Университет жанынан «Тағам қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасы ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Зертхананың негізгі мақсаты – тағам өндірісі саласында жаңашылдыққа бет бұру, өңдеу саласын дамыту, өңірде тағам қауіпсіздігі мен сапалық көрсеткіштерін анықтау бойынша қызмет көрсету. Дәл осы зертхана ғалымдары киік етінен шұжық жасаудың технологиясын ойлап тапқаны жөнінде тамыз айында ғана оқырмандарымызды хабардар еткен едік. Енді, міне, зертхана жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Аян Оразов тағы бір жаңалықпен қуантып отыр.
«Әңгімені сәл әріден бастасам, түйе сүтінен балмұздақ, йогурт жасау идеясы 2023 жылы басталған. Ғылыми ізденісім, кандидаттық диссертациямның тақырыбы да осы еді. Диссертациямды сәтті қорғап, жас маман ретінде еңбек жолымды бастаған кезде жас ғалымдарды қолдайтын грант жобасы байқауына қатыстым. Сөйтіп, түйе сүтін қайта өңдеп, пайдалы қасиеттерін ескере отырып, жаңа өнім алу идеясы мемлекеттік қолдауға ие болды. Үш жылға жоспарланған грант – 24 млн теңге қаржыға ғылыми-зерттеу жүргізілді, ғылыми жұмысқа қажетті материалдық-техникалық базаны нығайттық. Яғни зерттеуге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Халықаралық беделді басылымдарда мақалалар жарияланды. Ғылыми өнертабысқа патент алынды. Түркия, Эстония елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, осы өніммен таныстырдық. Шетелдік әріптестеріміздің арасында жаңа өнімге қызығушылық танытушылар аз емес. Олар түрлі сұрақ қойып, байланыс деректерімізді алып жатады. Болашақта олардан ұсыныс болып жатса, бірге жұмыстануға дайынбыз», дейді Аян Жарылқасынұлы.
Сонымен, оралдық жас ғалымдар ұсынып отырған жаңалықтың мәні қандай? Қазіргі жасөспірімдер, кішкене сәбилер арасында дұрыс тамақтанбау салдарынан туындаған мәселе көп. Мамандар балалардың тағам рационын реттеу жөнінде көптен дабыл қағып келеді. Мәселен, адам ағзасындағы құрастырушы материал – ақуыз. Қазіргі балалар табиғи тағамдардан жеріп кетті, тез дайындалатын, қорытылуы қиын көше тағамын жиі тұтынады. Міне, осындайда кез келген бала қуана қол созатын балмұздақ пен йогурттың өзін «өзгертіп», пайдалы етуді оралдық ғалымдар ұсынып отыр.
«Сиыр сүтіне қарағанда түйе сүтінің ақуыз мөлшері көбірек, ол түйенің түріне байланысты өзгеріп отырады. Ұлттық сусынның бірі – шұбаттың ерекше қасиеті осында. Біздің балмұздақты жеген балалар дәл осы шұбат ішкендей болып, ағзаға қажетті ақуыз мөлшерін балмұздақтан алады», дейді А.Оразов.
Мәселенің екінші жағы да бар – адам түрлі болады, қазіргі балалар пайдалы ұлттық сусындарды ұнатпауы мүмкін, шұбатты іше алмайтындар да бар. Ал оралдық жас ғалымдар шұбаттың пайдалы қасиеттерін, түйе сүтіндегі пайдалы сүтқышқылды бактерияларды алып, йогуртке енгізуді жөн көрген. Бүгінде түйе сүтінен әзірленетін балмұздақтың патенті алынған. Ал биологиялық белсенді қоспаны талдап-тексеріп, сараптама жасау үшін кемінде бір жыл уақыт керек. Қазір тиісті орындарға ұсыныс берілген.
«Түйе сүтін Батыс Қазақстан, Атырау облыстары аумағындағы шаруа қожалықтарынан алып жатырмыз, бұл мәселе өте өзекті. Түйе шаруашылығы Батыс Қазақстан өңірінде тапшы, болашақта бұл мәселені ескеру керек. Алдымен түйе сүтінің құрамына талдау жасалып, сапасы тексеріледі. Одан кейін сүтті салқындатып, рецебіне сәйкес өнімдерді қосып, фрезерлеу үдерісінен өткіземіз. Балмұздаққа арналған қоспаны ауамен қанықтырып, қатырып, дайын өнім аламыз. Бұл балмұздақ ағзасында ақуыз жетіспейтін балаларға өте пайдалы. Ондай балалар аз емес», дейді Аян Жарылқасынұлы.
Балмұздақтың тағамдық құндылығын жоғарылату мақсатында ақуыз концентраты қосылатынын айттық. Бұл да сүттен әдейі бөлініп алынған өнім, 85–90 пайызға дейін ақуыздан тұрады. Ғалымдар оны балмұздақтың рецебіне қосып, рецепті математикалық модельдеу арқылы қанша ингредиент қажет екенін есептеп алған. Осы екі қоспаны қосу арқылы жоғары ақуызды балмұздақ дайындалады.
Йогурт жобасындағы бір ерекшелік – ғалымдар сүт құрамынан пробиотикалық қасиеті бар сүтқышқылды бактерияларды бөліп алып, йогурттың құрамына қосады. Оның әсерін зерттеп, пайдалы қасиетін тексереді. Бұл сүт қышқылы бактериялары адам ағзасына өте пайдалы әсер береді, ішек микрофлорасын жақсартып, пайдалы бактериялармен қамтамасыз етеді. Асқазан-ішек жолдарында болатын аурудың емі.
«Барлық құжат жинақталған соң, жоба коммерцияландыру байқауына қатысады. Өнертабыстар арқылы, ғылыми-техникалық зерттеулердің қорытындысы негізінде алдағы уақытта осы өнімдерді өндіріске ұсынамыз. Елімізде шығарылатын отандық өнімдер ассортиментін кеңейтуге өз үлесімізді қосамыз деген ойдамыз», дейді А.Оразов.
Батыс Қазақстан облысы