Фото: yandex.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу барысында құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеген. Бірқатар қоғамдық комиссиялар құрылып, оларға беделді заңгерлер жетекшілік еткен. Бұл тергеудің бейтарап әрі әділ жүргізілуіне мүмкіндік берген.
«Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді», деді Мемлекет басшысы.
Президент 2022 жылғы наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, Қаңтар оқиғасына және елдің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған әрекеттерге жан-жақты баға берілгенін еске салды.
«Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қаңтар оқиғасын талқылау кезінде оның түпкі себептері мен ауқымын түсінудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тәртіпсіздік бір ғана қалада емес, бір мезетте он екі қалада ұйымдастырылған. Нәтижесінде облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттары басып алынып, мемлекет үшін аса қауіпті жағдай қалыптасты.
«Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сол кезеңде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары кәсіби әлсіздік танытып, Отан алдындағы жауапкершілігін сақтай алмағанын да атап өтті.
Әсіресе Алматы қаласында жағдайдың аса күрделі болғанын айтқан Президент әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындардың жапа шеккенін, әкімшілік ғимараттар мен бизнес нысандарының қирап, тоналғанын жеткізді. Осындай жағдайда төтенше шаралар қабылдау қажеттігі туындаған.