Әлем • 09 Қаңтар, 2026

Венесуэла бұл күйге қалай түсті?

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

АҚШ Венесуэла аумағында арнайы операция жүргізіп, ел астанасы Каракаста президент пен жұбайын ұстап әкеткені әлемді дүр сілкіндірді. Мұның себебін Америка тарапы «Венесуэла президенті Николас Мадуро наркотерроризмге жол беріп, сайлау нәтижесін бұрмалады» деп түсіндірді. БҰҰ АҚШ-тың бұл әрекетін орынсыз деп айыптады. Осы орайда біз қойнауы мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа толы Венесуэла әлемдегі кедей елдердің қатарына қалай қосылғанына тоқталайық. 50 жыл бұрын халқының әлеуметтік жағдайын жақсартқан Венесуэлаға дүние жүзі тәнті болған еді. Алайда қазір тұрғындарының көпшілігі кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр.

Венесуэла бұл күйге қалай түсті?

wikiway

ХХ ғасырда Венесуэла Латын Америкасындағы ең кедей елден әлемдегі ең бай елдердің біріне айналды. 1970 жылы бұл мемлекет әлемдегі ең бай 20 елдің қатарына енді. Оның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) Испания мен Израильден әлдеқайда жоғары болған.

Елдің сол кездегі президенті Уго Чавес Венесуэланы 14 жыл басқарды. Ол билік басын­да тұрған шақта табиғи ресурс­тардың бағасы шарықтап өскен. Бұл Чавеске мемлекет қазынасын толтырып, әлемдік аренадағы беделін нығайтуға көмектесті. Мәселен, 2013 жылы ол қайтыс болған кезде де мұнай барреліне 111 долларды құрап, жанармай барреліне 10,53 долларға сатылған.

Венесуэла – табиғи ресурс­тарға бай ел. БАҚ-тағы мә­ліметтерге сүйенсек, елдің мұнай мен газын сатып, тіпті шетелге берсе де байлыққа кене­ліп отыруға болады. Алай­да The Washington Post газе­тінің жазуынша, әлемдік нарық құлдыраған кезде елде табиғи ресурстар қоры бол­маған. Өйткені Чавес сол кез­­дегі ел экономикасын социа­листік мақсатта қайта құ­ры­лымдаған. Ол «жабайы неолибералдық капитализмді» айыптап, Куба социализмін «бақыт теңізі» деп бағалады. Осылайша, ол өзінің социализмге барар жолын «нарықты толық мемлекеттік бақылау» деп санады. Салдарынан Чавес билігінің соңында халықтың 80 пайызы кедейге айналды.

«Социализм Венесуэланың экономикасын құрдымға жі­берді», деп жазады The Washington Post экономикалық сарапшысы Мэтт О’Брайен. Оның айтуынша, Венесуэлада көптеген тауар өз құнынан төмен бағада сатылып, үкі­мет белгілеген бағадан басқа баға белгілеген компания бас­шылары қылмыстық жауапкер­шілікке тартылған. 2008 жылы әрбір үшінші венесуэлалық мемлекеттік органдарда немесе мемлекеттік компанияда жұмыс істеген. Мемлекеттік кірістер кедейлерді қолдауға және банкрот компанияларды қаржыландыруға жұмсал­ғанымен, мұнай бағасының құлдырауы мұндай жомарттық танытуға мүмкіндік бермеді. 2016 жылы мұнай бағасы барре­ліне 27-57 доллар аралығында құбылып тұрды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда бірнеше есе аз болды. Елде экспортқа арзан табиғи ресурстардан басқа ұсынатын экономика секторлары болмады. 2016 жылы инфляция 225 пайызға, ал екі жылдан кейін 14 мың пайызға жетті. Азық-түлік себеті 481 пайызға қымбаттады.

Жергілікті халық бұрын какао мен кофе өндіретін, бірақ кейін үкімет бұл өнімдерді «реттеген» соң, экспорт та жоғалып кеткен. Өйткені шаруалар кофе плантацияларын ірі көлемде өндіргенімен, үкіметке төмен бағада, тіпті тегін беруге мәжбүр болған. Ғалымдардың айтуынша, қазір Венесуэладан ешбір шектеусіз экспорттауға болатын жалғыз нәрсе – асқабақ. «Ал ол өзгеге қажет пе?» деп ашынады шаруалар.

