Саясат • 07 Қаңтар, 2026

Жасанды интеллект – стратегиялық басымдық

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбатында көтерілген басымдықтарды нақты іске асыруға арналды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі қаралды.

Жасанды интеллект – стратегиялық басымдық

Отырыс барысында әлеуметтік-эконо­микалық дамудың негізгі бағыттары, салалық реформалардың мазмұны, сондай-ақ 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде өткізуге қатысты міндеттер жан-жақ­ты қаралды. Үкімет басшысы тиісті министр­ліктер мен ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Премьер-министр Президент сұхбаты ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындап бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Үкімет алдына қол жеткізілген экономикалық өсімді сақтап қана қоймай, ұзақмерзімді нәти­жеге негізделген жаңа даму қарқынын қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Бұл міндет энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік пен логистика, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешені, туризм секілді негізгі салаларды қамтиды.

Олжас Бектенов фискалдық саясаттың жаңа тәсілдеріне де арнайы тоқталды. Мем­лекет басшысының ұстанымына сәйкес, бақылау мен қысымнан гөрі серік­тестікке негізделген модельге көшу қажеттігі айтылды. Бұл ретте қо­ғамдағы және экономикадағы теңсіз­діктерді жүйелі түрде азайту маңыз­ды. Энергетика мен коммуналдық сектор­дағы реформаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру – осы бағыттағы басты шарттардың бірі.

Үкімет басшысы «Әділетті тарифтер» қағидатын әлеуметтік саясаттың маңыз­ды тетігі ретінде атап өтті. Мемлекет тек шын мәнінде мұқтаж азаматтар­ға ғана тіке­лей қолдау көрсетуге тиіс. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мүд­делі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты іске асыруды жедел бастауы қажет.

Көлік-логистика саласына қатысты да нақты міндеттер айқындалды. Премьер-министр көлік-логистикалық тораптарды дамыту, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл салада жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар белгіленген. Көлік министрлігі, өңір әкімдіктері мен ұлттық компаниялар бекітілген іс-шаралардың уақытында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқ­талған Олжас Бектенов Мемлекет басшысының егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді жоғары бағалағанын жеткізді. Бұған қоса мал шаруашылығын дамытуға тың серпін беру қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігіне бір аптада ет өн­дірісі мен экспорт көлемін арттыру жөнін­дегі нақты шаралар, сондай-ақ мал ша­руашылығын одан әрі дамытуға ар­нал­ған ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Премьер-министр егіншілерді тіке­лей субсидиялаудан гөрі жеңілдетілген несие­леу тетігінің тиімділігін атап өтті. Бұл құрал өзінің нәтижелілігін көрсетті. Сондықтан Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі «Бәйтерек» холдингімен бір­лесіп, ауыл шаруашылығын қолдау­дың осындай тиімді қаржы құралдарын кеңейтуді жалғастыруы қажет.

ии

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Туризм саласы да Үкімет отырысында кеңінен қаралды. Президент­тің бағ­дар­ламалық сұхбатында туризм эконо­миканың бірнеше секторын қам­ти­­тын мультипликативті сала екені айтылған. Осыған орай барлық орта­лық мем­лекеттік органдар мен өңір әкімдік­терінің үйлесімді жұмысы қажет. Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде нақты іс-шара­лар жоспарын әзірлеу арқылы 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжы­рым­дамасына түзетулер енгізуді тапсырды. Бұған қоса Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, сала­дағы кадрлық әлеуетті күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдау міндеттелді.

Сирек жер металдары мәселесі де назардан тыс қалмады. Премьер-министр бұл бағытта Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске өзгерістер енгізілгенін, геологиялық барлауға қомақты қаржы бөлініп жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне квазимемлекеттік сектор және шетелдік серіктестермен бірге қол жеткізілген келісімдерді жедел іске асыру тапсырылды. Ал Энергетика министрлігі салалық агенттікпен бірлесіп, атом энергетикасы жобаларының жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауға міндеттелді.

