Ғылым • 06 Қаңтар, 2026

Есеп. Естелік. Ереже

160 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күнтізбе парағы ауысқанда әркім жаңа жылды өз танымымен қарсы алады. Бірі жақындарына хабарласып алғыс айтады, бірі балалық шақтағы сәулелі сәттерін еске алады, енді бірі өткенге ой жүгіртіп, болашаққа жос­пар құрады. Ал білім мен ғылым саласының өкілдері үшін жыл ауысуының мәні қандай, жаңа жыл қарсаңында олар кімге тілек айтып, жастарға қандай бағыт-бағдар ұсынады? Мереке кезінде ректор, университет деканы, ғылыми кеңесші және білім саласындағы кәсіпкердің жаңа жыл ­туралы ой-толғамы мен ақжарма тілегін ұсынып отырмыз.

Есеп. Естелік. Ереже

Лаура Қарабасова,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры:

– 31 желтоқсан күні кәсіби жолымда тәлімгер болған, ұстаздық еткен жандарға міндетті түрде хабарласып, ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ күнделікті қарбаласта жиі хабарласа бер­мейтін, бірақ өмірімде орны бөлек адамдарға жылы лебіз айту маңызды деп санаймын. Доста­рымды да құттықтаймын. Соңғы жылдары қоңыраудан гөрі хабарлама жазуды жөн көремін.

Мен – білім саласының өкілімін. Бүгінгі таңда салаға сапалы зерттеушілер аса қажет. Елдегі өзгерістер мен білім саласындағы шешімдерге зерттеу арқылы үлкен үлес қосуға болады. Жас мамандарға үздіксіз ізденуді тоқтатпауға, кәсіби жауапкершілікті арттыруға және өзгерістерге бейім болуға кеңес берер едім. Әр саланы үстірт меңгергеннен гөрі, бір бағытты терең игеру маңызды. Қазіргі заманда біліммен қатар адамгершілік ұстаным, ашық ойлау және командалық жұмыс та үлкен рөл атқарады.

 

 серікзат

Серікзат Дүйсенғазы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы:

– Бала күнімізде мектеп спорт залында өтетін жаңа жыл кеші қы­зық болатын. Аяз атаға шынымен сенетінбіз. Есімде ерекше қалған сәт – бастауышта бізге Аяз ата болған кісінің, концерт аяқталған соң көз алдымда сақал-мұртын сыпырып, костюмін шешіп тастағаны. Сөйтсек, Аяз ата деп жүргеніміз – мектептегі Мақсат деген жігіт екен. Кейін өзімнің де төменгі сынып оқушыларына арналған жаңа жылдық кештерге Аяз ата кейпінде кіріп, балаларға кәмпит таратып шыққаным бар.

Қазір жаңа жылды күнтізбедегі жыл ауысуы ретінде қабыл­даймыз. Жылдың жаңаруы – бүкіл әлемге ортақ құбылыс. Әдетте балаларды қалаға алып шығып, безендірілген көшелерді, түрлі-түсті шамдарды көрсетіп, серуендеп қайтамыз.

 

арай

Арай Ілиясова-Шенфельд,

PhD, Назарбаев университеті, NAC, ғылыми кеңесші:

– Жаңа жылда жаңа дағдыны игеру маңызды. Өз саламдағы жастарға айтар кеңесім, ешқашан ізденуден жалықпаңдар. Қазіргі жасанды интеллект (AI) дамыған заманда тоқтап қалуға болмайды. Үнемі білімді жетілдіріп, біліктілікті арттырып отыру қажет. Тек қана үздіксіз оқу мен жаңа технологияларды меңгеру арқылы ғана биік белестерді бағындыруға болады.

Жаңа жылға қатысты бала кездегі мына бір оқиға ойға оралып тұр. Алматыда тұрған кезіміз. Мен Аяз атаға өте ұзақ сендім. Бір жылы: «Осы жолы ұйықтамай, шыршаның жанында отырып, Аяз атаны міндетті түрде көремін», деп өз-өзіме уәде бердім. Таң атқанша күтіп отырдым, бірақ бір уақытта сыртқа шығып келсем – шыршаның астында сыйлық тұр. Мен жоқ болған санаулы минутта Аяз ата келіп кеткеніне қатты ренжігенім есімде. Қазір түсінсем, бұл ата-анамыздың бізге сыйлаған ғажайып ертегісі екен. Балалардың ертегіге сеніп, ғажайыптарды күтіп ұзақ өмір сүргенін қалаймын.

 

 ырым

Ырысбек Мәуіт,

«ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталық­тары мен мектептер желісінің негізін қалаушы:

– Біз бұл уақытты өз-өзімізге есеп бе­ріп, ой таразылауға арнаймыз. Отбасы­мыз­бен бірге өткен жылды қорытын­ды­лап, алдағы жылға мақсат-міндеті­мізді айқындаймыз. Қысқасы, біз үшін жаңа жыл – жарқ-жұрқ еткен думаннан гөрі, тыныштық пен тәртіпке, ой мен жос­парға негізделген, күнделікті тіршіліктің таби­ғи жалғасы. Қазіргі жастардың көбі бір­ден, тез нәтижеге жетуді қалайды. Алайда мен әрдайым жылдам табысқа емес, терең білімге, тұрақты әрі табанды еңбекке бет бұру керек екенін айтамын. Бір сәттік шабытпен жасалған қарқынды әрекет ұзаққа бармайды. Бүгін қызу кірісіп, ертең тоқтап қалу – нәтиже бермейтін жол. Ал тұрақтылық пен жүйелі еңбек қана шынайы жетістікке жеткізеді. Бір кездесуде оқушылар маған: «Ең жақсы көретін формулаңыз қайсы?» деп сұрады. Сол кезде мен «S = V × T» формуласын атадым. Яғни арақашықтық – жылдамдық пен уақыттың көбейтіндісі. Бұл – физикадағы формула ғана емес, өмірдегі жетістікке жетудің де үлгісі. Адамның жасы қаншалықты жас болса, соған сай уақыты да көп болады, демек мүмкіндігі де мол. Мұндағы жылдамдық – бұл еңбек өнімділігі. Ал өнімділік дегеніміз бір күндік қарқын емес, үздіксіз әрі нәтижелі жұмыс. Сондықтан осы формула – мен үшін тек ғылымдағы емес, өмірлік қағидатқа айналған тұжырым. 

Соңғы жаңалықтар