Қоғам • 06 Қаңтар, 2026

Математиктің рухани беделі

150 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз естияр кезімізден бастап ұстаздың, тәлімгердің ұжымдағы, қоғамдағы орнын сезініп, соларға қарап бой түзейміз. Кейін мамандық алып, оқытушы­ларымыздың ғылымдағы мәртебесін, жан дүниесін білген соң, көбіне құрметіміз артады.

Математиктің рухани беделі

Сондай абыройлы ұстаздың бірі – отандық және әлемдік математика қауымдастығы­на танымал тұлға, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нұржан Боқаев. Жыл басы – ол кісінің өзінің де, қалыптастырған ғылыми мек­тебінің де мерейлі кезеңі.

Профессор Н.Боқаев десе, ізденіс пен табандылық, біліктілік пен адамгершілік, ғылым мен руханият үйлесімі еске түседі.

Нұржан Әділханұлы – Қостанай облысы Қарабалық ауданы қарапайым Өрнек ауылының тумасы. Ата-анасы мен ұстаздарының жақсы тәрбиесі болар, жасынан математика пәнінен жүйрік болып өсті. Басқа пәндерді де жетік меңгерді. Тастыөзек сегізжылдық мектебін үздік, Бөрлі орта мектебін алтын медальмен тәмамдауы – соның айғағы. Ол мектепке математикадан сабақ берген Асылбек Өтешев, Сейтқали Хамзин, Мырзағали Қарсақбаев сынды ұстаздарын әр кез құрметпен еске алып отырады.

Сәтін салып, Қарағанды мемлекет­тік университетінің математика факуль­тетінде оқиды. Студенттік кезде-ақ ғылымға бейімділігімен көзге түсті, сол уақыттың үздік деңгейі «лениндік стипендиант» атанды. ҚарМУ-дың талантты математик-ұстаздары Е.Смаилов, Т.Мұстафин, А.Игіліков, Т.Сматов, Н.Әлмұханбетов бағалайтын жас талап болып, оқуын «қызыл дипломмен» бітірді. 80-жылдары алғаш М.Ломоносов атындағы ММУ-дың функциялар теориясы және функционалдық талдау кафедрасында тағылымдамадан өтіп, кейін осы кафедраның аспирантурасында білім алды. Бұл кезең Нұржан Әділханұлы ғылыми дүниетанымы­ның қалыптасуына, әлемдік деңгейдегі математикалық мектептің терең дәстүрін меңгеруіне зор ықпал етті. 1985 жылы әлемге әйгілі университетте кандидат­тық диссертациясын сәтті қорғап, туған жеріне мол дайындықпен оралды. Ал 1996 жылы докторлық диссертация қорғауы – ғылыми кемелдік биік белесі-тін. Ол жалпыланған Уолш және Хаар жүйе­лері бойынша Фурье коэффициенттері мен бірегейлік теоремалары сияқты күр­­делі де терең мәселелерді зерттеді. Ғылыми кеңесшілері КСРО Ғылым ака­­де­­миясының корреспондент-мү­шесі Д.Меньшов пен профессор В.Сквор­цов еңбектерін сәтімен жалғастырды.

Нұржан Әділханұлының еңбек жолының елеулі бөлігі Қарағанды мем­лекеттік университетімен байланысты. Ол мұнда математика факультетінің оқытушысынан деканы дейін өсті. Білім сапасын арттыруға, жас мамандар мен ғылыми ортаны дамытуға айрықша үлес қосты. Математикалық анализ маман­­дығынан диссертациялық кеңес ұйым­дастырып, біршама жастарды ғылым жо­лына салды. Математика бо­йынша Қара­­ғанды университетінің «Хабаршысы» жур­налын ашуға септесіп, бүгінгі әлемдік рейтингтегі жоғары көрсет­кішіне негіз қалады.

2005 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшы­лығының шақырумен Астанаға қоныс аударды. Мұнда профессор, кафедра меңгерушісі ретінде еліміздің елорда математика мектебінің дамуына еңбек сіңірді. 2018 жылдан Іргелі математика кафедрасының профессоры ретінде жас ғалымдар мен докторанттарға бағыт-бағдар беріп келеді.

