Тағы бір аурухананың қызметкері BBC-ге берген мәліметінде хирургтер қатты жетіспейтінін және жараланғандар ағынын игере алмай отырғанын айтқан. Дереккөздер жарақаттардың басым бөлігі көшедегі қақтығыстар кезінде алынғанын көрсетеді.
Ирандағы наразылықтар: мешіттер өртеніп, құрбандар туралы мәлімет тарады
Жағдайдың ушығуы аясында жұма күні кешке Тегеранда жанып жатқан көліктер мен наразылық білдірушілердің жаппай жиналғаны тіркелді. Reuters агенттігі жариялаған кадрларда түнгі уақытта болған тәртіпсіздіктер көрініс тапқан.
Үкіметке қарсы акциялар елдің ондаған қаласында өткен. Құқық қорғау ұйымдарының екеуінің дерегінше, қаза тапқан наразылық білдірушілер саны кемінде 50 адамға жеткен. Алайда бұл ақпаратты тәуелсіз түрде тексеру өте қиын: бейсенбі кешінен бері Иранда интернет толық өшірілген, ал шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары ел ішінде жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған.
Соған қарамастан, BBC Starlink спутниктік интернеті арқылы ирандық дәрігерлердің бірімен байланыс орната алған. Ол жедел қызметтердің шамадан тыс жүктелгенін және елордадағы медициналық жүйе мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп жатқанын растаған.
Иранның тақ мұрагері Реза Пехлеви халықты жаппай наразылыққа шығуға шақырды
Осы уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның «үлкен қиындыққа тап болғанын» айтып, Тегеранға қатаң ескерту жасады. Бұған жауап ретінде Иран билігі наразылықтар «жаулық сипаттағы арандату әрекеттері мен жаппай вандализмге айналдырылды» деп, АҚШ-ты айыптады. Бұл жөнінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тиісті хат жолданған.
Айта кетейік, бірқатар БАҚ-та Иранның рухани жетекшісі Мәскеуге қашуды жоспарлап отырғаны жарияланды.