Тарих • 07 Қаңтар, 2026

Қала тарихы: өткен күннен белгі бар

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласының қақпасы саналатын теміржол вокзалының іргесінде Ақмешіт музейі орын тепкен. Қала Перовск атауын иеленген заманда бой көтерген ғимарат 1905 жылы салыныпты. Шаһардың екі ғасырлық тарихына қатысы бар деректі жинақтаған мемлекет қорғауындағы бұл музей жақында қайта түледі.

Қала тарихы: өткен күннен белгі бар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, бұл өлке аста­на­лар ме­кені. Оғыз­дар орталығы бол­ған Жан­кент, әйгілі Сығанақ, жиыр­­масыншы ғасырда бар қа­зақ­­тың басын қосқан Ақмешіт Сыр өңірінің ел тарихындағы орнын айшықтап тұр. 2005 жылы Қызылорданың респуб­лика астанасы атанғанына 80 жыл толуы­на орай осы Ақмешіт музейі ұйым­дастырылған. ХХ ғасыр­дың басында соғылған ғимаратқа жәдігерлер жинақталып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып құрылған музей жақын­да қайта жаңғырды. Бұрын да Ақмешіт, Перовск атанған кезең­нің тарихы, астана болған уақы­тындағы деректер, зиялы қауым өкілдері туралы мәліметтер қойыл­­ған музей залдарына қала­ны ел байтағына айналдыру­да­ғы Алаш азаматтарының еңбегін дәйек­тейтін құжаттар қосылды.

«Қазір туризм дегенде шет мемлекеттерге қарай мойын соза беретініміз бар. Бірақ солардың көбі жоқтан бар жасап отыр. Түрлі бағдарламалар ұйымдастырып, келген қонақтың көңілін табады. Ал біздегі Қара­құм мен Қызылқұм солардың қай­сысынан кем? Топырақ астындағы көмбе қалаларымызға, талай ғасыр мыз­ғымай тұрған шаһарларға қы­зық­­пайтындар аз. Тек осы Қызыл­ор­да­­ның айналасында ғана Асанас, Қышқала қалалары, түрлі кесене­лер жатыр. Алда солардың бәрін көрсетсек деген жоспарымыз бар», дейді облыстық тарихи-өлке­тану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Музейдің кіреберісіндегі залға Қызылорда ел байтағы болған тұс­та осында тұрып, қызмет істе­ген қайраткерлердің суреттері қойы­лыпты. Арнайы бағдарлама жүктелген смартфонды әр фотоға жақындатсаңыз, суреттегі адамның өмірі мен қызметі жайлы мәлімет аласыз.

Келесі залдан орталық атқару комитеті мүшелерінің мәжілісінде ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңе­сінің төрағасы Нығмет Нұрма­қовтың баяндамасынан үзінділер жазылған тақта қойылыпты. Онда ел астанасын көшіру мәселесі 1922 жылдан басталғаны жазылады. Түрлі себептермен іске асуы кешеуілдеп, кейін көштің басы бері бұрылған сәтте Үкімет жанынан құрылған комиссияны басқарған Аспандияр Кенжин­дей қайраткер ерекше қажыр танытыпты. «Кенжеұлының комиссиясы Қазақстан орталығы бұл күйінде де Ақмешітке сыйыса алмайтындай болған соң, үкімет мүлкі болып саналған үйлердің кемдігін біліп, үй қожасын өз үйінен қуып шығарып, солардың үйін қызметкерлер тұратын пәтер қылып, оңдатқан жерлері бол­ған. Бұл әрине – амалсыздықтан істелген шаруа. Бұлай істел­мегенде, биыл Қызылордаға қазақ астанасының жартысы да орналаса алмас еді. Алты ай тынымсыз істеген Кенжеұлының комиссиясы ақы­рында орталық мекемелерге арнап 98 үй дайындады, тұрған жерін өлшегенде алабы
6 мың шаршы таяқтан астам. Кеңсе қызметкерлері үшін 1300 пәтер үйін жөндетті. Осының бәріне 500 мың сом ақша жұмсалды», деп жазылған баяндамада.

Кең залға қойылған теледидардан Қазан төңкерісінің 10 жылдығын мерекелеген сәт көрінеді. Сол замандағы ірі әлеуметтік-саяси һәм тарихи оқиғаны тойлағандар топтасқан тұсты мамандар қазіргі ескі базар аумағы деп болжап отыр. Бейнеүзіктің бір жерінде қобыз шалып отырған әйгілі соқыр Нышан көзге шалынады. Қорқыт ата күй­лерін біздің заманға жеткізген Ысмайыл Нышан Шәменұлы өткен ғасырдағы жетпісінші жылдар соңында өмірден өткен. Тағдыры ерекше өрілген жанның жасы қырыққа да ілінбеген кезіндегі бейнесі осылайша бүгінгі ұрпаққа жол тартыпты.

Жаңа экспозицияны толық­тырып тұрған жәдігердің бірі – Алаш үкіметінің мүшесі Ахмет Бірімжановтың отбасымен бірге осы Қызылордада түскен суреті. Ел орталығы болып тұрған тұста Сыр жағалауындағы қалада басы­лып шыққан мерзімді басылым­дар мен сол кезде баспа жүзін көрген көр­кем, ғылыми туындылар туралы деректер де ел назарын аударады.

«Орталық архив пен Президент архивінде біздің өңірге қатысты дерек молынан кездеседі. Тек Президент архивінде ғана Сыр бойындағы 1925–1938 жылдар ара­лығын қамтитын 6 мың хатта­ма тізі­мі бар. Осы жолы Орта­лық архивтен 400-ге жуық құжат көшірмесін алып, осы музейге қойдық. Ізденіс барысында архивтің киноқорынан сол кезеңде таспаланған 3 фильм табылды», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау.

Орталық архивтен өңірге қатысты деректерді жинақтаған музей қызметкерлері астана болған Ақмешітте қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің біразының мекенжайын тауыпты. Бір қиындығы, сол тұста қағазға түскен қала карта­сы­ның кемдігі. Ахмет Байтұр­сынұлы мен Міржақып Дулатұлы тұр­ған Садовая көшесі қазір Ер­кін Әуелбеков есімін иеленген. Асхат Сайлау ескі бір картадан Сұл­танбек Қожанов тұрды делінетін Казахская көшесін тауыпты. Ол қазіргі М.Әуезов көшесі болып тұр.

Мамандар енді сол маңайға ескерткіш тақта орнату керегін айтады. Шыны керек, басқа өңір­лерде ұлтқа қызмет жасаған қай­рат­керлерді ұлықтау шаралары үз­діксіз жүргізіледі. Батыста Халел мен Жаһанша, Торғай даласын­да Ахмет пен Міржақыптай қайрат­керлер рухын құрметтеудің талай жылдан бері қалыптасқан үлгісі бар. Біз 2000-жылдар басында талай тарихи ғимаратты қолдан жойып, өткен күннің естеліктерін қиратып тастағандай болдық. Енді осы бір олқылықтың орнын толтыру қажет.

Жалпы, ғимаратты облыстық та­рихи-өлкетану музейі ақылы қыз­мет пен демеушілер есебінен түс­кен қаржыға жөндепті. Экспози­ция­ны да музей мамандары жасап шық­қан.

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15