Сурет: gov.kz
Шәкәрім университетінде болған форсайт-сессия жұмысына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн қатысып, кәсіби кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында адам капиталын дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту, кәсіптік білімнің практикалық бағытын күшейтуді негізгі міндет ретінде белгілеген болатын. Осыған орай өткен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл кадрлық саясат ел экономикасының тұрақты дамуы үшін өзекті мәселе екенін көрсетеді», деді министр.
Сондай-ақ ол 2022 жылдан бері «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 24 саланы қамтитын 9 өңірлік карта әзірленгенін, 100 мыңнан астам оқушы кәсіби бағдарлау диагностикасынан өткенін, 290 білім бағдарламасы пысықталғанын жеткізді. Бұл бастамалар білім мен еңбек нарығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге арналады.
Шәкәрім университетінің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов елімізде 9 өңірде жаңа кәсіптер атласы дайындалғанын мәлім етті. Ол қазіргі цифрландыру дәуірінде біраз мамандықтар жаңаша сипат алып, жаңа дағдылар қалыптасады деп болжайды.
Жиында Абай облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Вилена Жақыпбаева өңірге қажетті кадрлық картасын әзірлеудің маңызына тоқталды. Ол аталған карта білім беру ұйымдарына жаңа бағдар беріп, жұмыс берушілердің сұранысын нақты айқындауға мүмкіндік туғызатынын айтты. Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы «Мамандығым – болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов жобаның мәні мен міндеттерін жан-жақты түсіндірді.
«Жаңа кәсіптер мен міндеттердің атласын әзірлеу – қала мен ауыл арасындағы экономикалық алшақтықты азайтуға, еңбек нарығы мен білім беру саласындағы қажетті ақпараттармен қамтуға, өңірдегі еңбек өнімділігі мен халық табысын арттыруға бағытталған», дейді ол.
Сессияға қатысушылар Абай облысының экономикалық мүмкіндіктерін, трендтерін, сын-қатерлерін де сарапқа салды. Алдағы уақытта өңірде сұранысы артып келе жатқан жаңа кәсіптер мен қажетті мамандықтар, кадр саясатын жетілдірудің жолдары айқындалып, облыстың кадрлық қажеттілігінің нақты картасы әзірленеді. Бұл карта облыстың әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын жетілдіріп, білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайта түсері сөзсіз.
Абай облысы