Халқының жүрегінен орын алған, елінің болашағы үшін аянбай қызмет еткен біртуар тұлғаға тағзым ету шарасына Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, Халықаралық Д. Қонаев қорының президенті Эльдар Қонаев, М.Әуезов музейінің директоры Дияр Қонаев, Дінмұхамед Ахметұлының қызметтестері мен туған-туыстары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Іс-шара барысында сөз алған Эльдар Асқарұлы: «Бүгін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толып отыр. Ол – еліміздің дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Оның ерен еңбегі мен мемлекетшіл болмысы Қазақстан тарихында айрықша орын алады», деді.
Сондай-ақ іс-шара аясында РМК «Ғылым ордасы» академиясы атынан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қатысты барлық ресми құжаттар Д.А.Қонаев музейінің қорына табысталды. Бұл құнды мұра ұлы тұлғаның саяси, ғылыми және қоғамдық қызметін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, іс-шараға жиналған қонақтар үшін Д.А.Қонаев музейі мен мемориалды пәтер-музейінде арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, музей қызметкерлері Дінмұхамед Ахметұлының өмір жолы, ел басқарудағы кемеңгерлігі мен адамгершілік болмысы туралы тың деректермен бөлісті.