Жоба • 06 Қаңтар, 2026

Стоматология жұмысын жүйелеген

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Digital Business» пен «Astana Hub» бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында жаңа буын компаниялар таныстырылып жатыр. Сондағы ерекше көзге түскен жобаның бірі – «MacDent». Бұл – стоматологиялық клиникаларға арналған аналитика, пациенттермен жұмыс және толыққанды басқару жүйесін ұсынатын платформа.

Стоматология жұмысын жүйелеген

Жобаны Өскемен қаласы­ның тумасы, IT-саласында тәжірибесі бар Мақпал Орақ­қызы декрет демалысы кезінде бастаған.

Стоматологиядағы күнде­лікті жұмыс көбіне қолмен жүр­гізілетін кестелерге, әртүрлі мессенджердегі шашыраң­қы өтінімдерге және толық жүйе­­ленбеген медициналық карталарға тәуелді. Мұндай ша­­шы­раңқылық клиника табысына, пациенттің қайта келуіне және маркетинг тиімділігіне тікелей әсер етеді. «MacDent» осы олқылықтың орнын бір жүйеден басқарылатын цифр­лық экожүйе арқылы толтыруды мақсат еткен.

Платформа арқылы пациент онлайн жазыла алады, ұсынылған ем-шаралар бақы­лауда болады, келесі қабыл­дауды еске салу функциясы іске қосылған. Сондай-ақ клиника иесі әлеуметтік желідегі жарнаманың тиімділігін, қар­жы­лық көрсеткіштерді және пациенттердің пікірін талдай алады.

«MacDent» «Astana Hub» акселерациясына идея түрінде келіп, қысқа уақыт ішінде MVP жасады. Түсіндіре кетейік, MVP (Minimum Viable Product) – жобаның нарыққа шығуға дайын ең алғашқы, ең ықшам нұсқасы. Яғни стартап командасы идеяның өміршеңдігін тексеру үшін ең қажетті функцияларды ғана жинақтап, оны нақты клиенттерге көрсетеді. Осы арқылы стоматология­лық клиникалардан алғашқы кері бай­ланыс алып, өнімнің қай тұсын жетілдіру керегін анықтайды.

Аталған платформаның игі­лігін елімізде 1 800-ден ас­там сто­матология көріп отыр. Стар­тап сонымен қатар Өзбек­стан, Қыр­ғызстан және Ресей нары­ғында да бар. Жоба жетек­шісі «Ішкі нарықта 25% үлеске жетеміз» деген мақсат қойып отыр. Мақпал Ораққызының айтуынша, сто­ма­то­логияда ең қиын мәселе – дерек­тің әр жерде шашырап жүруі.

«Пациенттің жазылуы бір жерде, ем жоспары екінші жерде, төлем мен жарнама есебі үшінші жерде қалып қояды. Соның салдарынан клиника уақыт та жоғалтады, ақша да жоғал­тады, ең бастысы – пациентпен байланыс әлсірейді. Ал біздің стартап мақсаты – осы үдерісті бір жүйеге жинап, дәрі­гер мен әкімшіге күнделікті жұ­мыс­ты жеңілдету, ал клиника ие­сіне нақты цифр арқылы басқа­руға мүмкіндік беру», дейді ол.

Бүгінде «MacDent» стоматология саласындағы мыңдаған клиниканың жұмысын бір арнаға тоғыстырып, әкімшілік үдерісті жеңілдеткен бірден-бір стартап. Сондықтан «MacDent» секілді цифрлық шешім­дер стоматологиядағы «қағазбас­тылықты» қысқартып қана қой­май, клиниканы дерекке сүйе­ніп басқару мәдениетін қалып­тастырып, саланың жаңа даму деңгейіне жол ашпақ.

Соңғы жаңалықтар