Экономика • Бүгін, 08:40

Салық төлеуді кейінге қалдырғандар ұтты...

4 мин
оқу үшін

Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рынан төленетін қаражатқа жеке табыс салығы салынбайды. Жаңа Салық кодексіндегі бұл өзгеріс қызу талқыланған мәселеге айналды. Себебі кейінгі бірнеше жылда мыңдаған отандасымыз зейнетақы жина­ғын­­дағы «ар­тық ақшасын» тұрғын үй алуға, ипотека жабуға немесе ем­делуге пай­даланып, сол кезде 10 пайыз салық төлеген еді. Енді көп­ші­лік­тің көкейін­де «бұрын төленген салық қайтарыла ма?» деген сұрақ тұр.

Салық төлеуді кейінге қалдырғандар ұтты...

Бұған дейін Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қорынан алынатын тө­лемдер табыс ретінде есептеліп, оған 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынатын. Бұл талап міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары  мен ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан барлық төлемге ортақ болды. Қол­даныстағы жүйеде азаматтарға екі түрлі таңдау берілген-тін. Бірі – салықты ақша түскен сәттен бірден төлеу. Екіншісі – салықты кейінге қалдырып, зейнетке шыққан кезде бөліп өтеу.

Зейнетақы қорындағы жинақ­ты пайдаланған кезде кей азаматтар жеке табыс салығын кейін төлеу тәсілін таңдаса, енді бірі салығын сол мезетте бірден төлеп тастаған еді. Қазір заң өзгеріп, кей нормалар күшін жойған соң көпшілік салған ақшасы қайтады деп үміттеніп жүр. Бірақ салық маманы Балжан Бақытқалиқызының сөзінше, заң­ның кері күші болмайды.

«Жаңа Салық кодексі аясын­да зейнетақы қорынан ақша ал­ған кезде жеке табыс салығы ұстал­майды. Бірақ бұрын төленген салық кері қайтарылмайды. Себебі заң бүгін қабылданса, ол ертеңнен бастап күшіне енеді, бірақ бұ­рынғы кезеңге қолданылмайды. Кей жағдайда ғана ерекше ретрос­пективті норма­лар болуы мүмкін. Бірақ тура осы санатқа ондай тетік қарасты­рылмаған. Сондықтан бұрын бюджетке аударылып кеткен салық қайта­дан зейнетақы қорына қайта­рылмайды», дейді маман.

Ал егер азамат «салықты зей­нетке шыққанда ұстасын» де­ген белгіні қойған болса ше? «БЖЗҚ» акционерлік қоғамы филиалының басқарушы директоры Мұрат Шә­ріпов бұл сұраққа жауап бер­ді. «Тұрғын үйге немесе емделу­ге пай­­даланылған зей­нетақы жинақтарына қатысты кейінге қалдырылған жеке табыс салығы міндеттемелері толықтай жойылды. Яғни зейнетақы қорын­дағы артық ақшасын пайда­ланып, салық төлеуді кейін­ге қалдырғандар енді бұл салық­ты төлемейді. Жаңа Салық ко­дек­сіне байланысты мұндай мін­­дет­теме жоқ енді. Алайда Ко­декс­те бұрын ұсталған немесе тө­лен­ген жеке табыс салығын кері қайтару қарастырылмаған», деді М.Шәріпов.

Өзгерістер ерікті зейнетақы жарналарына да қатысты. Жаңа кодекс бойынша 2026 жылдан бас-тап ерікті зейнетақы жарналарына берілетін салықтық шегерімдер жойылады. Ерікті жарналар есе­бінен төле­не­тін қаражат та жеке табыс салы­ғынан босатылады. Со­ны­мен қатар жұмыс берушінің мін­детті зейнетақы жарналары да кезең-кезеңімен өсіп келеді. Биыл оның мөлшері қызметкер жала­қысының 3,5 пайызына дейін көте­рілді. Бұл жүйе негізінен 1975 жыл­дан кейін туған азаматтарға арнал­ған. Себебі олардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі аз немесе мүлде жоқ.

Нәтижесінде, болашақта мұн­дай азаматтардың зейнетақысы үш бөліктен құралады. Біріншісі – мемлекет төлейтін базалық зейнетақы, екіншісі – азаматтың өз жинағы, үшіншісі – жұмыс беруші аударатын міндетті зейнетақы жарналары. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, қазір қор активтері 25,9 трлн теңгеге жеткен. Кейінгі бес жылда отандастарымыз тұрғын үй, емделу және өзге де мақсаттарға шамамен 5,7 трлн теңге пайдаланған. Оның едәуір бөлігі ипотека мен кредит жабуға жұмсалған.

Соңғы жаңалықтар

Болған ана шапаны

Руханият • Бүгін, 09:47

Жастар жиі оқитын кітаптар

Қоғам • Бүгін, 09:44

Әлемдік додада топ жарды

Технология • Бүгін, 08:50

Пайдасы көл-көсір көмір күлі

Аймақтар • Бүгін, 08:49

Ғабит ғибраты

Руханият • Бүгін, 08:45