Фото: Ашық дереккөз
«Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, ал былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өскенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткішті одан да арттыруға мүмкіндік болған.
Президент егін шаруашылығындағы нәтижелердің жақсы екенін айтты.
«Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі», деді Мемлекет басшысы.
Алайда басқа бағыттарда, әсіресе мал шаруашылығында жұмысты күшейту қажет.
«Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды», деді Президент.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін инвестиция көлемінен бөлек, оның тиімді жұмсалуына назар аудару қажет екенін айтты. Бұл мәселені ол жуырда Таразға барған сапарында да көтерген.
Президенттің сөзінше, іргелес елдердің ешқайсысында ауыл шаруашылығына Қазақстандағыдай ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетілмейді.
«Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріптестеріне жасалған жағдайға таңғалып, оларды «аграрлық олигархтар» деп атай бастады. Дегенмен, еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр, Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент субсидиялардың қажетті екенін, әсіресе қазіргі кезеңде маңызды екенін атап өтті. Алайда олардың кері әсері де бар екенін ескертті.
«Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қатым-қатынас орнатуға жол ашады», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, кооперация еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін күшейтеді, сондай-ақ өнімді өткізу нарықтарына жақындауға мүмкіндік береді.
«Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс.
Бірақ кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», деді Президент.