игілігіне бағытталған әлеуметтік жобалар ауқымы кеңейіп, әрбір отандасымыздың өміріне оң әсер ететін нәтижелермен жалғасын табады.

 

Назерке Сүлейменова 

Соңғы жаңалықтар