Сурет: instagram.com/qostanai_tany
Бөбекжай құрылысына 440 млн теңге жұмсалған. Жаз бойы ескі ғимараттың инженерлік желілері, есік-терезесі ауыстырылып, жаңа желдету жүйесі орнатылды. Іші-сыртына қайтадан жарық тартылып, балалардың қауіпсіздігіне қажет дүниелердің бәрі орнатылған.
Ескі ғимараттың жаңарып, ел игілігіне қызмет ете бастауына жергілікті кәсіпкер Николай Шерердің көп еңбек сіңіргенін айта кету керек. Кәсіпкер нысанның жобалық-сметалық құжатын өз қаржысына жасатқан.
«Қазір балабақшада үш топ жұмыс істеп жатыр. 65 бала бар. Екі топ орыс тілінде, бір топ қазақ тілінде тәрбие береді. Жаңа балабақшаның ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен мереке деуге болады. Шынын айтсам, қиянда жатқан шағын шалғай ауылдағы балабақша құрылысына мемлекет қаржы бөле қоймайтын шығар деген ойда болдым. Дегенмен қомақты қаржы бөлініп, осы күнге жетіп отырмыз. Бүкіл ауыл тұрғындары болып Президентімізге рахмет айтамыз. Өтінішімізді құп алып, барынша қолдау көрсеткен облыс басшыларына да разымыз. Соңғы үш жыл ішінде ауылымызда қыруар шаруа істелді. Асфальт төселіп, су тартылды, жоғымыздың бәрі түгенделді. Енді, міне, көптен бері тұралап қалған балабақшамыз адам танымастай өзгеріп шыға келді. Балаларымыз бен немерелеріміз дәл осындай еңселі бөбекжайда тәрбиеленуге тиіс», дейді ауыл жанашыры Николай Шерер.
Жалпы, Денисов ауданында 22 балабақша жұмыс істейді. 500 бала осы балабақшалардан тәрбие алып жатыр.
Қостанай облысы