Пікір • 07 Қаңтар, 2026

Болашақты айқындаған сұхбат

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басындағы дәстүрлі сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткенді қорытындылап, болашақ басымдықтарды белгілейді. Бұл мемлекетімізде жаңа саяси тәжірибені қалыптас­тырып келеді. 2026 жыл да осы дәстүрмен басталды. 5 қаңтарда «Turkistan» газетіндегі ауқымды сұхбатында Президент ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде инфляция, салық реформасы, олигополиялармен күрес, парламенттік реформа сияқты өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жа­уап берді.

Болашақты айқындаған сұхбат

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Президент еліміздің реформаларды жүзеге асыруға бір­жола бет бұрғанын, жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастағанын, қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын бо­лашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасаудың маңызы туралы нақты тү­сінік қалыптасқанын, сонымен қатар бол­ашақ үшін тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылу керегін атап өтті.

Әділдік, заң мен тәртіп, еңбек­қор­лық сияқты мемлекетіміздің бола­шағы үшін айрықша маңызды қағи­даттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Қ.Тоқаев ұзақ мерзімге ар­налған нәтижеге жету үшін бұл жұ­мыс жаңа жылда екі есе тың қар­қын­мен жалғасын табатынына сенім біл­дірді.

Президент жұрт назарында жүрген салық реформасына да тоқ­талды. Өз жауабында «Бұл реформа қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта жүктеу екенін, салық реформасының бас­ты міндеті тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және оның нәтижесін биыл көреміз», деп жауап берді.

Сұхбатта тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылмағаны, қалалар мен ауылдардағы инфра­құры­лымның тозғаны, энергетика ны­сандары мен коммуналдық желі­лер­дің ескіргені көтерілді. Тозығы жетіп, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіздігі, жұмыс тә­сі­лін өзгерту, ол үшін салаға ин­вес­тиция тарту үшін қолайлы жағ­дай жасап, нағыз на­рықтық тетік­тер қа­лып­тастыру жұ­мыс­тары жүр­гі­зі­ліп жатқаны атал­ды.

Мемлекетіміздің дамуы үшін көлік және логистика саласының жағдайына да назар аударылды. Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Еуразияның негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерінде орналасқанын дұрыс пайдалану қолға алынбақ. Сондықтан елімізді Еуразияның көлік айлағы ретінде қалыптастыруды жоспарлап, ол үшін көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналатыны айтылды.

Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін дұрыс пайдалану мәселесі де айтылды. Президенттің айтуын­ша, сапалық тұрғыдан дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстарға, соның арқасында қол жеткізген же­тіс­тіктерге қарамастан бұл салада қа­зір­гі таңда кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесі қарастырылып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Сұхбатта Президент ел жастарына үндеу жолдап, дарынды, білімді, ынталы жастарға деген сенімін біл­діріп, оларды жасампаздыққа, сын­дарлы ойлауға, еңбекқорлыққа, ізденім­паз­дық пен тәртіпке шақырып, нем­құрайдылық пен нигилизмнен, сондай-ақ бөтен идеялардан сақ болуға шақырды.

Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың халықшыл бейнесін көр­сете­тін ашық әрі терең мазмұнды, еліміздің болашақ стратегиялық дамуы­ның басым бағыттарын айқын­даған сұхбат болды деп есептеймін.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар