Шаған кенті облыс орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде елді мекенде 569 адам тұрады. Ондағы су құбыры желілерінің құрылыс жобасы 2024 жылы басталып, өткен жылдың соңында толық аяқталды. Жоба аясында 1, 2 көтергіш сорғы стансалары, КТПН қондырғысы, су тазарту жүйесі, таза суға арналған резервуарлар салынды. Бұған қоса, жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды. Соның нәтижесінде, кент тұрғындары сапалы әрі таза ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жаңа су құбырының елді мекеннің өрт қауіпсіздігін арттыруға да мүмкіндігі зор.
Бұған дейін елді мекенде орталықтандырылған су құбыры мүлде болмаған екен. Ауыл тұрғындары суды ұңғымалар мен колонкалар арқылы тасып келген. Жаңа нысанның іске қосу салтанатына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін беретінін айтты.
«Мемлекет басшысының халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде 33 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі бүгін сіздердің ауылдарыңызда іске қосылды. Жолдың бойында орналасқан Шаған ауылының болашағы зор. Курчатов қаласы да жақын. Бұл шаһарға қазір ерекше мән беріліп, ғылым орталығы болайын деп жатыр. Шаған ауылы кеше ғана «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жарияланған «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, облысымыздың үздік 20 ауылының қатарына енді. Ауылға қажет жаңа тракторға ие болды. Бұл – үлкен жетістік, ауыл халқының береке-бірлігінің айғағы. Ауылдарыңыз өсіп, өркендей берсін», деді өңір басшысы.
Ауыл тұрғындары су құбырының пайдалануға берілгеніне ризашылықтарын білдірді. Айта кетейік, өткен жылы Жаңасемей ауданының Алғабас, Приречное ауылдарына да ауызсу берілді.
Абай облысы