Рәсімге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Аян Зейнуллин, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бірлік пен берекеге үндейтін орталықтың ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететінін айтып, құттықтау сөзін жеткізді.
«Өңірімізде 30-дан аса этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Ассамблея жанында 11 этномәдени бірлестік бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, елдің бірлігін сақтау бағытында жұмыс істеп келеді. Береке-бірлігіміздің ұйытқысына айналып, еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына өткен жылы 30 жыл толды. Бүгінде Ассамблея халқымызды бірлікке, достыққа үндейтін жалпыұлттық келісімнің негізіне айналды. Өткен жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні өздеріңізбен бірге осы жерде жаңа ғимараттың іргетасын қалаған едік. Бүгін «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 3 млрд 800 млн теңгеге салынған сол Достық үйінің заманауи ғимаратын ел игілігіне табыстап отырмыз. Жалпыұлттық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар бұлағы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында бой көтерген, достық пен келісімнің нышанына айналатын жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын!» деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты рәсімде бірлік пен келісімнің нығаюына елеулі үлес қосқан Ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты салған мердігер мекеме өкілдері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ғимаратта бірлік мен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктер жұмысына бар жағдай жасалған. Сонымен қатар мұнда облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің, Азаматтық Альянс өкілдерінің де толық жабдықталған жұмыс кабинеттері бар. Қала сәулетіне сән қосқан жаңа ғимараттағы 200 орындық концерттік, 50 орындық акт залдарында мәдени-рухани шаралар ұйымдастыруға болады.
Заманауи ғимарат шығармашыл жастарға арналған домбыра, ән, би үйірмелері, медиация орталығы, музей, Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық топтар жұмысына да жаңаша серпін береді.
Қызылорда