Қоғам • 07 Қаңтар, 2026

«Апамның шайы» шай емес екен...

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Зерттеушілердің пікіріне сенсек, қазақ әлем бойынша шайды ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кіреді. Шай ішкенді жақсы көргенімізбен еліміз шай өндірмейді. Бұл өнімді біз көбіне Үндістан, Кения елдерінен тасымалдаймыз. Бірақ кейінгі жылдары елімізде өндірілген небір шайдың түрі нарықты жайлап алды. Осы шайларға арнайы мамандар тексеру жүргізіп, көпшілігін адам денсаулығына зиянды деп тапты.

«Апамның шайы» шай емес екен...

Кеше еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бей­сено­ваның қаулысымен бірқатар қара шай­дың таралуы мен сатылуына толық тыйым салынғаны туралы хабарлама шықты. Қаулыға 5 қаңтарда қол қойылған.

Мамандар нарықта кеңінен тарал­ған шай түрлеріне тексеріс жүргізіп, құрамына талдау жасаған. Қаптамада көрсетілген мекенжайға іздеп барған. Сөйтсе, онда ешқандай да өндіруші болмай шыққан.

Санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау комитетінің бас сарап­шы­сы Дана Қасқатаеваның айтуынша, елімізде шай өнімдеріне қатысты жүргізілген тексеру жұмыстары тұрақты түрде министрлікпен бірге жүзеге асырылған. Бұл тексеріс азаматтардан түскен шағымға емес, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау мақсатында ұйымдастырылған. «Осы жолы біз нарықта кеңінен таралған шай өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тексеру жүргіздік. Еліміздің барлық өңірінде орналасқан ірі сауда орындарынан, сауда нүктелерден, ауладағы дүкен­дерден, қоймалардан өнімдер сатып алынып, арнайы зертханада құ­рамына, сапасына сараптама жасалды. Бұл жұмысқа Денсаулық сақтау министрлігінің Санэпидбақылау комитетінің аймақтық департамент­тері, олардың облыстық, қалалық және аудандық басқармаларының мамандары тартылды. Зерттеу нәтижесінде халық көп тұтынатын шай өнімдерінің құрамынан тыйым салынған бояғыш­тар анықталды. Сонымен қатар бұлар жалған өнім ретінде танылды. Себебі қаптамада көрсетілген өндіруші туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өндірушінің атауы, мекенжайы және басқа да деректер жалған болып шық­ты», дейді Дана Қасқатаева.

Тергеу барысында шай өнімдерін өндірумен заңсыз айналысқан 7 өнді­руші анықталған. Бұл кәсіпкерлердің өнім өндіруге, қаптауға, жеткізуге және сатуға ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Ең қауіптісі сол, заңсыз өнді­ріл­ген және қапталған шайлардың құра­мында адам ағзасына зияны көп тағамдық бояғыш заттар мен химикаттар анықталған. Атап айтқанда, денсау­лыққа аса қауіпті E110, E102 және E124 тағамдық бояғыштары табыл­ған. «Бұл қоспаларды күнделікті іше­тін шайға қолдануға мүлде болмай­ды. Мысалы, E110 шайға күн батар кезде­гідей сарғыш-қызғылт рең берсе, E102 (тартразин) өнімді қызыл түске бояй­ды. Ал E124 бояғышы астмасы бар адамдарға аса қауіпті, ол аллергиялық реакциялар туғызып, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Бұл шайларды жиі тұтынса, ол ағзада жинақтала келе, асқазан-ішек жолдарына жүктеме түсіріп, бауырға кері әсер етеді», дейді бас сарапшы.

Осылайша, зертханалардың қоры­­тындысына сүйене отырып, Бас сани­тарлық дәрігер мына шай түрлерінің сатылуына тыйым салды: «Апамның шайы Premium gold», Al-Hayat Gold, «Балқия Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Aje Onim»,  «Al-Jannat Premium» және «Alfarah».

Бас мемлекеттік санитарлық дә­рігердің қаулысына, тиісті норма­тивтік құқықтық актілерге, Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіп­сіздігі туралы», «Тағамдық қоспа­лардың, хош иістендіргіштердің және техноло­гиялық қосалқы құралдар­дың қауіпсіз­дігі талаптарына», «Тамақ өнімдерін қап­та­малау бөлігіндегі» техника­лық регламенттерінің талаптарына сәй­кес осы аталған шайларды өндіруге, әкелу­ге, сату мен таратуға тыйым салынды.

Қаулы кеше ғана қабылданған­дықтан, кейбір сауда орындарында бұл өнімдер әлі де кездесуі мүмкін. Алайда құзырлы органдар оны сатылымнан толық алып тастауға жұмыс істеп жатыр. «Қаулы қабылданғаннан кейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тиісті органдарына да хабарлама жіберілді. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП-ға, басқа да мүдделі құрылымдарға ресми материалдар жолданды. Бақылау барысында дүкендерден және қоймалардан алынған шай өнімдері айналымнан шығарылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу комитетіне аталған жалған өнімдердің қауіпсіздігін растайты құжаттардың күшін жою туралы хабарлама жіберді», дейді Д.Қасқатаева.

Жұртшылықтың есінде болса, бұл шай түрлерін әлеуметтік желілерде блогерлер, әншілер мен әртістер жиі насихаттаған. Тіпті кейбір өнер жұлдыздары өз атынан шай өнімдерін шығарып, жарнамалағанынан да ел хабардар. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары әр тұтынушы өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тағам өнім­дерін сатып аларда құрамын мұқият тексеруге кеңес береді. Шай өнімеріне қатысты, қандай да бір арыз-шағымдар болса, Санитарлық-эпидемио­логия­лық бақылау комитеті­нің аумақтық департаменттері мен басқармаларына немесе 74-21-77 нөміріне хабарласуға болады.

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15