Тұлға • 09 Қаңтар, 2026

Абайтанудың алыбы

110 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көрнекті ғалым, ұлт руханиятының ірі тұлғасы, ұстаз, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР гимнінің авто­ры, Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы, абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану, алаштану, мәтінтану ғылымының біртуар тұлғасы Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдық мерейтойы Семейде басталды.

Абайтанудың алыбы

Шәкәрім университеті, М.Әуезов атындағы педагогикалық кол­леджі мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада әуелі М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлына тұрғызылған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Бұдан кейін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абайтанудың асқан білгірі» атты мәдени іс-шараның куәсі болдық. Келген қонақтар «Алдымда ақын Абай – темірқазық» арнайы көр­месін аралап, ғалым мұрасымен кеңірек танысты.

Жиында құттықтау тілегін біл­дірген Абай облысы мәдениет, тіл­дерді дамыту және архив ісі бас­қар­масының басшысы Жанжігіт Омархан Қайым Мұхамедханұлы­ның 110 жылдық мерейтойы өңірде жыл бойы өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, облыс әкімі Берік Уәли­ұлының тапсырмасымен ғалым­ның еңбек жолын насихаттауға бағытталған рухани-танымдық жоба­лар ұйымдастырылмақ және мерей­той қарсаңында республика­лық деңгейде ғылыми конференция өткізу жоспарда екен.

Музей директоры Ұлан Болат­ұлы Абай мұражайы М.Әуе­зов пен Қ.Сәтбаевтың бастамасымен құрылғанын, Қайым Мұха­мед­хан­ұлы хакімнің рухани қазына­сын мұқият сараптап-жинақтап, жан­кешті еңбек еткенін айтты. Ал Шәкәрім университетіне қарасты «Абай және ұлттық руханият» орталығының басшысы Ақмарал Смағұлова ғалымның шығармашылық мұрасын зерттеуге ұстазы, филология ғылым­дарының докторы, профессор Арап Еспембетовтің бағыт бер­генін әңгімеледі. Оның сөзінше, қаладағы бұрынғы Ин­тер­национал көшесін Қайым Мұхамедханұлының атына ауыстыру да оңайға соқпаған. Осы көше бойындағы әр үйдің есігін қағып, келісім жинау үшін біраз тер төккен. Бұған Арап Еспембетов­пен бірге Қ.Мұхамедханұлының шәкірті, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева зор үлесін қосқан көрінеді.

– Қайым Мұхамедханұлы – қазақ әдебиеттануындағы тұлғалық фено­мен. Ол тек абайтанушы, шәкәрім­танушы ғана емес, ғылыми әдіс, ұлттық жауапкершілік және дерекке адалдықтың үлгісін қалып­тастыр­ған зерттеуші. Осы тұрғыдан Қайым мұрасын жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі қайымтану атты дербес ғылыми бағыттың қалыптасуын талап етеді. Ол Алаш ойымен тамырланды. Алаш аңсарын, Алаш аманатын жеткізу үшін жаралғандай. Себебі Қайым – Алаш арыстарының әңгіме-дүкенін рухына сіңіріп өсті. Елдің танымал ақын-әншілерінің сағаттап отырып ән мен жырға толтырған өнер базарының куәсі болды, – деді Ақмарал Смағұлова.

Ғалымды көзі тірісінде екі рет көріп, ғылыми зерттеуге кіріскен қаршадай қыз бүгінде филология ғылымдарының кандидаты. ­Ұла­ғатты ұстаз туралы әр сөзі тебі­реніске толы.

– «Мұхтарды сат, диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбек­теріңнен бас тарт, жазаң жеңіл­дейді». Бұл – Қайымның сегіз ай тергеуде жатқанда естігендері. Тер­геушілердің лажсыздан ойлап тапқан әрекеттері еді. Әдебиетті саясаттың құлы еткен қоғам Қайым­ды өз үдесінен шығара алмады. Себебі жалған айта алмады. Осы мінезі оны ҚарЛаг-тың қан шең­ге­ліне тоғытты. Иә, ол ғұлама Мұхтардың жанторсығы атанды. Тіпті жазықсыз айыптауларда «Әуезовтің көлеңкесі» деушілер де болды. Ол, шын мәнінде, Мұхтардың ғылымдағы сенімді серігі, рухани інісі еді. Ал оларды телқоңырдай жақындастырған Абай, – дейді Ақмарал Төлеуғазықызы.

Бұдан соң ғалымды еске алу кеші М.Әуезов атындағы педагоги­ка­лық колледжде жалғасып, «Өзі – музей, өзі – архив, өзі – мектеп» атты рухани шара өтті. Open space форматында өткен іс-шараға Семей қаласының білім бөлімі басшысы Дидар Асқарқызы, Астана қала­лық Қайым Мұхамедханұлы атын­дағы №90 гимназияның директоры ­Гүл­жанар Асанова, сонымен қатар ғалымның ұрпақтары қатысты.

Кешті аталған коллеждің директоры Шағангүл Алдамжарқызы жүргізіп, университетте ғалымның дәрісін төрт жыл тыңдаған бақытты шәкірттің бірі екенін айтты.

