Басылым • 07 Қаңтар, 2026

Басқа басылымдардан: Қазақстан негізгі транзиттік дәліздерді дамытып жатыр

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елдің транзиттік-логистикалық әлеуетінің стратегиялық маңызы мен халықаралық көлік жобаларына қатысуы туралы айтты.

Басқа басылымдардан: Қазақстан негізгі транзиттік дәліздерді дамытып жатыр

Транзиттік-логистикалық басымдықтар тура­лы сұраққа жауап берген Қ.Тоқаев Еуразия құрлығының орталығында орналасқан теңізге шыға алмайтын Қазақстан үшін транзиттік әлеуетті нығайту стратегиялық міндет екенін атап өтті. «Қазақстанды Еуразияның көліктік хабына айналдыруға ниет бар. Бұл – біздің осы саладағы жұмысымыздың басты бағыты», деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президенті инфрақұрылымдағы елеулі жетістіктерді, соның ішінде Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 5 есеге ұлғаюына мүмкіндік беретін Достық – Мойынты жаңа теміржолының пайдалануға берілгенін атап өтті. Енді ел Мойынты – Қызылжар, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал желілерін салмақ. Сондай-ақ 2030 жылға дейін 5 мың шақырым жол салынып, жаңғыртылады, 11 мың шақырым теміржол жөнделеді.

Қ.Тоқаев халықаралық дәліздерге ерекше назар аударды. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі мен Транскаспий көлік бағытын – Орта дәлізді дамытуға белсенді кірісіп кетті. Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты бойынша теңіз порттарына шығу мүмкіндігі де бар. Қазір Қазақстан арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі (5 теміржол, 7 автомобиль) өтеді, бұл Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 85 пайызын құрайды. Ел Сары теңізден Қара теңізге дейін жүк терминалдарының желісін де құрды.

 

 п

Туризм Қазақстанның даму бағытына айналуы керек

Қазақстан туризмді дамытуға күш салып жатыр, десе де бұл сектор елдің күрделі саласы болып отыр. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Turkistan» газетіне берген кеңейтілген сұхбатында туризм экономиканы, мәдениетті, қауіпсіздік пен бизнесті біріктіріп, өз ісіне берілген кәсіпқой мамандар мен нағыз патриоттарды қажет ететінін айтты. «Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайдылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ», деді Президент.

Қ.Тоқаев былтыр Қазақстанға миллиондаған шетелдік турист келгенін, сонымен қатар ішкі туризмнің де өскенін атап өтіп, бұл үрдістерді қуантарлық жағдай деп атады. Ол экотуризмнің бүкіл әлемде танымал болып келе жатқанын, Қазақстанның осы тұста бірегей табиғи артықшылықтары бар екенін алға тартты. Басты бағыттарды атап өткен Президент қаладан небәрі 30 минуттық жерде орналасқан Алматы іргесіндегі Шымбұлақ шипажайына тоқталып, оның ерекше ландшафтына жоғары баға берді. Ол Алматы тау кластері тек ауқатты саяхатшыларды ғана емес, сонымен қатар орташа табысы бар туристерді де қамтуға тиіс екенін, бұл әртараптандырылған инфрақұрылымды дамытуды талап ететінін атап өтті.

Кадр тапшылығы да күн тәртібінен түспей тұр. Осыны шешу үшін Түркістанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті құрылып, оның алғашқы түлектері 2024 жылы оқуын аяқтаған. Қ.Тоқаев кадр тапшылығын шешуге қосымша шаралар қабылданатынын айтты.

Президент сондай-ақ «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атағанын айтып, қала әкіміне Алматыны Нью-Йорк, Мәскеу мен Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыруды тапсырды. Оның айтуынша, келушілерге тәулік бойы қызмет көрсетуге, инфрақұрылымды жақсартуға, қаланы дамытуға, жарықтандыруға басты назар аудару керек.

 

с

Сирек металдар қоры жөнінен көш басынан көрінбек

Қазақстан таяу жылдары сирек кезде­сетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы мүмкін. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбіде берген сұхбатында мәлімдеді.

«Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін», деді Қазақстан Президенті «Turkistan» газетіне берген сұхбатында.

Орталық Азия мемлекеті осы стратегиялық маңызды салада өз ұстанымын нығайту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония мен Еуропа одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.

Айта кетсек, өткен жылдың қарашасында Қ.Тоқаев Орталық Азия мемлекеттеріне сирек жер металдарын өндіру, өңдеу бойынша күш-жігерін біріктіріп, осы салаға озық технологияларды тартуды ұсынған еді.

 

с

«Жасырын жоспарларға» негіз жоқ

Қазақстанда қазір парламенттік реформа жүріп жатыр, осыған орай кейбір сарапшылар «бұл өзгерістер Парламент спикерінің өкілеттігін күшейтіп, кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл қызметке ауысуына жол ашады» деп болжайды. Алайда Қазақстан Президенті мұндай долбарларға нүкте қойды.

5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхба­тында Қ.Тоқаев бұл пікірлерді жоққа шығарып, мұн­дай болжамдар оның саяси қағидаттарына қайшы келетінін айтты. Ол Қазақстан президенттік бас­қару жүйесіне негізделген мемлекет болып қала беретінін алға тартты.

Қ.Тоқаевтің айтуынша, ол Ақордаға келгенге дейін де «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын назарға алған. Сондай-ақ Қ.Тоқаев мемлекеттік жүйені жеке бас мүддесі үшін өзгерту жауапсыздық екенін мәлімдеді.

Президент сондай-ақ мемлекет үшін шешуші реформалар жалпыхалықтық референдум ар­қылы ғана қабылдануға тиіс екенін, пар­ла­мент­тік өзгерістердің астарында «жасырын жоспар» іздеуге негіз жоқ екенін атап өтті.

Ресми дереккөздер 2026 жыл Қазақстан үшін жаңғырудың жаңа кезеңін белгілейтінін айтады. Елде осы жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар