Фото: istockphoto.com
Қаржылық сауат күшейді ме, әлде алдау тәсілі өзгерді ме?
Елімізде интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанымен, бұл қылмыс түрі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. FinGramota медиапорталы ұйымдастырған әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі азаматтардың сақтығы артқанын көрсетеді. 2025 жылы сауалнамаға қатысқандардың 62,9%-ы бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарын алаяқтық немесе қаржы пирамидасы ретінде бірден тани алатынын айтқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 50,6% болған.
Алаяқтықты сезген сәтте азаматтардың 41%-ы телефон немесе онлайн байланысын дереу үзген. Ал құқық қорғау органдарына жүгінгендердің үлесі небәрі 20,7%-ды құраған. Қалғандары түрлі себеппен арыз жазбаған.
Зерттеуге еліміздің әр өңірінен 5 мыңға жуық ересек тұрғын қатысқан. Көпжылдық салыстыру нәтижесі интернет немесе телефон арқылы алдау әрекетіне тап болғандар санының азайғанын аңғартады. 2023 жылы мұндай жағдайға кезіккендердің үлесі 77,6% болса, 2024 жылы 50,6%-ға, ал 2025 жылы 29,1%-ға дейін төмендеген. Алайда 18-21 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш әлі де жоғары – 47,9%.
Қоңырау ма, хабарлама ма: Алаяқтар қай тәсілді көбірек қолданады?
Сарапшылар бұл өзгерісті құқық қорғау органдары, мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар жүргізіп отырған алдын алу шараларының нәтижесі деп бағалайды. Дегенмен интернет-алаяқтықтың жалпы саны азаймай отыр. Finprom.kz мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында интернет-алаяқтыққа қатысты 26,3 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,3%-ға көп және 2019 жылғы көрсеткіштен 3,4 есе жоғары.
Ресми деректерге сүйенсек, ең жиі қолданылатын әдістер – телефон арқылы алдау және банк немесе құқық қорғау органдары атынан жолданатын жалған SMS-хабарламалар. Мұндай қылмыстар барлық интернет-алаяқтықтың 23,5%-ын құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 2,2 есе артқан. Екінші орында – шын мәнінде жоқ тауарлар мен қызметтерді сату (20,3%). Ал фишинг ресми статистика бойынша үшінші орынға шыққан – 18,5%.
Жасанды интеллект қылмыскердің құралына айналды ма, ал жауапкершілік кімге жүктеледі?
Киберқылмыскерлер соңғы уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалана бастады. Олар жақын адамның дауысын көшіріп, deepfake-қоңыраулар арқылы сенімге кіреді, ұзақ уақытқа созылатын психологиялық қысым көрсетеді. Осындай көпсатылы әрекеттер нәтижесінде жәбірленушілер бар жиған-тергенінен айырылып жатады. Сонымен қатар балаларды дроппер ретінде тарту, ізі анықталмайтын нөмірлерді қолдану секілді тәсілдер де кең тараған.
Соңғы кезде кең танылған «Құпия Санта» ойыны да алаяқтық құралына айналды. Қылмыскерлер жеңіл табысқа қызықтырған азаматтарға ірі көлемде ақша түсіріп, оның бір бөлігін өзінде қалдыруға, қалғанын басқа есепшотқа аударуға көндіреді. Осылайша адамдар өздері аңғармай қылмыстық тізбектің бір бөлігіне айналады.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап дропперлік үшін Қылмыстық кодекске жеке бап енгізіліп, жаза көлемі жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Мамандар интернет арқылы жасалатын кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарауға, бөгде адамдардың нұсқауымен қаржылық операция жасамауға және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.