Профессор Н.Боқаев – функциялар теориясы, функционалдық кеңіс­тіктер­дегі операторлар теориясы, ортогоналды қатарлар, гармоникалық талдау салаларынан еліміздің көрнекті ғалымы. Ол 220-дан астам ғылыми еңбек­тің, соның ішінде екі оқу құралы мен қос монография­ның авторы. Таңдаулы мақалалары «Web of Science» пен «Scopus» базасына енген беделді журнал­дарда жарық көріп, халықаралық ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланды. Германия, Италия, Чехия, Ресей, Түркия ғалымдарымен бірлескен еңбектері, халық­аралық кон­­­ференциялар мен конгрестердегі ­баян­­­дамалары ғалымның абыройын көтерді.

Нұржан Әділханұлының үміті мен сенімі – шәкірттері. Оның жетекшілігімен 15 диссертация қорғалды, оның ішінде 4 ғылым кандидаты мен 11 PhD маманы­ның зерттеуі бар. Бұл еңбектер отандық функционалдық талдау мен операторлар теориясы дамуының бүгінгі ізденісін көрсетеді. Алдағы уақытта да бұл бағыт сәтімен жалғасады деп ойлаймыз.

Ұстазымыз ғылыммен қатар қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласады. Ол – Түркітілдес елдердің матема­тикалық қоғамының вице-президенті. 2017 жылы Астанада өткен Түркі әлемі математиктерінің VI конгресін ұйым­дастыру комитетінің төрағасы ретін­де әлемдік ауқымдағы ғылыми шараны жоғары деңгейде өткізді. Конгреске 100-ден астам шетелдік ғалым қатысты.

Ғалым-профессордың жұмысы жүр­гізген курсының сапасымен, біліктілігімен бағаланады. Нұржан Әділханұлы – үш мәрте «ЖОО-ның үздік оқытушысы». Министрліктің құрмет грамоталарымен, «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Профессор Н.Боқаев – жан-жақты тұлға. Домбыра да тартады, ән де айта­ды, сыршыл өлең де шығарады. Бұл – та­лай шешен мен көсем, ақын мен әнші шық­қан туған топырақтың әсері. Сондай-ақ көрем шығарма оқу мен театрдағы сахна­лық қойылымдарды көріп, рухани өсудің нәтижесі. Иә, әлемдік ұлы мате­ма­тиктердің көбі өлең жазған. Мұны фило­софиялық туындылар деген дұрыс шығар.

Маржан күй, асыл ойлар тоқтала ма,

Көңілге көрікті жан жат бола ма?

Бұлдыр бақ, арзан атақ, арзан күлкі,

Кеудеде сәуле болып сақтала ма?.. – деп ой тастайды ғалым. Немесе:

Өмірдің шындығынан түңілмеген,

Тағдырдың тәлкегінен бүгілмеген.

Қажымас қайратыңнан қуат алам,

Саналы жасқа келіп бүгінде мен, – дейді ол аға буын өкіліне.

Профессор Нұржан Әділханұлы «зиялы азамат кәсібіне қарамай рухани бай болуы керек» деп есептейді. Өзі Абай, Омар Хайям, Тагор, Гете поэзия жинақтарын, М.Әуезов, Л.Толстой, С.Моэм, Д.Лондон прозасын жата-жастана оқы­ған. Өлең мен қарасөзді талдап-талқылауға да білігі, талғамы жетеді. Әріптестері ортасында Құрманғазының «Балбырауыны» мен «Сарыарқасын», Ахмет Жұбановтың «Би күйін» нақышына келтіріп домбырамен орындағанда, өзгеше бір әлемге енгендей боласыз. Ұстазымыз спортқа да жақын: ол – үстел теннисі мен шахмат­тан механика-математика факультетінің капитаны. Биыл бильярдтан өткен жыл қоры­тындысы ойынында 1-орынды жеңіп алды. Профессор Нұржан Әділ­ханұлы әрқашан ізденіс үстінде. Жас оқыту­шыларға үлгі көрсетіп, докторанттарға ағылшын тілінде элективті курстар оқып жүргені – соның айғағы.

Иә, біз дәстүр мен жаңашылдықты тең ұстанған ұстазымызбен мақтана­­мыз. «Нағыз ғалымның жауапкершілігі сө­зін­ен де, ісінен де көрінеді» деген баға дәл Нұржан Әділханұлына арналғандай. Мате­матика ғылымындағы биік белесі мен рухани беделі жастарға да жұғысты болғай.

 

Дәурен МӘТИН,

Гүлден ҚАРШЫҒИНА,

қауымдастырылған профессорлар

Соңғы жаңалықтар