Технология • 06 Қаңтар, 2026

Smart City: Алматы цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне дайындықты бастады

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қалалық басқару жүйесінде және мегаполистің тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі салаларда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Smart City: Алматы цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне дайындықты бастады

Кеңес барысында Алматыда қалалық басқарудағы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері талқыланып, сервистерді цифрландыру міндеттері айқындалды.

Қала басшысының айтуынша, талқыланған бастамалар Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жылы аясында жүзеге асырылады және қаланың әрі тұрғындардың нақты қажеттілігіне бағытталған қолданбалы сипатта болуға тиіс. Цифрлық трансформацияның басым бағыттарын талқылай келе кеңес қатысушылары тұрғындар үшін электрондық сервистерді дамыту, әкімдіктің ішкі үдерістерін цифрландыру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және қоғамдық қауіпсіздік салаларына, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне зияткерлік шешімдерді енгізу мәселелерінің маңызды екенін атап өтті.

6

Алматы әкімі цифрландыру қалалық қызметтердің сапасын арттыруға, басқарушылық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұрғындар үшін қолайлылықты күшейтуге тікелей әсер етуге тиіс екенін әрі деректермен жүйелі жұмыс жүргізу мен цифрлық шешімдерді белсенді енгізу осы мақсаттарға қол жеткізудің негізгі шарттары екенін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша қала басшысы  2026-2030 жылдарға арналған Smart City стратегиясы мен цифрлық трансформация жол картасында көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, электрондық сервистер мен азаматтардың өтініштерін өңдеу жүйесіне жасанды интеллект шешімдерін енгізуді жеделдетуді, сондай-ақ басты салалардағы цифрлық жобаларды іске асыру кезінде қалалық қызметтер арасындағы үйлестіруді күшейтуді тапсырды.

Осы орайда Дархан Сатыбалды қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерге цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиясын енгізу барысымен танысып, негізгі кәсіпорындардың диспетчерлік қызметінің жұмысын тексерді. Қазіргі кезде қалада инженерлік желілердің сенімділігін арттыру үшін цифрлық мониторинг жүйелері енгізіліп жатыр. Сумен жабдықтау, жылумен қамту және электр энергетикасы салаларындағы кәсіпорындардың диспетчерлік қызметінің жұмысымен, сондай-ақ қаланың инженерлік инфрақұрылымын басқаруда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу барысымен танысқан қала әкімі «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының диспетчерлік қызметіне келді. Мұнда су құбыры және кәріз желілері онлайн режімде бақыланады. Қысым деңгейін қадағалауды және апаттық бригадалардың жұмысын жедел үйлестіруді қамтамасыз ететін орталықтандырылған басқару жүйесі бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Бұл тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және нақты деректерге сүйене отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

6

Келесі нысан — «Алматы жылу жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диспетчерлік қызметі. Мұнда қаланы жылумен қамтуды орталықтандырылған басқару жүйесі жұмыс істеп тұр. Аталған жүйе нақты уақыт режімінде желілердің жұмыс параметрлерін қадағалап, жүктемені талдайды және мәселелі аумақтарды жедел оқшаулауға мүмкіндік береді. Цифрлық платформаларды пайдалану жылумен қамту жүйесін неғұрлым дәл әрі болжамды басқаруға негіз болады. Сондай-ақ «Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамының орталықтандырылған бақылау пунктінде де жасанды интеллект элементтері қолданылатын жаңғыртылған бейнебақылау жүйесі енгізілген. Өндірістік нысандарда 1,5 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, олар еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, өртке қарсы талаптар мен еңбек тәртібінің сақталуын бақылау үшін пайдаланылады.

Бейнеталдау жүйесін қолдану құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға, адами фактордың әсерін азайтуға және орталықтандырылған бақылау пункті арқылы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын мәліметінше, былтыр маусым-тамыз айлары аралығында өндірістегі құқықбұзушылықтар саны шамамен 66 пайызға қысқарған. Бұл енгізілген цифрлық шешімдердің практикалық тиімділігін растайды.

Сонымен қатар бірқатар нысанда үдерістердің ашықтығын арттыруға бағытталған автоматтандырылған есепке алу жүйелері енгізілген.

Қорытындылай келе, әкім қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерге цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиясын енгізу нақты нәтижеге — негізгі инженерлік нысандардың қауіпсіздігін, сенімділігін және тұрақтылығын арттыруға бағытталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, тиімді шешімдер кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады.

Соңғы жаңалықтар