Қаланың 31-ші кітапханасына айналған жаңа нысан оқу дәстүрінің құндылықтарын цифрлық технологиялармен, заманауи білім, кең ауқымды ақпараттық ресурстармен ұштастыра алады.
Кітапхананың ашылу рәсіміне Алматы тұрғындары, қала басшылығының өкілдері, белгілі жазушылар, қоғам қайраткерлері және мәдени қауымдастық өкілдері қатысты.
Кітапхана тұсаукесерінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сөз сөйлеп, қаланың әр ауданында мәдени орталықтар мен кітапханаларды ашу – әлеуметтік инфрақұрылымды тұрғындар үшін қолжетімді етуге бағытталған маңызды істің бірі екенін атап өтті.
Кітапхана заманауи талаптарға сай қалыптасқан ауқымды кітап қоры мен жетілдірілген материалдық-техникалық мүмкіндіктерінің арқасында жасы мен қызығушылығы әртүрлі оқырмандардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Мұнда компьютермен жұмыс істеуге арналған арнайы зал, жеке оқу үшін қолайлы тыныш аймақтар, сондай-ақ бірлескен кездесулер мен шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға лайықталған кеңістіктер қарастырылған.
Сонымен қатар, кітапхананың басты ерекшеліктерінің бірі - ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Олар көзі нашар көретін және зағип оқырмандарға арналған Брайль бағдарламалары мен дыбыстық интерфейстермен жабдықталған.
«Мұндай жаңа әрі заманауи кітапханалардың ашылуы – ой мен білімді тоғыстырып, ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтеретін маңызды мәдени кеңістік. Бұл бастама оқырман мәдениетінің дамуына зор серпін береді деп сенемін», деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Жаңа кітапхананың ашылуы қаланың мәдени инфрақұрылымын дамытудың маңызды қадамы болып, алматылықтар үшін жаңа тартымды орталыққа айналмақ. Кітапхананың басты артықшылықтарының бірі – 20 мыңға дейін кітапты қамтитын бай әрі мазмұнды кітап қоры.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында 31 қалалық кітапхана бар болса, олардың үшеуі тәулік бойы қызмет көрсетеді.