Үкімет басшысы Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің алдына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді жою міндетін қойды.
Жиында мемлекет сапалы әрі қолжетімді қызметтер көрсетуге қатысты міндеттемелерді өзіне алатыны және мекемелерде орын болмаған жағдайда жекеменшік ұйымда оқуға жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылғаны атап өтілді. Десе де бұл мүмкіндікті теріс пайдалану деректері тіркеліп отыр. Субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легі туындап жатыр. Бұл білім сапасына, сондай-ақ мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер етеді.
Премьер-министр жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты қымбат оқу ақысы мәселесін де атап өтті. Ол мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керегін ерекше айтты. Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу үдерісін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаржы министрі Мәди Такиев жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру тетіктерін қайта қарауға қатысты жұмыстар туралы баяндады. Осы мәселелерді шешу мақсатында жекеменшік мектептердің қаржыландыру үдерістері толық цифрландырылып, қызметтерге төлемдер келісімшарттан бастап ақша төлеуге дейін есепке алынды.
OrtaBilim қызметінің биылғы 6 қаңтардағы мәліметтеріне сәйкес, e-Qazyna.kz веб-порталында 789 жеке мектеппен 78,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру келісімдері жасалған. (2025 жылы – 845 мектеп). Сондай-ақ бұрын қаржыландырылған 206 мекеме белгіленген талаптарға сай келмейді. Оқушылар мен мұғалімдерді жалған тіркеу мен қосарланған есепке алу, рұқсат етілген жобалық қуаттан артық жүктеу және тағы басқа жағдайлар анықталды.
Аудит барысында төмендегідей алдын ала нәтижелер белгілі болды. 1 333 оқушының бір мектептен екінші мектепке 5-тен 12 ретке дейін көшуі, 64 жекеменшік мектепте оқушылардың саны жобалық қуаттан екі есе артық болуы, 2024 жылы 167 жеке мектептің салықтық есептілігінде кірістер көрсетілмегені анықталған.
Ішкі мемлекеттік аудит қызметінің аумақтық департаменттері арнайы хат жіберіп, нәтижесінде мектептер 1,2 млрд теңге көлемінде салық төледі. Бүгінде 46 мектепте қарсы тексерулер жүргізіліп жатыр.
Келесі кезеңде мемлекеттік мектептер (6 887 мектеп), балалар бақшалары мен университеттер де цифрландырылатын болады. Бұл қадам білім беру қызметтерін бюджеттен қаржыландырудың барлық циклінде толық ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында жекеменшік білім беру мекемелерін лицензиялау тәсілдерін қайта қарау мәселесі де қаралды. Жеке ұйымдардың азаматтарға медициналық қызмет көрсетуі саласында тәртіп орнату мақсатында үкіметтік жұмыс тобы азаматтардан келіп түсетін өтініштерді қаперге ала отырып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ-ның активтеріне талдау жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша Қордың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған іс-шаралар қабылданады.
Жиын қорытындысында Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктеріне бір апта мерзімде аталған мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Бұл жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға жүктелді.