– Біз бұл байқауды бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Осы іс-шара аясында көптеген команда үшін инвестор және нарық сарапшыларымен алғашқы диалог бастауға мүмкіндік берілді. Бір жағынан, 2025 жылы стартаптар тарапынан қызығушылық өте жоғары болды. Оған 132 өтінім келіп түсті. Ал финалға мықты технологиялық жобалар ұсынылды. «Astana Hub» – кәсіпкерлік экожүйені жүйелі дамытып, стартаптарға білім беру, инкубация және акселерация бағдарламаларын халықаралық деңгейде танытуға жол ашады. Біздің міндетіз – болашағы мол технологиялық шешімдердің жаһандық нарыққа шығуына қолайлы жағдай жасау, – деді «Astana Hub» басқарушы директоры Валерия Тё.
Сонымен «Pizza Pitch- 2025» байқауының жеңімпазы «CortexAI» стартапы атанды. Жоба – биостатистика мен биоматематикаға негізделген. Бұл донорлық бүйректі іріктеуге және трансплантаттың қабылданбай қалу қаупін болжауға арналған жасанды интеллект шешімі. Сондай-ақ клиникалық шешімнің дәлдігін арттырып, трансплантологиядағы медициналық көмектің сапасын жақсартады. Ал екінші орынды – «BEST Vision Technologies» стартапы иеленді. Мұнда AI-ассистенттер мен LLM-технологиясын қолдана отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына арналған бағдарламалық қамтамасыз ету мен «ақылды» каскалар шығарады. Үшінші орын «Repetino» платформасына бұйырды. Бұл репетиторларды іздеуге және жеке онлайн сабақтарды таңдауға арналған қызмет. Платформа «TikTok» форматындағы бейнежазбалар арқылы оқытушыны жылдам таңдап береді.
Сонымен қатар финалға «AI-target 7s», «OcuWave», «qMedAI», «YerAI Mentor», «Project I Barsum», «Flyhunt.ai», «Zhancare» және «Argos» стартаптары да қатысты. Олар ЖИ, медицина, білім беру, рекрутинг, энергетика және қызметтерді цифрландыру саласындағы шешімдерін ұсынып, өзекті салалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын қорғады.
Іс-шара соңында барлық жеңімпаз бен қатысушылар серіктестер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Азамат ҚҰСАЙЫН