Фото: ҚР Парламентінің Сенаты
Сенатор Бибигүл Жексенбай Президент сұхбатында белгіленген көлік саясатының негізгі бағыттарын сарапшылармен бірге талқылады. Бұған қоса «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ ұжымымен кездесу кезінде металлургия және механикалық құрастыру өндірісі, вагондарға арналған бірқатар бөлшекті дәнекерлеу, дайындау мен монтаждаудың технологиялық үдерісімен, сондай-ақ өндірісті жаңғырту барысымен танысты. Ол кәсіпорын қызметкерлерінің елдің көліктік-логистика әлеуетін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Ал депутат Нұрлан Бекенов Ақмола облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызын тұрғындармен бірге талқылады. Сонымен қатар сенатор Қосшы қаласында қалалық жаңа емхана, жедел басқару орталығы, қоғамдық мәдени-спорт кешені құрылысының барысымен танысты. Қосшы қаласының әкімі, қалалық мәслихаттың төрағасы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесті. Онда Мемлекет басшысының қаладағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру жөніндегі тапсырмасын, сондай-ақ Премьер-министрдің тазарту құрылыстары мен кварталішілік су бұру желілері кешеніне орталық жеткізуші коллектордың құрылысын қаржыландыру жөніндегі тапсырмасын орындауға байланысты мәселелерге тоқталды.
Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы Мемлекет басшысының биылғы сұхбатында белгіленген стратегиялық бағытқа толық сәйкес келетінін, сондай-ақ еліміздің энергетикалық, коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударылғанын айтады. Қазір Ақтауда «Ақтау халықаралық теңіз портының» солтүстік шекарасы ауданында су жинау арнасы салынып жатыр. Бұл нысан өңірдің энергетикалық, коммуналдық инфрақұрылымын сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Сенаторлар осы жобаның техникалық жай-күйі мен оны іске асыру кезеңдерімен танысты. Сондай-ақ «МАЭК» ЖШС-де болып, технология, тариф мәселелерімен, ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге түсетін су көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстардың барысымен танысты. Айта кетсек, аталған нысандарға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған.
Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында болды. Сенаторлар жұртшылықпен кездесуде Президенттің экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін ауылдарды қалыптастыру, кооперацияны кеңейту мен ауылда тұрақты жұмыс орындарын құруға басты назар аударып отырғанын айтты. Тұрғындар болса ауылда мәдениет үйін салу туралы ұсынысын жеткізді.
Сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысына барған сапарында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы мен мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Фермерлермен кездескен депутат Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру, мал шаруашылығын дамыту мен фермер қожалықтарының кооперациясын ауылды тұрақты дамытудың негізгі факторы ретінде ерекше атап өткенін айтты.
Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев жұмыс сапарымен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында болды. Онда агроөнеркәсіп кешені мен логистика саласындағы кәсіпорындардың қызметімен танысты. Облыс тұрғындарымен кездесуде Президенттің жуырдағы «Қазақстан жаңа жаңғыру кезеңіне аяқ басты» сұхбатында белгіленген міндеттерін атап өтті. Олардың айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, алайда елге келіп жатқан инвестицияның тиімділігін арттыру қажет.
Ал сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Президент белгілеген «Заң және тәртіп» қағидаты туралы әңгімеледі. Шымкент қалалық прокуратурасында болды. Қадағалау органының басшылығымен кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысы мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар сөз болды. Қазіргі кезде прокуратура жанынан кибералаяқтықтың алдын алу жөніндегі колл-орталық жұмыс істеп тұр, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 150 жәбірленушіге көмек көрсетілген.
Депутат Әсем Рахметова СҚО, Явленка ауылында болып, «Nomads-AI» шығармашылық орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын аралады. Тұрғындармен кездесуде Президент сұхбатындағы цифрлық жаңғырудың басымдықтарына тоқталды.
Сенаторлар Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов Қызылордада Президент белгілеген әлеуметтік-инфрақұрылымдық саясаттың басымдықтарын талқылады. Қызылорда тұрғындары инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сондай-ақ заңды сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді көтерді. Сенаторлар қолданыстағы заңнама шеңберінде әрбір өтінішке түсініктеме беріп, ұсыныстар құзыретті мемлекеттік органдарға жолданатынына уәде берді.
Ал Жанна Асанова мен Сергей Ершов Алматыдағы жол қауіпсіздігі мәселелерін талқылады. Алматы қалалық полиция департаментінде депутаттар көше-жол желісінің тығыздығы, жол қозғалысын ұйымдастырудың жекелеген проблемалық мәселелерінен хабардар болды. «Алматы сияқты ірі мегаполистегі жол қауіпсіздігі мәселелері атүсті шешімдерді емес, барлық мүдделі мекемелердің жүйелі және үйлесімді тәсілін талап етеді», деп атап өтті Ж.Асанова.
Шәкәрім Бұқтұғұтов Риддер қаласында әлеуметтік саланы дамыту мәселелерін тұрғындарымен бірге талқылады. Президент белгілеген мемлекеттік саясаттың басымдықтары бойынша жүзеге асып жатқан жобалар қамтылды. Депутат, әсіресе, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, өңір тұрғындары қажетті медициналық қызметтерге теңдей қол жеткізуі қажет.
Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Шу аудандарында болды. Депутат жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің негізгі ережелері туралы баяндады. Аталған заң Мемлекет басшысының сұхбатында белгілеген мақсаттармен астасып жатқанын атап өтті сенатор.