Венесуэла банкноттарды басып шығаруға әлеуеті жетпей, екі апта сайын Германиядан елге ақша толтырылған Боинг қатынап отырған. Бизнесті қалпына келтіруге мамандар тапшы болды. 2014 жылы Венесуэладан түрлі саладағы 1,2 млн жоғары білікті маман кеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, 2014 жылдан бері 3 млн венесуэлалық көршілес Колумбияға қоныс аударған, кейбірі Эквадор, Перу, Аргентина, Чили және Бразилияға көшкен.

2017 жылы наурызда АҚШ-тың Батыс жарты шар бойынша кіші комитетінің тыңдауында Джорджтаун университетінің профессоры Гектор Шамис венесуэлалықтардың 82 пайызы кедейшілікте өмір сүретінін, олардың 52 пайызы өте кедей шегінде екенін мәлімдеген. Ал 2021 жылдағы жағдай бо­йынша халықтың үштен бірі аштықтан зардап шеккен. Елде тауар жетіспеушілігі туындап, тұрғындар кезекке тұруға немесе қара базарда өте жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр болды. 2023 жылдың қазан айында Венесуэладағы баға 317 пайызға өсіп, әлемдегі жылдық инфляция ең жоғары елдердің рейтингісінде көш бастады. Қазір елде тұратын 28,8 млн адамның 94,4 пайызы кедейшілікте өмір сүреді.

Чикаго университетінің және Жоғары Экономика мектебінің профессоры Константин Со­ниннің Венесуэланың орасан зор ресурстарға қарамастан әлемдегі ең кедей елге айнал­ғаны туралы пікіріне зер сал­сақ, Чавестің популистік, Маду­роның әскери диктатурасымен «өмір сүрген» елде 2013 жылдан бері ІЖӨ күрт төмендеген. Өндіріс деңгейін қайта қалпына келтіруге онда­ған жыл қажет. Алайда нақ­ты болжам Вене­суэла­ның 2000-жыл­дардың ба­сын­дағы өн­ді­ріс пен өркендеу дең­гейіне орал­­майтынын айтады сарапшы.

«Өкініштісі, бар түрлі сын-қатерлерді жіті ескермеген басшылар елдің экономикасын сөзсіз күйретеді. Оны күйрет­кені сонша, қалпына келтіруге уақыт болмайды, бар болса да оған ондаған жыл қажет», дейді К.Сонин.

Сарапшы Венесуэланың бұл «үлгісі» барлық әлемге сабақ болып, өзгелердің қателігін ескерусіз қалдырмау керек дей­ді. Ел экономикасындағы бас­ты мәселе – кәсіпорындарды ұлттандырмау, бөлшек сауда бағасына бақылауды енгізбеу, кәсіпкерлерді елден ығыстырмау керек. Зерттеушінің айтуынша, АҚШ санкцияларының бұған еш қатысы жоқ, ондағы экономикалық апат әлдеқайда ерте басталған.

Халықаралық валюта қоры­ның кейінгі болжамдарына сәйкес, қазір Венесуэла әлемдегі ең нашар экономикалық өсім мен инфляция және жұмыс­сыздық деңгейі бойынша 9-орында тұр. Сондай-ақ ел адам өлтіру деңгейі бойын­ша 2-орында және мемлекеттік ауруханалардағы балалар өлі­­мінің деңгейі кейінгі төрт жылда 100 есе өскен. Оның қара нарықтағы валюта баға­мы 2012 жылдың басынан бері өз құнының 99 пайызын жоғалтқан. Венесуэла әлемдегі ең үлкен мұнай қоры бола тұрып осындай жағдайға жетті. Transparency International ұйымы Венесуэланы әлемдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша 9-орынға жеткенін мәлімдеді. Оның алдында Сомали, Солтүстік Корея, Ауғанстан, Судан, Оңтүстік Судан, Ангола, Ливия, Ирак тұр, ал бұлар – қақтығыс­тардан зардап шеккен мемлекеттер. Венесуэла болса бей­бітшілікте өмір сүріп келе жатқан халық­тың бірі. Венесуэланың бүгінгі мүшкіл халінің себеп-салдарына саясаттанушылар мен қоғам­танушылар әлі талай қайтып оралады деп ойлаймыз... 

Соңғы жаңалықтар