Аймақтар • 09 Қаңтар, 2026

Қуаныш сыйлаған қос нысан

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Жамбыл ауданының Сұраншы, Жайсан ауылдарында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында заманауи талаптарға сай дәрігерлік амбулаториялар өз жұмысын бастады.

Қуаныш сыйлаған қос нысан

Сурет: alataunews.kz

Жаңа медициналық нысандардың ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов қатысты. Ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызмет көрсету өңірлік, ұлттық деңгейдегі басым міндеттердің бірі екенін айта келе: «Халық денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Осыған орай ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында осындай нысандарды жүйелі түрде іске қосып келеміз. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Жаңа нысан ел игілігіне ұзақ жылдар бойы адал қызмет етеді деп сенеміз», – деді Қ.Есболатов.

Сұраншы ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1981 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Бұрын қатты отынмен жылытылған нысан 2007 жылдан бастап табиғи газға қосылған. Ұлттық жоба аясында амбулатория ғимараты толықтай жаңғыртылып, заманауи медициналық талап­тарға сәйкестендірілді. Бүгінде мұнда физиотерапия, емдік дене шынықтыру, дәрігерге дейінгі қабылдау, акушерлік қызмет, күндізгі стационар, оқшаулағыш, анализ жинау кабинеттері жұмыс істейді. Медициналық мекеме ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті сапалы әрі уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.

Жайсан ауылында 1960 жылы салынған ескі ғимараттың орнына жаңа, заманауи медициналық нысан бой көтерді. 2 527 тұрғынға қызмет көрсететін амбулатория қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа ғимараттың іске қосылуы ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір арттырып, сапалы қызмет алуға жол ашты.

Жалпы, Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлығы 38 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Жобаны жүзеге асыруға 8,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Жамбыл ауданының 16 елді мекенінде 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункттің құрылысы жүргізілді. Бүгінде 16 медициналық нысанның 7-еуі пайдалануға берілген, қалған 9 нысанды жақын мерзімде толық аяқтау жоспарланған.

Жаңа медициналық мекемелердің пайда­лануға берілуі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, профилактикалық шараларды күшейтуге, ауруларды ерте анықтауға, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі халық денсаулығын нығайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды құрамдас бөлігіне айналады.

 

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы

Соңғы жаңалықтар