Фото: islam.kz
Елімізде білім алуды көбіне Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай және Ресей азаматтары таңдайды.
24.kz мәліметінше, оларды еліміздегі оқу ақысының қолжетімділігі мен халықаралық бағдарламалардың болуы, дипломдардың мойындалуы қызықтырады.
Шетелдік студенттер медицина, педагогика, бизнес пен құқық, инженерия және IT салалары бойынша отандық ЖОО дипломын алуда негізінен ұлттық университеттерді таңдап отыр. Бұл Қазақстанның Оңтүстік және Орталық Азия елдері үшін кадр даярлаудың маңызды орталығына айналып келе жатқанын, сондай-ақ білім беру қызметтерін экспорттаудағы көшбасшылық орнын нығайтып отырғанын көрсетеді.
Елімізде қанша шетелдік студент білім алып жүр?
«Біздің жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын ұлттық және халықаралық аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өткізіп жатыр. 2010 жылы Қазақстан Болон декларациясына қол қойып, бүгінде 47 еуропалық елді біріктіретін Еуропалық жоғары білім кеңістігінің толыққанды мүшесіне айналды. Бұл аккредиттеу агенттіктерінің халықаралық деңгейде танылуы тиіс екенін білдіреді. Қазіргі таңда елімізде 13 аккредиттеу агенттігі бар, олардың барлығы еуропалық тізілімге енгізілген. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азиядағы Еуропалық жоғары білім кеңістігінің жалғыз толыққанды мүшесі болып табылады», деді Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының директоры Әлібек Мәдібеков.
Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы директорының айтуынша, министрлік бұдан бөлек, Токио конвенциясын ратификациялау бойынша ауқымды үдерістерді қолға алған. Бұл Азия мен Тынық мұхиты аймағында білім беру саласында жаңа нарықтарға жол ашады.
2029 жылға дейін шетелдік талапкерлерге арналған біртұтас онлайн-портал әзірленеді. Онда үміткерлер «бір терезе» қағидаты бойынша жоғары оқу орындары туралы ақпарат алып, құжат тапсырып, өтінімдерді рәсімдеп, шақыру хаттарын, оферлерді және визаларды цифрлық форматта ала алады. Министрліктің бұл барлық рәсімді едәуір жеңілдетуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Бұған дейін Алматыда қанша шетелдік студент білім алып жүргенін хабарлағанбыз.