Фото: istockphoto.com
Президенттің айтуынша, жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы – цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу.
«Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.
Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ», деді Мемлекет басшысы.
Айта кетерлігі Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес.
«Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды», деді Президент.
Сұхбат барысында жасанды интеллектіні институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесіне де тоқталды. Былтыр мамырда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастаған. Қараша айында «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылып, ол жақын уақытта күшіне енеді. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Президенттің айтуынша, елімізде Alem.Cloud және Al-Farabium атты екі суперкомпьютер іске қосылған. Астана қаласы әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі компаниясымен бірлесіп, дербес цифрлық платформа әзірлеген.
Кадр даярлау мәселесі де басты назарда.
«650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Алдағы уақытта Жасанды интеллектіге мамандандырылған зерттеу университеті ашылады», деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллектіні ел дамуының шешуші факторы деп атады.
«Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.