– Лекциясына көп газет алып келетін. 82–86-жылдардың аралы­ғы. Сол кездің өзінде аға Алаш идеясын айтып отыратын, – дейді Ш.Жанаева.

Іс-шара барысында Қайым Мұхамедханұлының ғалымдық бол­мысы, азаматтық ұстанымы, Абай мұрасын сақтау жолындағы қажырлы еңбегі мен ұлт ғылымына қосқан үлесі туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Оның ішінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сләмұлының естеліктерін жиналған жұрт ерекше ықыласпен тыңдады.

– Ғалымның Абай музейіне сіңірген еңбегі – қазақ рухания­ты тарихындағы өлшеусіз мұра. Ол Абайдың өмірі мен шығарма­шы­лығын ғылыми тұрғыда жүйе­леп қана қоймай, ұлттық сана­ның өзегіне айналдырды. Абай музейін қалыптастыру, қорын байы­ту, ғылыми беделін арттыру жо­лын­дағы қажырлы еңбегі арқылы Қайым Мұхамедханұлы ұлтқа мәң­гілік қызмет етті. Бүгінгі шара «өзіне және еңбегіне сенген», жазықсыз түрме тозағын бастан кешкен қайраткер тұлғаға деген құрметтің бір көрінісі, – дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемо­риал­дық музей-қорығының директоры Ұлан Болатұлы.

Семей қаласының білім бөлімі­нің басшысы Дидар Асқарқызы Астанаға Қайым Мұхамедханұлы есімін танытқан, насихаттаған – ғалымның шәкірті, ұстаз Ербол Іргебай екенін айтты.

– Ол – Қайым Мұхамедханұлы­ның ғылыми және мәдени мұра­сын зерттеу, түсіндіру және насихаттау ісіне айрықша үлес қос­қан қайымтанушы. 1951 жыл­ғы 1 жел­тоқсанда тұтқынға алы­нып, 1952 жылы «КСРО-ның сая­си жүйесіне қарсы күрес жүргізді» деген жалған айып тағылып, 25 жыл­ға бас бостандығынан айырылып, темір торға жабылған ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханұлы «Бала­ларыма» атты өлеңінде «Алтын көріп адал жолдан таймадым» деп жазыпты. Міне, осы өлең жолдарын Ербол Ісләмұлы әрдайым аузынан тастамай, ұран ретінде айтып, ұстазы Қайым Мұхамедханұлының ұстанымын басшылыққа алды, – дейді.

Оның айтуынша, Ербол Ісләм­ұлы 2020 жылы 19 қарашада «Астана ақшамы» газетіне «Ұлылардың із­басары» атты көлемді мақала жа­рия­лаған. Онда Қайым Мұхамед­ханұлының өмірі мен шығар­машылығын жастарға таныстыру, тұлғасын ұлықтау жобаларын іске асыру бағытында қоғамдық ұсыныстар мен идеялар ұсынған.

– Қайым Мұхамедханұлы бар қажыр-қайратын ұлы Абай шығар­маларын зерттеуге арнаса, Ербол Іргебай бар күш-қуатын Қайым Мұхамедханұлы мұрасын жинақ­тап, ғалым мұрасын насихаттауға сарп етті. Ербол Іргебай ғылым жолындағы жетекшісі Тұр­сын Жұртбаймен бірге Қайым Мұхамедханұлының 10 томдық шы­ғар­малар жинағын құрастырды. Бұл – қазақ әдебиеті мен абайтану саласындағы маңызды бастама. Жинақта Абайдың ақындық мектебі туралы тұжырымдарын, текстологиялық еңбектерін, Алаш арыстары мұрасын сақтаудағы ерлігін, ұлттық әдебиет тарихындағы орнын ғылыми деректерге сүйене отырып талдаған, – дейді Семей қаласының білім бөлімі басшысы.

2018 жылы Астанада Қайым Мұхамедханұлының атына көше берілді. 2010 жылдан бастап Ербол Ісләмұлы Астанадағы бір мектепке Қайым Мұхамедханұлы есімін беру туралы басқармаға ұсыныс тастап, әр жылы министрлікке хат жазып, рухани күрес жүргізеді. Сөйтіп, 2020 жылы Астанада жаңадан ашыл­ған №90 гимназияға Қайым Мұхамедханұлының есімі беріледі. Мек­тепке тұлғаның есімі берілу жөніндегі құжаттарға денсаулығы сыр берсе де, ауруханада жатып қол қойып, бар жан-тәнімен еңбек­теніпті.

– Ербол Ісләмұлы Қайым Мұхамедханұлына арнап «Ер қазақ» деген журнал шығарды. «Ер қазақ» және «Қайым» деген сөздерді егіз деп қарайтын. Қайым оқулары да жыл сайын қалалық деңгейде өтетін, биыл аумақтық көлемде өткізілу жоспарланып отыр, – дейді Дидар Асқарқызы.

Абайдың әдеби ортасын, шәкірт­терін, ақын мұрасының тексто­логиялық мәселелерін терең зерттеп, ұлттық руханияттың дамуына айрықша еңбек сіңірген ғалым еңбектерін дәріптеу жыл бойы жалғаса бермек.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар