Фото: Ақорда
«Turkistan» газетінің бас редакторы кейбіреулер Президенттің салмақ тастап, сергек көріне бастағанын, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүргеніне назар аудара отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан денсаулығы туралы ашық сұрады.
«Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Бабажанұлының сауалына жауап бере отырып, ТМД елдеріндегі әріптестерінің ішінде тағы кімдердің спортқа жақын екенін айтты.
«Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында», деді Президент.
Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Онда ол көлік және логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен кездесулері бейресми сипатқа ие екенін айтты. Сондай-ақ Президент соңғы жылдары тарихты талқылау сәнге айналғанын сөз етті. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатқанынан хабардар екенін жеткізді.