Әлеуметтік салаға қатысты мәселе­лер де отырыстың өзегіне айналды. Премьер-министр Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, барлық әлеу­меттік міндет­темелер толық көлемде орын­дала­ты­нын жеткізді. Сонымен қатар жеке­­меншік мектептер мен медици­налық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. Артық қаржыландыруды тоқтату, адал бәсекеге қабілетсіз құры­лымдарға бюджет қаражатын жұмсамау қажеттігі баса айтылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бір­лесіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлем­дерді тағайындау кезінде алаяқ­тық­тың алдын алуға бағытталған кешен­ді шаралар әзірлеуге тиіс. Ал Ішкі істер министрлігі цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алу жұмыстарын күшейтуге міндеттелді. Оқу-ағарту министрлігі жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізу жұмысын жалғастырады.

Олжас Бектенов Президенттің бағдарламалық сұхбаты таяу кезеңге арналған нақты мақсат-міндеттерді айқындап бергенін атап өтті. Барлық орталық пен жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар бұл міндеттерді іске асыру үшін нәтижеге бағытталған жұмыс істеуі керек. «Есеп пен презентацияға емес, нақты іске көшейік. Нәтиже болмаса, қалғанының бәрі – бос сөз», деді О.Бектенов.

Отырыста 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде өт­кізу мәселесіне айрықша назар ауда­рыл­ды. Премьер-министрдің айтуынша, бас­ты мақсат – озық технологияларды енгізу ар­қылы халықтың тұрмыс сапасын жақ­сарту. Цифрлық өнімдердің нақты пайда­сын әрбір азамат күнделікті өмірде сезінуге тиіс.

Елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылып отыр. Бұл бағытта еліміз цифрлық шешімдер мен қызметтерді жасап қана қоймай, оларды экспорттай алатын жетекші елдердің қатарына қосылуға ұмтылуы қажет. Былтыр цифрландыру мен жасанды интеллект саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылды, заңнамалық база қалыптасты, есептеу қуаттары қамтамасыз етілді, alem.ai ұлттық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Отандық IT-қызметтер экспорты шамамен 1 млрд долларға жетті.

Бұған қоса Үкімет басшысы практи­калық қолдануға дайын цифрлық шешімдердің жетіспейтінін сынға алды. Жаңа технологиялар прототип деңгейінде қалып қоймай, нақты өмірге енгізілуге тиіс. Ескірген бизнес-үдеріс­терден арылып, құрылыс саласында BIM-модельдерді, өндірісте роботтандыруды, ауыл шаруашылығында серпінді IT-шешімдерді кеңінен енгізу қажет.

Жасанды интеллектінің дамуы алаяқ­тықтың жаңа түрлерін де туындататынын ескерген Олжас Бектенов Ішкі істер және Жасанды интеллект министрліктеріне осындай қатерлерді тиімді анықтайтын тетіктер әзірлеуді тапсырды. Қоғамның цифрлық шешімдерге деген сенімін нығайту үшін тұрақты әрі проактивті жұмыс жүргізу маңызды.

Цифрландыру жылын табысты өткізу үшін кәсіби қауымдастық пен халықты кеңінен тарту қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект министрлігіне қаңтар айының соңына дейін жылдық іс-шаралар жоспарын бекіту мен «Digital Qazaqstan» стратегиясын жедел әзірлеу тапсырылды. Бұған қоса қабылданған Цифрлық кодексті іске асыру аясында заңға тәуелді барлық құқықтық актілерді сәйкестікке келтіру және қоғамға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуге тиіс.

Премьер-министр жасанды интел­лектіні мемлекеттік секторда енгізу формалды автоматтандырумен шектелмей, басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауға алып келуі керектігін айтты. Мемлекеттік функцияларды орындаудың тиімді модельдеріне көшу, бюрократияны қысқарту – басты мақсат. Бұл бағыттағы үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді. Оның айтуынгша, 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты.

«Президент азаматтардың цифр­лық қызметтерге тең қолжетім­ділігін қам­та­масыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде алдағы екі жыл­да 3 мыңнан астам ауыл интернет­ке тал­шықты-оптикалық байланыс желі­лері арқылы қосылатын болады», деді ол.

Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрінің айтуынша, бүгінде 5G желісі еліміздің 20 қаласында қолжетімді екен. Осы жылы базалық стансаларды орнату жұмыстары әрі қарай жалғасуға тиіс. «Осы қалалар аумағының 75%-на дейін қамту мақсатында жаңа 5G база­лық стансаларын орнату жұмыстары жалғастырылады. Сондай-ақ автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жос­парланып отыр», деді Ж.Мәдиев. 

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15